Basty bet
Нұрсұлтанның спорт мектебі
Қарап отырсам бүгінге дейін ауданда жеке кәсіпкердің демеушілігімен салынған бірде-бір спорт кешені жоқ екен. Осы жағынан кенже қалып келе жатқан салаға серпін берген Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылындағы жас спортшы Нұрсұлтан Райқұлов. Оның бұл бастамасы көпке үлгі болса игі.
Жас спортшы, әрі жас кәсіпкердің арманы ауылдағы бұқаралық спортты дамыту. Жас өскіндерді спортқа тарту. Өзі спорт саласында шынығып, түрлі халықаралық және әлем біріншіліктеріне қатысып, топ жарған, бүгінде спорт шебері атанған Нұрсұлтан спорт ғимаратын тұрғызуды арман етіп жүрген.
– Арманға жету үшін аз тер төкпедім. Жұмыспен қатар көп ізденіп, көп еңбек етуге тура келді. Бірақ бастаған ісімді соңына дейін жеткізу менің басты мақсатым болды. Сол мақсатыма жету үшін ауылдың орталығында қараусыз қалған ғимаратты аукцион арқылы сатып алып, қайта салып шықтым. Іргетасы берік, қызыл кірпіштен қаланған ғимараттың үстінен тағы бір қабатын көтеріп, екі қабатты ғимарат тұрғыздым. Бұл нысанды салуға бес жыл кетті. Бұл істе сөзімен де, ісімен де демеушілік көрсеткен азаматтар жоқ емес. Олардың қатарында ауданның бұрынғы әкімі Олжас Қаржауов, ағаларым Сейітхан Бектаев пен Кенжехан Раздықов бар. Бұл кісілерге алғысым шексіз, – дейді Нұрсұлтан.
Мұнда жүзден аса бала күрес, еркін күрес және бокспен еркін, әрі тегін айналыса алады. Спорт мектебіне 6 жастан 18 жасқа дейін балалар алынады. Жаттығу кәсіпкер тарапынан тегін жүргізіледі. Жастарға Нұрсұлтан күрестен, жұбайы Айдана Бақытқызы бокстан жаттықтырады. Отбасылы олардың екеуі де спорт шебері. Спорт саласында жеткен жетістіктері баршылық.
Білім күні қарсаңында жаңа спорт кешені салтанатты жағдайда ашылды. Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Құниязов пен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаров пен елімізге белгілі спортшылар, ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Құниязов спорт саласына өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіпкерге, оның тәрбиелеген шәкірттеріне тек жеңіс тілеп, бұл кешеннен еліміздің көкбайрағын биікке көтерер азаматтардың көп шығуына тілектес екенін айтты. Ал аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов бөлім тарапынан 10 миллион теңге бөліп, бокс залы мен күрес залын жабдықтап бергенін, соған демеушілік көрсеткенін айтып қалды.
Тілек алаңында Нұрсұлтанға Олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, елге белгілі жаттықтырушы Имантай Әбеев, кәсіпкердің аталары Зиядхан Райқұлов пен Жексенбек Мүсірепбековтер ізгі тілегін жеткізсе, ауыл ақсақалы Болатбек Қайыпбеков аталық ақ батасын берді. Осы есімдері аталған кісілер жаңа спорт мектебінің лентасын қиды. Әжелер тәттіден шашу шашты.
Ауыл тұрғыны Мәрзия Баққараева: «Ауылымыздан спорт мектебінің ашылғаны қандай жақсы болды. Енді балаларымыз бір мезгіл спортпен шұғылданып, өздерін тәрбиелейтін болады. Осындай іске бастамашы болған кәсіпкерге, спортшыға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», деп аналық алғысын білдірді.
Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»