Basty bet
Қандастар қамқорлықта болады
«Қанына тартпағанның қары сынсын» деген ұлы сөз бар дана халқымызда. Қазақ сияқты бауырмал халық үшін бұл ұлағаттың орны бөлек. Олай дейтініміз, шетелдерде тұратын қандастарын, бауырына тартып, оларды өздерінің ата-бабалары тұрған, атақонысы болған атамекендеріне шақырып, жағдай жасап жатқан әлемде үш ел бар болса, соның бірі – Қазақстан.
Бүгінде қасиетті қазақ жерінің топырағын аңсап, осында көшіп келген қандас бауырларымыздың саны едәуір көбейіп отыр. Атамекенін аңсап келген отбасыларға моральдық және материалдық тұрғыдан көмек көрсету, оларды жергілікті жерлерде орнықтыру жұмыстары мемлекет деңгейінде қолға алынған. Осы ретте қандастардың басын бір арнаға біріктірген «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – негізгі жұмыс бағыты шет елдерден оралған қандастарымыздың қоғамға сіңіп кетуіне жан-жақты жағдай жасау болып табылады.
«Туған жерге туыңды тік». «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ел іші – алтын бесік». Туған жердің тасы да ыстық. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп». Қазақ халқында адамдарды отанды сүюге, бауырмалдылыққа, бірлік пен тірлікке шақыратын осындай мақал-мәтелдер мен тәмсіл сөздер өте көп. Мұның бәрі де ел азаматтарын отаншылдыққа, туысқаншылыққа үндейтіні анық.
Қазақтар қилы замандағы қиындықтар салдарынан туған жер, туған елден жырақтап, шетелдерге босып кеткен жағдайлар көп болған біздің тарихымызда. Арғы тарихқа тереңдемей-ақ, бергі кеңестік кезеңде қызылдардың қысымынан тәркілеу, ұжымдастыру, ашаршылық кезеңдерінде күнкөріс қамымен бас сауғалап, шекара асып кеткендер туралы әңгіме өрбітсек те жетіп жатыр.
Тәркілеуге түскендер негізінен Қытай, Ауған елдеріне қашса, ашаршылық нәубетіне ұшырағандар Қырғыз, Өзбек, Тәжік елдеріне топ-тобымен шұбырған. Міне, шетте жүріп, жүрегі шер мен мұңға толған қандастарымыз Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін тарихи отандарына оралуға ниет білдіре бастағаны анық.
Сол тұста мұндай ізгі ниетке біздің мемлекетіміздің тарапынан көмек-қолдаулар болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті, бұл зор ризашылықпен айтуға болатын іс. Дүниежүзі елдеріне тарыдай шашылған қандастарын тарихи отанына қайтаруға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіп отырған әлемде үш-ақ ел бар. Олар – Алмания, Израиль және Қазақстан.
КСРО тұсында Қытайдан қазақтардың үлкен тобы көшіп келгенін көнекөз қариялардан естігенбіз. Бірақ, ол көш көпке ұзамай тоқтап қалғаны тарихтан белгілі. Ал, бұл жолғы көштің жөні тіптен бөлек. Бұл жолғы көш Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан бір ай шамасында бұрын, яғни 1991 жылдың 18 қарашасында шыққан Қазақ КСР Министрлер кеңесінің «Шетелдерден және басқа республикалардан Қазақ КСР-інің ауылдық жерлерінде жұмыс істеуге ниет білдірген қазақтарды көшірудің тәртібі мен шарттары туралы» Қаулысына сәйкес жүргізілді. Содан бері Қазақстанға алыс-жақын шет елдерден миллионнан астам қазақтар көшіп келген. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да жақсы.
Бұл істі үйлестіруге «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болуда. Бірлестіктің облыстарда, аудандарда филиалдары бар. Олар Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт санын көбейтіп, тарихи Отанына көшіп келген қазақтарға жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Мен өзім қауымдастықтың аудандық филиалының директоры болып тағайындалған 2019 жылдың маусым айынан бері қолға алынған тірліктер мен мәліметтерді тілге тиек етейін.
Қазіргі таңда ауданда 1 548 отбасында барлығы 4 109 қандасымыз тұрып жатыр. Алғашында «Оралмандар» атауына ие болған олар қазір Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен «Қандастар» мәртебесіне ие болды. Қандастарымыз ауданның бірнеше елді мекендерінде қоныстанған. Алғашқыдай емес, қазір оларға Қазақстанның азаматтығын алу тәртібі біршама жеңілдетілген. Мәліметтерге жүгінсек, 2019 жылы – 25, 2020 жылы – 72, 2021 жылы – 121 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.
Біз қандастарға жағдай жасауда аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі және аудандық әкімдіктің халықты жұмыспен қамту орталығы, көші-қон полициясымен, ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізудеміз.
Атажұртты аңсап, тарихи отаныма қызмет етемін деген ізгі ниетпен келген қандастарымыздың арасында әр салада елеулі жетістіктерге жетіп, ауданымыздың экономикасын көтеруге атсалысып жүрген азаматтардың бар екенін айтуға тиіспіз. Шетелдерден осында көшіп келген қандастарымыздың арасында мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүргендері де бар. Олардың қатарында қазіргі таңда Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы және т.б. азаматтарды атап айтуымызға болады.
Қандастарымыздың көбісі жеке кәсіпкерлікпен қатар бау-бақша өсірумен де айналысатынын айтпай кетуге болмас. Бұл ретте мемлекеттен қайтарымсыз грант қаражатын ұтып алып, шағын кәсібін дөңгелетіп әкеткен жеке кәсіпкер, бүгінде Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында нан және кондитер өнімдерін өндіріп отырған еңбекқор азаматша Гүлбану Қанатбаеваны ерекше айтуымызға болады. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлердің қатарында Гүлнар Сұлтанова, Жәмила Боранбаева, Серік Ешниязов, Қуаныш Қалдыбеков, т.б. еңбекқор азаматтар бар.
Тағы бір айта кетерлігі, қандастарымыз ұлттық қолөнер мен ісмерлік сияқты кейінгі кездері ұмытыла бастаған ата дәстүрді қайта жаңғыртуға үлкен үлес қосуда. Ұлттық қолөнер шебері Дариха Сыдықова сияқты он саусағынан өнер тамған ісмер жандардың қатары көп. Олардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары өңір тұрғындарының жоғары сұранысына ие болумен қатар, ұлттық көрмелердің де сәні болуда. Ал Нұрлыкент ауылында тұратын қандасымыз Мұзаффар Өтенов отбасымен және ағайынды азаматтар болып бірігу арқылы үлкен көлемде бау-бақша өсіреді. Бұл да Өтеновтар әулетінің өзгелерге үлгі-өнеге болатын өмір салтының бірі деп айтуымызға болады.
Жалпы мамандық игеруге талаптанған қандастарды дәнекерлеуші, тігінші, шаштараз, тырнақ әрлеуші, массажшы мамандықтарына оқытуға мол мүмкіндік бар. Жер кезегінде және пәтер алу кезегінде тұрған қандастарымыз да жетерлік. Қазақстан Республикасныың азаматтығын алған қандастарымыз, басқа тұрғындармен тең құқылы. Сондықтан оларға үй салуға жер телімдері мен пәтер алу заңды кезектеріне қарай беріледі. Шетелден келген қандастарымызға қолдау көрсетіп жүрген жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, кәсіпкерлерге, ауыл, аудан имамдарына ризашылығымыз шексіз.
«Асарлатып үй салу» жобасы аясында бірқатар ауылдық округтерде, атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылы, Қарасаз, Күреңбел, Шақпақ, Нұрлыкент ауылдық округтерінде тұрмысы төмен қандастарымызға асарлату дәстүрімен үй салынып берілуде. Қазақстанның солтүстік облыстарында еңбек ұтқырлығын арттыру мақсатында Б.Момышұлы ауылы және Шақпақ ауылдық округтерінен 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысына барлығы 9 отбасы, 28 адам Павлодар, Қостанай облыстарына ерікті түрде қоныс аударды. Бұл іске қауымдастықтың басшылығы бастамашы болғанын айта кеткен жөн.
Міне, дүниежүзі қазақтары қазақтары қауымдастығының аудандық филиалының біздің аудан көлемінде қандастарға қатысты атқарылған істердің бірсыпырасына шолу жасадым. Қандастарға қатысты шешімін таппаған әлі де бірқатар мәселелер бар. Олар алдағы уақытта өз жүйесімен шешімін табатынына да сенімдімін.
Қай істе де оны атқаратын азаматқа көмек-қолдаулар қажет-ақ. Менің қандастар мәселесімен жұмыс жүргізуіме көмек көрсетіп, мәселелерді бірлесіп шешу ісіне белсенділік пен қолдау танытып жүрген азаматтардың есімдерін атап өткенді жөн көріп отырмын. Осы орайда, жеті мүшесі бар қауымдастықтың алқа мүшелерінің жұмысы жүйелі. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ және «Отандастар қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы Жуалы аудандық филиалының алқа мүшелерінің қатарында Орынбай Асанов, Пайзулла Қаладиев, Тұрғанғали Көшербаев, Дариха Сыдықова, Ранай Айымбетова, Әділхан Аймұқанов, Оңалбай Ыбыраев сияқты белсенді қандастарымыз бар. Олар қашанда игі істердің басы-қасынан табылады. Сонымен қатар, аудан, ауыл ардагерлерімен бірлесе жұмыс жүргізуге әрқашан дайын. Амандық болса, бұл бағыттағы атқарылатын істерге де бәріміз куә боламыз.
Шетелдерде тұратын қазақтардың балаларын еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқытуға да іс-әрекеттер жасалып отыр. Бұрын оларға гранттар бөлінетін. Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының талаптарына байланысты оларды қабылдау мүмкін болмады. Биыл оның бір шешімін қарастыру жайы жан-жақты ойластырылуда.
«Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз. Елдің ырысын арттырып, ынтымақ-бірлігін бекемдейтін де өзіміз. Бұл ретте жастарымыздың иманды, білімді болып өсіп-жетілгені дұрыс. Сонда ғана ел болашағы жарқын болады. Ең бастысы, еліміз аман, Отанымыздың іргесі берік, қасиетті Қазақ елінде әрдайым тыныштық салтанат құрып, бейбітсүйгіш халқымызға береке-бірлік пен тоқшылық нәсіп болсын деп тілейік, ағайын!
Шора Ысқақов,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ және
«Отандастар қоры» КЕАҚ Жуалы аудандық филиалының директоры.
Жамбыл облысының Құрметті ардагері