Жалпы, қазір жұмыс істеймін деген адамға жұмыс та, мүмкіншілік те өте көп. Бірақ көбінесе мемлекет ұсынған бағдарламалар мен жобалар аудан және ауыл тұрғындарына дұрыс түсіндірілмей, нағыз керек деген мамандарға қажетті ақпараттар жетпей қалып жатады. Ал мұндай маңызды іс-шаралар мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіріп, дәл сол жерде кеңес беріп, тіпті жұмыссыз азаматтардың аты-жөндерін алып қалып, жұмысқа бірден қабылдауға ыңғайлы етіп жағдай жасалған.
Жақында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында аудандық “Жастар ресурстық орталығының” және халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнiндегi ұлттық жобасына сәйкес бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және аудан жастарына арналған кеңес беру алаңы өтті.
150-ге жуық аудан тұрғыны қамтылған маңызды шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ашып, жобаның негізгі мақсаты – ауданымыздағы жұмыссыз бос жүрген халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық деңгейін азайту болып отырғанын айтты. Сондай-ақ, бұл өңір жастары үшін таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.
Ал, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаев өз сөзінде, қазір ауданымызда соңғы 6 айлық есеп бойынша 963 адам ресми түрде жұмыссыз деп тіркелгенін және жұмыссыздық деңгейі 3,7%-ті құрап отырғандығын хабарлады. Сонымен қатар, бұл ұлттық жоба аясында тек жастар ғана емес, зейнеталды жастағы адамдар, сондай-ақ 39-жасқа дейінгі кез келген адам қатыса алатындығын жеткізді.
Аудан әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығының жауапты маманы Наурызбек Тілесбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, оқуын жаңадан аяқтаған жастар “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты”, сондай-ақ “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламаларымен жұмысқа орналасуына болады. Ал зейнеталды жастағы кісілер “Күміс жас” бағдарламаларына қатыса алады. Басты шарты – жұмыссыз болу.
Бұл жолғы іс-шараға 150-ге жуық аудан тұрғыны қатысып, 100-ге жуық азамат бос жұмыс орындарына аты-жөндерін қалдырып, қалған 50-ге жуығы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алып өз деңгейінде өттім деуге болады. Бұл ретте ауданда жұмыссыздардың саны едәуір азаяды деген сеніміміз бар.
Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»