Basty bet

Ерекше білімді қажет ететін балаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде

Қоғамның басты байлығы – адам. Әрбір баланың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта аудандық білім бөліміне қарасты психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кешенді қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне, білім алуына және толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік жасап келеді.
Аталған мекеме 2006 жылы ашылған. Жалпы мекемеде 15 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 9-маман балалармен түзету жұмысын жүргізеді. Қаратау қаласында орналасқан ПМПК мекемесінің берілген қортындысы арқылы баланың аңғарымына қарай сабақ кестесі жасалып, сол сабақ кестесі арқылы балаларды қабылдайды. Баламен жас ерекшелігі мен аңғарымына қарай сағат саны қойылып, соған қарай мамандар түзете-дамыту сабақтарын жүргізеді.
Мекеменің негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың даму ерекшеліктерін ескере отырып, олардың танымдық, тілдік, психологиялық және әлеуметтік дағдыларын дамыту. Сонымен қатар балалардың мектепке бейімделуіне, құрдастарымен еркін қарым-қатынас орнатуына және өз мүмкіндіктерін толық ашуына жасау мекеменің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Мұнда әрбір балаға жеке көзқарас қалыптастырылып, оның қабілеті мен мүмкіндігіне сай түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі.
Біз психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мекемесінің тыныс-тіршілігі туралы аталған мекеменің уақытша міндетін атқарушы Элеонора Қауынбаевамен әңгімелескен болатынбыз.
– Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, олардың танымдық, сөйлеу, эмоционалдық және әлеуметтік даму деңгейін арттыру, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Есепті кезеңде кабинетте Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жұмыстар жүргізілді. Балаларға психологиялық, логопедиялық, дефектологиялық және әлеуметтік-педагогикалық түзету көмегі көрсетілді.
Жыл бойы тәрбиеленушілерге кешенді диагностика жүргізіліп, әр балаға жеке дамыту бағдарламалары әзірленді. Мамандар түзету сабақтарын жеке және топтық форматта ұйымдастырып, баланың жас ерекшелігі мен даму деңгейіне сәйкес әдіс-тәсілдерді қолданды. Сабақтар барысында сөйлеу тілін дамыту, танымдық процестерді жетілдіру, ұсақ және жалпы моториканы дамыту, сенсорлық қабылдау, эмоционалдық тұрақтылық пен әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылды.
Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, кеңестер, тренингтер, жеке кездесулер ұйымдастырылады. Мамандар ата-аналарға үй жағдайында түзету жұмыстарын жалғастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар беріп отырады.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарымен, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациямен және денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара ынтымақтастық жүзеге асырылады.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көптеген тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігі, сөйлеу қабілеті, қарым-қатынас жасау дағдылары мен өзіне-өзі қызмет көрсету деңгейі жақсарды. Балалардың жеке даму динамикасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, оның нәтижелері тиісті құжаттарда рәсімделді.
Алдағы кезеңге қойылған негізгі міндеттер: түзету жұмыстарының сапасын арттыру; жаңа түзету-дамыту технологияларын енгізу; ата-аналармен серіктестікті нығайту; мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуіне қолайлы жағдай жасау.
Қорытындылай келе, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу. Алдағы уақытта да көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру және балалардың әлеуетін толық ашуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады,- дейді мекеме меңгерушісі.
Бүгінде түзету кабинетінде білікті мамандар қызмет атқарады. Атап айтқанда, логопед, дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және басқа да арнайы мамандар балалармен жүйелі түрде жұмыс істейді. Олар әр баланың жеке даму бағдарламасын әзірлеп, ата-аналармен тығыз байланыс орната отырып, кешенді қолдау көрсетеді.
Логопед мамандары балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзетуге бағытталған жұмыстар жүргізсе, дефектологтар танымдық қабілеттерін, есте сақтауын, ойлауын және ұсақ моторикасын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Психолог мамандары балалардың эмоционалдық жай-күйін қалыпқа келтіріп, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді. Ал емдік дене шынықтыру сабақтары балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып, дене дамуына оң әсерін тигізеді. Мұндағы әрбір баланың жетістігі – мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ең бастысы – балалардың өздеріне деген сенімі артып, қоғамда өз орнын табуға деген құлшыныс нығая түседі.
–Түзету кабинетінің қызметі тек балалармен жұмыс жасаумен шектелмейді. Мұнда ата-аналарға да жан-жақты кеңес беріліп, баланың үй жағдайындағы дамуын қолдау жолдары түсіндіріледі. Өйткені бала жетістігінің басты кепілі – отбасы мен мамандардың өзара ынтымақтастығы. Сондықтан ата-аналармен тұрақты түрде кездесулер, кеңестер мен тренингтер ұйымдастырылып, олардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріледі,-дейді Элеонора Жұмабекқызы.
Қазіргі таңда инклюзивті білім беру жүйесін дамыту – білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қоғамнан шет қалмай, қатарластарымен бірге білім алып, өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беретін ізгі бастама. Осы орайда аудандағы Түзету кабинеті инклюзивті білім беруді қолдау бағытында мектептермен және мектепке дейінгі ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, әдістемелік көмек көрсетіп келеді.
Түзету-дамыту жұмыстарының нәтижесінде көптеген балалардың сөйлеу қабілеті жақсарып, танымдық белсенділігі артып, әлеуметтік ортаға бейімделуі оң нәтижесін көрсетуде. Бұл – кәсіби мамандардың табанды еңбегі мен ата-аналардың сенімінің жемісі.
Баланың әрбір кішкентай жетістігі – үлкен қуаныш. бір сөзді анық айтуы, өз ойын еркін жеткізуі, алғашқы қадамын сенімді жасауы немесе достарымен еркін араласуы – осындай қарапайым көрінетін жетістіктердің артында мамандардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың зор үміті жатыр.
Әрбір баланың жүрегіне жол тауып, оның бойындағы мүмкіндікті аша білу – үлкен жауапкершілік пен шынайы жанашырлықты талап етеді. Аудандық білім бөліміне қарасты психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ұжымы осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Болашақ – бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан ерекше балалардың өмір сапасын жақсарту, олардың қоғамдағы орнын айқындау және жан-жақты дамуына қолдау көрсету – баршаның ортақ міндеті! Осы игі жолда аталған мекеменің атқарып отырған еңбегі зор әрі қоғам үшін маңызы ерекше. Мұндағы әрбір жетістік – баланың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам, ал әрбір баланың күлкісі – ұжым еңбегінің ең үлкен марапаты!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close