Basty bet

Мемлекеттік қызметші болу – абыройлы міндет!

Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абыройлы іс және мерейлі міндет. Олай болатыны, мемлекеттік қызмет – билік пен халық арасындағы алтын көпір болып табылады. Сондықтан сапалы жұмыс істеу мен жоғары жетістікке жету ісі – сала мамандарының білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауының «Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек» деп аталатын сегізінші бағдарында: «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады.
Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деп мемлекеттік қызметтің мемлекет дамуы мен халық тұрмысының артуындағы маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызмет саласының дамуына ерекше мән беріледі.
Аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні және Полиция күні, сонымен қатар, 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекелеріне орай жиын ұйымдастырылды. Оған аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері шақырылды.
Аталған кәсіби мерекелерге орай алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, ел игілігі жолында мемлекеттік қызмет саласында жемісті жұмыс атқарып жүрген жуалылық мемлекеттік қызметшілерді, аудандық полиция бөлімінің және аудандық сот саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қасиетті өңірдің дамуындағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, жұмыстарына табыс тілейтінін жеткізді. Айта кету керек, өңірлік кадрлық резерв арқылы мемлекеттік қызметте түрлі лауазымға тағайындалған үлгілі қызметшілер бар. Жалпы ауданның мемлекеттік қызмет саласында барлығы – 156 қызметші жұмыс атқарады.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бір-бірімен қатар келген кәсіби мерекенің иелеріне, атап айтқанда, сала жұмысының бірқатар үздіктеріне Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасын және Алғысхатын, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатын табыстады. Марапатталған үздіктердің қатарында аудан әкімі аппаратының бөлімше басшысы Бейбіт Налеков, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ғалым Жақыпбеков, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Тимур Қалдыбаев, т.б. мемлекеттік қызметшілер бар. Полиция күні мерекесіне орай аудандық полиция бөлімінің бірқатар қызметкеріне де марапат тапсырылды.
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні және Полиция күні, сонымен қатар, 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекелеріне байланысты мереке иелерін аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Мұхамеджан Әсемов құттықтап, аталған салалардың үздіктеріне аудандық мәслихаттың Алғысхаттарын табыстады. Мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеген аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев Тәуелсіз Қазақстан Республикасының гүлденіп, дамуына және халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайының артуы жолында мемлекеттік қызмет саласында аянбай қызмет атқарып жүрген мереке иелеріне зор денсаулық және табыс тілейтінін жеткізді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close