Basty bet

Мал-жаныңыз аман ба?!…

биылғы қуаңшылыққа байланысты ауданда мал азығының бағасы қандай болмақ?!

Топырағы қасиетті, табиғаты ерекше, жер бедері таулы, қыратты болып келетін Жуалы жері ежелден төрт түлік мал мен жанға жайлы, егін салғанға қолайлы әрі шөбі шүйгін өңірлердің бірі саналатынын былайғы жұрт жақсы білсе керек. Бұған дейін бұл өңірдің өмір тарихынан және халқының басынан қандай оқиғалар өтпеді десеңші… Арғы жағын айтпағанның өзінде, бұл жұрт өткен ғасырдың басындағы колхоздастыруды да, ел өміріндегі ауыр нәубет ашаршылықты, зобалаңды да, ел-жұрттың басына қиын кезең тудырған екінші дүниежүзілік соғыстың да зардабын тартудай-ақ тартты. Онымен бірге, кейбір жылдары мұнда жергілікті табиғат пен ауа райы тосын мінез танытып, қуаңшылық та орын алған деседі…

Бірақ бұрынғы көнекөз, көпті көрген жергілікті қариялардың айтуынша, қандай да бір қуаңшылық жылдар болсын, Жуалы жұртшылығы мал азығынан қысылмайтын көрінеді. Былтыр өңірге ылғал мол түсіп, жауын-шашын жеткілікті мөлшерде жауып, жерге күннің көзі де молынан түсті. Осыған сәйкес, ауданда мал азығына егілген көпжылдық шөптің алқабы да жылдағыдан мол болып, егін де бітік шықты. Жазғы орақ және күзгі жиын-терін кезінде шаруалар мен бау-бақша баптаған жергілікті диқандар алқаптан мол өнім жинап, маңдай терінің ақталып, ырыс-берекеге кенелгенін жақсы білеміз. Табиғат-Ана мен қасиетті қара жердің бізге берген мол ырзығына ырза болып тәубе етеміз әрине…
Әрбір жылдың өзіне тән ерекшелігі болатыны сияқты, қазақша жыл қайырудағы былтырғы Доңыз жылындағы молшылық пен берекені биыл Жылан жылындағы қуаңшылық алмастырғандай ма, қалай өзі?! Көктемнің иісі білініп, жердің жібіп, қыстайғы қалың қардың көбесі сөгілгені өз алдына. Ал көктемнен бері көк аспанның төсі жөндеп «иімей-ақ» қойғаны бар. Жауын-шашынның жеткілікті мөлшерде түспеуіне байланысты, биыл өңірде табиғи шөп те, мал азығына егілген көпжылдық шөптер де дер кезінде бой алып, өспей қалды. Ежелден күнкөріс көзі мен барлық тұрмыс-тіршілігі, қала берді, табыс көзі төрт түлік малмен және егіншілік, диқаншылықпен тығыз байланысты өрілген өңірде биылғы қуаңшылыққа байланысты мал азығының тапшылығы және мал өнімдеріне қатысты қымбатшылық орын алмай ма деген күдік те жоқ емес. Бұл әсіресе, мал асырап, егін егіп, шаруа баққан ағайынның қабырғасына қатты батып отырғаны анық.
Шаруашылығы мен көп көлемде егістік жерлері бар бақуат азаматтарға мал азығы тапшылығының онша әсері болмағанымен, күнкөрісі азын-аулақ малға қарап, оған жемшөп жеткізе алмайтын жекелеген тұрғындарға мал азығы қымбатшылығының тигізер кері әсерін де жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, ерте қамданғанның қапы қалмайтыны анық…
Ендігі кезекте аудан көлемінде егілген егістіктің көлеміне, жалпы мал азығын дайындауға байланысты атқарылатын негізгі жұмыстарға тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Ауданда мал азығын дайындау жұмыстарына келсек, аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2025-2026 жылдарының мал қыстату науқанына дайындалатын мал азығы, оның ішінде, пішен (сено) – 198 000 тонна, пішендеме (сенаж) – 22 000 тонна, сабан (солома) – 38 000 тонна, сүрлем (силос) – 25 000 тоннаны құрайды.
– Ал ағымдағы жылы шабуға белгіленген алқаптардың жалпы көлемі – 36 688 гектарды құраса, оның ішінде, көп жылдық шөп алқабының көлемі – 32 709 гектар, табиғи шөптер – 2 971 гектар, мал азығына егілген сүрлемдік жүгері дақылының алқабы – 300 гектарға тең. Аудан бойынша мал азығын дайындауға бағытталған шөп орағы жұмыстарының енді ғана бастау алғанын ескерсек, бүгінгі күнге жалпы – 915 гектар алқапқа ғана орақ салынып, бірінші орым шөп орылды. Жиналған пішен (сено) – 12 500 тоннаны құрап отыр.
Тағы бір айта кететін маңызды жайт бар. Өткен жылы аудан бойынша барлығы – 275,0 мың тонна мал азығы жиналып, бүгінгі күнге оның 20,5 мың тоннасы, яғни, 7,5 пайызы артылып қалып отыр. Арнайы қорға жиналған мал азығы 187,0 тонна болса, қалғаны – 155,0 тонна, яғни 82,8 пайызды құрап отыр,- дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
2025-2026 жылдарының мал қыстату науқанына мал азығын дайындауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының да жай-күйі туралы айта кеткен жөн. Аудан шаруашылықтарында шөп шабатын комбайнның саны – 120 дана, шөптайлағыштар – 82 дана, ал орылған шөпті тасымалдайтын техниканың (жүк көлігі) саны – 205 дананы құрайды.
Ендігі кезекте негізгі мәселеге көшсек, қазір ауданға облыстың орталығы Тараз қаласының маңынан, оның ішінде, Байзақ ауданынан тайланған шөп тасымалданып, сатылымға шығарылу үстінде. Сейсенбі күні «Сәду» мал базарының тұсындағы шөп саудалайтын орынға барғанымызда, үлкен КамАЗ жүк көлігі мен тіркемеге тиелген шөпті алыстан байқадық. Шөп иесімен сөйлесе келе, оның көктемде егілген арпа алқабының орнына шыққан аралас шөп екеніне көзіміз жетті. Тайланған шөптің тиісті нормадан екі есе аз болуына қарамастан, оның бір данасының бағасы 1 200 теңге екенін естігенде, абдырап қалғанымызды қалай жасырайық. Неде болса, шөпті осында тиеп әкелген иелері оны «қымбатқа» пұлдамақ ниетте екені анық аңғарылады.
Аудан шаруашылықтарында дәстүрлі әрі жауапты науқан саналатын шөп орағының енді-енді ғана басталғанын ескерсек, шөптің сатылымдағы бағасы әлі де толық жүйеленіп, бекітілген жоқ. Шөптің нарықтағы бағасына байланысты «түйінді мәселенің» тұрғындар тарапынан әлі де қызу талқыланатыны түсінікті жайт. Дегенмен, шөп нарығындағы негізгі «ойыншылар» мен қарапайым тұрғындардың арасында ортақ келісім орнап, ортақ келісімге келеді деген үмітіміз басым.
Өңірде орын алып отырған биылғы қуаңшылықты елдің басына түскен ауыртпалықтың бірі деп түсінген абзал. Шөп пен егіннің шығымы бір жылы жақсы болса, басқа жылы одан сәл төменірек болатыны ақиқат. Бұл – ең біріншіден табиғат құбылыстарына тікелей байланысты. Ал биыл қасиетті Жуалы өңірінде байқалып отырған қуаңшылыққа байланысты орын алып отырған мал азығының тапшылығы да уақытша қиындық. Ұлы Жаратушы Ие алдағы жылдары қасиетті қара жерге ырыздығын молынан шашып, тіршілікке береке-бірлік пен ынтымақты дарытса, шаруамыздың әлі-ақ оңалып кететіні анық… Сондықтан, ел-жұртты өзара даурығып, дауласпай, мал азығы мәселесінде өзара мәмілеге келіп, Жер-Ана несібемізге бұйыртқан ырыздықты ысырапсыз, бөлісіп пайдалануға шақырамыз!
Сабыр түбі – сары алтын. Осынау халық даналығын естен шығарып алмайық, ағайын!!!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close