Basty bet
Қоғам болып қарсы тұруға міндеттіміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» деп аталатын төртінші бағдарында: «Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды» делінген.
Бұл ретте Президент саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыру арқылы саладағы сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуды және оны мүлде болдырмауды қатаң тапсырып отыр. Шын мәнінде, қоғамға жат әрі жағымсыз құбылыс болып саналатын бұл кеселдің алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілермен қатар барлық қоғам мүшелері оған қарсы тұруымыз қажет. Сонда ғана мемлекеттің дамуында өсіп-өркендеу, халықтың тұрмысында ілгерілеу мен даму болмақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. Аталған қоғамдық кеселге қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады.
Сыбайлас жемқорлық – тәуелсіз Қазақстанның, бүгінгі қоғамның өзекті де күрделі мәселелерінің бірі. Тек Қазақстан емес, бұл індет әлемнің қай елінде болса, одан сол елдің қасірет шегері хақ. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол – сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар, оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз, ол – жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктердің болуын талап етеді, олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлымдық ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, құқықтық және құқықтық емес, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез- құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді.
Сыбайлас жемқорлық кеселінің қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін де естен шығармауымыз қажет. Бір қорқыныштысы – сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады. Сондықтан қоғамға қауіпті кеселге қарсы іс-қимыл – әрбір саналы азаматтың міндеті болмақ!
Бағдат ОРАЗБАЕВ,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы