Basty bet

Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу

Жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасы әлі де болса ең өзекті мәселе болып отыр. Қоғамда түйінді сұрақ ретінде қарастырылатын осы жағдайдың туындау себептері көп қырлы.
Суицид – психологиялық құбылыс. Психологиялық тұрғыдан санасы әлі пісіп жетілмеген жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсау арқылы «өз мәселемді шешемін, бұл мен үшін қиындықтардан, дағдарыстардан шығудың жолы»деп ойлайтындығын ескерсек, суицидті кездейсоқ әрекет ретінде санауға болмайды.
Ол өзі үшін төзімсіз жағдайда өлуге ниет білдіреді, ал шын мәнінде ол айналасындағылармен қарым-қатынасты реттегісі ғана келеді. Осыдан кейін жәбірлеушілермен қайтадан тату-тәтті өмір сүріп кетемін деген аңғал сенім болады. Балалық кезеңде суицидалды мінез-құлық жағдаяттық-тұлғалық әсерлену сипатында болады, көңіл-күйінің жиі өзгеруі, албырттық, уайымдау, ызақорлық, қорқыныш, өзін немесе өзгені жазалауға ұмтылу осы әрекетке түрткі болады.
Бала өзіне-өзі қол жұмсауды өз қалауымен емес, күйзелістік жағдаяттан немесе жазалаудан құтылудың жолы деп санайды. Жиі суицидтік мінез-құлық басқа проблемалармен жалғасады. Мысалы, басқалардан оқшауланады, жаны жалғыздықты қалайды, мектепке бармайды немесе жүрген ортасында жиі жанжал шығарады. Суицидтік мінез-құлық пайда болғанда жанын жиі үрей билейді және қайғыру, балаларға тән емес әлсіздік, ұйқының және тәбеттің бұзылуы, салмақтың төмендеуі және соматикалық шағымдар, сәтсіздіктер және оқуға деген қызығушылықтың жоғалуы, өзін жабырқау және жеккөрінішті сезінуі, өзін-өзі шамадан тыс сынау, тұйықтық, мазасыздық, агрессивтілік және фрустрацияға төзімділіктің төмен болуы байқалады. Өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлайтын жасөспірімге көмектің үш тәсілі:
1. Суицидалдық мінез-құлық белгілерін дер кезінде диагностикалау және тиісті ем жүргізу.
2. Күйзелісте жүрген жасөспірімге дер кезінде эмоционалды тұрғыда қолдау, көмек көрсету.
3. Оның бойындағы жағымды қасиеттеріне терең мән беріп, оны қиындықты жеңе білуге жетелеу үшін қолдау.
Жасөспірімдер арасында суицидтік әрекетті алдын алу үшін қандай шаралар қолдануға болады?
Суицидті мінез-құлық белгілері көрінетін жасөспірімдермен тек арнайы даярланған мамандар ғана емес, кез келген ересек (ата-ана, педагогтар) жұмыс жасай алады. Олармен әңгімелесу және біріккен іс атқару кезінде келесі ережелерді ұстану қажет:
1. Тыңдай білу шеберлігі. Суицидті мінез-құлықты жасөспірімдер әрдайым өз ойларымен өзгелермен бөлісуге тырысады, себебі оның ойлары өзін үрейлендіреді. Бұндай жасөспірімдерді мұқият, назар салып тыңдаңыз. Кез келген адамға жаны дағдарысқа ұшыраған кезде оны біреудің тыңдауға дайын болуы ол үшін өте маңызды. Оған сөйлеу еркіндігін беріп, өз ойыңызды айту арқылы сөйлеушінің монологын бұзбауыңыз қажет. Жасөспірімдермен қамқорлық қарым-қатынас орнатып, оны ерекше назармен тыңдау қажет.
2. Банализация. Суицидті мінез-құлықты жасөспірім өзінің проблемасын ауқымды (глобальды) сипатта көреді және оған сыни көзқарас танытуға қабілетсіз. Бұған әсіресе өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз жасөспірімдер бейім болады. Сондықтан өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізді қолдана отырып, кез келген проблеманың шешімін табуға болатындығын түсіндіріңіз.
3. Эстетикалық тұрғыны қолдану. Адамдарды өлімнен кейінгі олардың денесінің эстетикалық көрінісі үрейлендіретіндігі суицидологияда белгілі. Сондықтан көптеген адамдар өлімнен кейінгі өз денелерінің суреттерін көргеннен кейін суицидті әрекеттен бас тартқан болатын. Эстетикалық тұрғы дегеніміз суицидті мінез-құлықты жасөспірімдерге олардың өлімнен кейінгі денесінің суреттерін салып көрсету.
4. Болашақтан көзқарас. Бұл принципке сәйкес жасөспірім өзін және өзінің әрекеттерін кең контекстте көріп, өмірлік құбылыстарға философиялық тұрғыдан қарауы тиіс.
5. Жақсылық пен жамандық өлшемдерін жасау. Жасөспірімнің өзі өзекті деп білетін ситуациялардың негативті жақтарынан арылтып, оның өміріндегі позитивті құбылыстардың бар екендігін есіне салып отыру.
6. Контраст әрекеті (өзге адамдармен салыстыру). Кейбір адамдар өздеріне қарағанда әлде қиын ситуациядағы адамдарды көрген кезде өз бойында болып жатқан дағдарыс сезімдеріне шыдамдылық танытады. Сондықтан жасөспірімдерге оның ситуациясынан да қиын жағдайлармен күрескен адамдарды үлгі ету қажет.
7. Проблеманы шешу үшін бар тәжірибені қолдану. Кез келген адам өткен өмірінде белгілі бір қиындықтарға кездеседі және оның шешу жолдарын таба біледі. Сондықтан жасөспірімдерге оның өткен өміріндегі көрсеткен «батылдық» дағдылары туралы есіне түсіріп, қазір де сол тәжірибені қолдануға көмек беру.
8. Күш потенциалын ояту. Көптеген суицидті мінез-құлыққа бейім жасөспірімдер бойындағы өзіндік әлсіздікті сезінеді. Оған осы кезде энергетикалық бастау тауып беру қажет, яғни оның бойында ерік-жігер, денелік күш, шыдамдылық күштерді оятуға белсенді түрде көмектесу қажет.
9. Позитивті болашақ. Жасөспірімдерге болашаққа қатысты жоспарлар құруға көмек беру қажет. Олардың бойында келешекке ұмтылдыратын армандар мен тілектер тудыру керек. Жасөспіріммен біріге отырып, таяу уақытқа жоспар құрылады. Кейін жасөспірімнің осы бірігіп құрылған жоспарды тәжірибе барысында жүзеге асыруына көмектесу қажет.
10. Өзгелерге қамқор болу. Көптеген адамдар әлсіз, қамқорсыз қалған адамдармен жұмыс атқарған кезде өз бойындағы дағдарыс сезімдер туралы ұмытып кетеді. Суицидті мінез-құлыққа бейім жасөспірімдер үшін бұндай объектіге үй жануарлары мен өзінен кіші іні, қарындас, сіңілілері айналуы мүмкін.
11. Қызығушылықтар сферасын кеңейту. Жасөспірімдерге өздерінің жағдайын ұмытып, одан алшақ кетуге көмектесетін іс-әрекет түрлерін табуға көмек беру қажет: спорттың белгілі бір түрлерімен шұғылдану, түрлі үйірмелердің жұмысына қатынасу, ұжымдық-қоғамдық іс-шараларға қатынасу және т. б.
12. Жақын адамдармен қарым-қатынасы туралы және жеке міндеттерін есіне түсіріп отыру. Жасөспірімнің жоспарлап жүрген суицидті әрекеті оны қоршаған жақын адамдарына қаншалықты ауыр тиетіндігі туралы оның ойына үнемі түсіріп отыру.
Суицидті мінез-құлықты жасөспірімдермен әңгімелесуді жүргізгеннен кейін бала дағдарыстан өтті деген пікір сізге кедергі келтіруі мүмкін. Көбіне жасөспірімдер өзіне-өзі қол салу туралы әңгімелескеннен кейін біршама жеңілдеп қалады, бірақ кейін уақыт өте ол өзінің бастапқы ойына қайта оралуы мүмкін. Сондықтан оны сәтті әңгімеден кейін жалғыздықта қалдыруға болмайды. Оны үнемі қолдап отырыңыз. Сіздің жасөспірімнің тағдырына алаңдауыңызды, көмекке дайындығыңызды сезінуі оған эмоционалды сүйеніш болады. Ол сіздің көмегіңізді қабылдай отырып, дұрыс қадам жасайтындығына сендіріңіз. Егер жасөспірім сіздің көмегіңізді қабылдаса, онда оған рухани күш пен тепе-теңдікті қайтару оңайырақ болады.
Суицидті мінез-құлық белгілері байқалған жасөспірімдерге тек арнайы даярланған мамандар ғана емес сол белгілерді байқаған кез келген адам көмек бере алады. Қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздығы салдарынан, қоғам мәдениетіндегі құндылықтардың төмендеуі, сәтсіз отбасы мен қолайсыз тұрмыстық-материалдық жағдайлар, жағымсыз қарым-қатынас, қоршаған ортадан, әсіресе мектептегі топтан оқшаулану, жасөспірімдердің психикалық ауруларға ұшырауы, сәтсіз романтикалық ситуацияға тап болуы, ішімдік пен есірткі заттарын қолдану – міне осының барлығы жасөспірімдердің суицидке баруына алғышарттар болып табылады.
Жасөспірімдік жастағы суицидтік мінез-құлықтың көрінісі өзгеше. Жасөспірімдер тобында психикалық бұзылыстардың, мысалы, зерігу мен шаршау сезімі, ұсақ-түйектерге назар аудару, бүлікке бейімділік және бағынбаушылық, алкоголь мен есірткіні пайдалану қосылады. Жалпы, жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқына құрбыларымен және ата-аналарымен жеке қарым-қатынасының елеулі ықпалы туралы айтуға болады. 14 жастан кейін суицидтік мінез-құлық қыздарда да, ер балаларда да бірдей көрініс табады. Топ ретінде жастар күйзелуге бейім. Күйзелу дәрежесі жиі суицидтік қауіп-қатердің маңызды көрсеткіші болып табылады. Сондықтан да жасөспірімнің жан дүниесіне құрметпен қарап, оның сезіміне тереңірек мән беріп, қолдау көрсетейік.
Осы ретте ойымызды қорытындылай келе, аталған мәселені шешуде ересектердің, оның ішінде, педагогтардың, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілік сезімдерін, байқампаздығын, баламен жылы қарым-қатынасын күнделікті өмірдің басты ұстанымы ретінде қарауымыз қажет. Себебі, кәмелетке толмағандардың өміріне, балалық шағының әрбір кезеңіне, оның тұлғалық қалыптасуына, әлеуметтенуіне, өмірден өз орнын табуына әркез ересектер жауапты екендігін естен шығармағанымыз абзал.

Венера Сейтаева,
аудандық орталық аурухананың профилактика бөлімінің «Сенім» жастар денсаулық орталығының психологі

Таңдаулы материалдар

Close