Basty bet
Жаңа өмірге жол салған соңғы қоңырау
Сыңғырлаған соңғы қоңырау үні – балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан түлектер үшін ерекше сәт. Бұл – мектеп қабырғасындағы қызықты күндер мен ұстазға деген алғыс, болашаққа деген үміт тоғысқан қимастық мезет.
Осы орайда Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында соңғы қоңырау кеші жоғары деңгейде өтті. Мерекелік шараға ұстаздар, ата-аналар, құрметті қонақтар және мектеп түлектері қатысты. Мектеп ауласын мерекелік көңіл-күй кернеп, түлектерге жылы лебіздер айтылды.
Биыл бұл білім ордасынан 83 түлек түлеп ұшты. Оның ішінде үш оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, ал тоғыз түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл – ұстаздар еңбегі мен оқушылардың тынымсыз ізденісінің нәтижесі екені анық.
Соңғы қоңырау жиынында тек мектеп басшылығы ғана емес, арнайы шақырылған қонақтар мен ата-аналар да сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тілеп, білімнің адам өміріндегі маңызын атап өтті.
Кеш барысында оқушылардың жетістіктері, олимпиада жеңімпаздары мен спорт және өнер саласындағы белсенді шәкірттер ерекше аталды.
Шараның ең әсерлі сәті – түлектердің қоштасу вальсі мен «Қош бол, мектебім!» әні болды. Ал, соңғы қоңырау соғылған сәт әр түлектің жүрегінде мәңгі сақталатын естелікке айналды.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»