Basty bet
Шаңырағына шаттық ұялаған отбасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы күніне орай құттықтауында негізгі құндылықтарға тоқталып: «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан, мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды» деп атап өткен болатын.
Президенттің отбасы құндылығына мән беруі бекер емес. Бүтін шаңырақ – мемлекеттің алтын тірегі. Елде әр әулеттің беріктігіне жол ашатын бірқатар шаруалар жүзеге асырылуда. Бәсекеге қабілетті ұлт, білімді ұрпақ, бақытты отбасы жағдайларын қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесінде талай игі істерді жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп отыр. Себебі, отбасы құндылықтары – басты қазына. Бұл – халықтың тарихпен бірге сабақтасып келе жатқан отбасылық дәстүрі, этикасы мен мәдениеті.
Осы тұста ауыл-аймақта берекесі мен бірлігі жарасқан өнегелі әулеттің үлгісін көрсетіп отырған отбасылар баршылық. Мұндай қасиет көбіне қара шаңыраққа тән. Қазақта қара шаңырақты киелі санаған. Оны «үлкен үй» деп те ерекше құрметтейді. Сол қара шаңырақтың түпкі мәні не дегенге келсек, ол – содан тараған барлық отбасы, ағайын ынтымағы, ата-баба салтын сақтауы және ауыл бірлігін арттыруы болып саналады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де қара шаңырақтың түтінін өшірмей, бас иесі болып отырған жандар. Яғни, ауылына сыйлы Қойбақовтар отбасы жайында сөз қозғамақпыз.
Қасиетті қара шаңырақтың бас иесі Пірім Қойбақов Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы тоғыз құрсақ көтерген Батыр ана. Ал кейіпкеріміз Пірім үйінің ортаншысы. Ол жары Қанайым екеуі үлкен ұлы Еркебұлан мен келіні Ақбөпемен бірге тұрады. Олар сол кісілердің бабын тауып, жағдайын жасап отыр. Бала күнінен еңбекке араласып, қара шаңырақтың қайнаған ортасында өскен Еркебұлан ауыл тіршілігін жақсы біледі.
Биыл 69 жасқа аяқ басқан Пірім Қойбақов мектепті бітіре салысымен-ақ еңбекке ерте араласқан. Еңбек жолын колхозда түрлі жұмыс істей жүріп, кейіннен шофер қызметіне ауысып, сол қызметте зейнеткерлікке шығады.
Ал Қанайым Мәденқызы жұмысы арқылы саланың дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор жан. Саналы ғұмырының 43 жылын ауданның байланыс, пошта саласының дамуына арнаған ол Қошқарата өңіріне қарасты Қызтоған ауылында туған. Шымкент қаласындағы байланыс училищесін бітірген кезден бастап әлі күнге дейін пошташы қызметінде. Ұзақ жылғы қызметтен зейнет демалысына шықса да қазір ауылдағы басылым жазушыларының газет-журналдарын уақтылы жеткізіп берумен айналысуда.
Солай еңбек етіп жүргенде 1983 жылы Пірім Қойбақовпен отау құрған. Осындағы үлкен әулеттің біріне келін болып түскен Қанайым бүгінде отбасымен қатар, селолық пошта бөлімшесіндегі жұмысын да қатар алып жүр.
Ерлі-зайыпты екеуі отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар. Бүгінде олардан 12 немере сүйіп отыр. Мәпелеп өсірген балалары сый-құрметке бөлеп отырғандарына шүкіршілік етіп, отбасылық бақыт ең басты құндылық деп біледі. Бұл – кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі болар.
Отбасындағы тұңғыш перзент Еркебұлан ауылдағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте директордың IT орынбасары болса, екінші ұл Ерлан электрик, бірақ қазіргі таңда ауылда шаруашылық ісімен айналысуда. Ал Шымкент қаласында тұратын қыздары Эсьмира биология пәнінің мұғалімі. Ол да өзге әулеттің бақ-берекесін келтіріп отырған ардақты ана.
– Жаратушының бірде ащы, бірде тәтті сыйын көріп, тең отырғанымызға да 42 жыл болыпты. Біздің тілегіміз ұрпағымыздың амандығы, елдің тыныштығы. Балаларымыз өз алдына отбасы болды, енді солардан тараған немерелердің қызығын көрсек,- дейді отанасы Қанайым бізбен әңгімесінде.
Қанайым әжей қос келініне қонақтарға қалай құрмет көрсету, қонақкәде, табақ тарту, бала тәрбиесі секілді қазақы дәстүрді бойына сіңіріп, ұрпақ сабақтастығын жалғап отыр. Осыған қарап бұл отбасында ата мен бала, келін мен ене, ата мен немере арасындағы сыйластық, өзара ілтипатты білдіретін тәрбиенің өзегі бар екенін аңғарғандаймыз.
Кейіпкерлеріміз, ұлағатты жандар Пірім мен Қанайым отбасының берекесі әрі ұйытқысы. Ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық және ұлттық-рухани дамуына өздерінің қажырлы еңбегімен қоса, азаматтық ұстанымымен мол үлесін қосып жүрген елжанды әрі табанды жандар қандай құрметке де лайықты. Олар әлі де еңбектен қол үзбей келеді. Отағасы шаруашылықтың жұмысына қолғабыс етсе, отанасы ауылда азық-түлік дүкенінің ісін жүргізіп отыр.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Отбасы – адам үшін жағымды өнеге мен мұралардың, салт-дәстүрдің сақтаушысы саналатын ең жақын әлеуметтік орта. Оның орнықты дамуын жетілдіру ата-ананың міндеті. Бүгінде осы міндет үдесінен шығып, өркенін жайған өнегелі отбасына айналған Қойбақовтар отбасы көпке үлгілі шаңырақтың біріне айналып отыр.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»