Basty bet

Қарасаздың төрінде Шәмшінің әндері шырқалды

«Ауылым – алтын бесігім!» өнер фестивалі Қарасаз ауылында жалғасын тапты. «Қазақ вальсінің каролі» атанған әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Сағынышқа айналған сазгер» атты сазды кеште Қарасаз бен Күреңбел ауылдық округінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Фестивальға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Уркумбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы мен Күреңбел ауылдық округінің әкімі Марат Жарлықасын және ауыл тұрғындары қатысты.
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінің ауласына түрлі бағыттағы көрме, яғни қолөнер туындылары мен аудандық Өлкетану музейінің көне жәдігерлерінен көрме жабдықталған. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған кітап көрмесі дайындалған. Ал көрмелерге қарама-қарсы бетте шағын этноауыл көрініс тапқан. Онда жартылай киіз үй үлгісі жабдықтарымен жабдықталған. Жанында ауыл келіндері шоққа нан жауып, қазанға бауырсақ пісірді.
Бір қатарға ұлттық тағамдарымыз бауырсақтың түр-түрі, қымыз, тары-талқан, сары май, қаймақ, құрт-ірімшік қойылған. Фестивальға келген қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ ауыл балалары арқан тартысып, ұлттық ойындарымызды ойнап жатты.
Кеш қонақтарын ауыл өнерпаздары Шәмшінің әндерімен қарсы алды.
Биші қыздардың «Шашу» биінен кейін, ұлт рухын ұлықтайтын қазақтың ежелден келе жатқан «Бесікке салу» рәсімі жасалды.
Фестивальдің алғы сөзін сөйлеген Сейітхан Жұмашев Қарасаз ауылының тарихына, ауылдың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтары, көпұлтты ауыл тұрғындарының ынтымағы, татулығы, еңбекқорлығы, бүгінгі тынысы жайлы әңгімеледі. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен фестивальға арқау болған жылдың атаулы мерейтойларына тоқталды. Ардагер сөз соңында ауыл – ел діңгегі екенін айта келіп, жерлестерін еңбекқорлық пен ауылды дамытуға шақырды.
Күреңбел ауылындағы Өнер мектебінің би үйірмесінің шәкірттері «Жорғатай», «Өзбек» биін биледі.
Ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған кеш соңы би кешіне ұласты.

Перизат Шымыртайқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы
директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close