Basty bet

«Халқымның қарапайым бір ұлымын, Жанымды арым үшін құрбан еткен…»

Сан ғасырлар бойы сар далада самалмен жарысып, елі мен жерін сыртқы жаудан қорғап қалуды ойлаған қазақ деген қайсар халықтың құтты құрсағы ұлылар мен дарындардан құрғап көрген емес. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» деп, оны өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған тұлғаның бірі – Бауыржан Момышұлы. Отансүйгіштік, ұлтжандылық секілді асыл қасиеттерді көз жетпес биік шыңға шығара білген Бауыржан Момышұлының есімін барлығымыз мақтанышпен айтамыз.
Қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы іспетті тау тұлға Бауыржан Момышұлы осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1910 жылы Жуалы ауданының бұрынғы Орақ-балға ауылында дүниеге келген. Халықтың қайнар бастауынан қаһармандықтың дәмін қанып ішкен Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында қас-дұшпанға қарсы соғысты. Оның басты арманы мен мақсаты – елін теңдікке жеткізу болғаны анық. Қан майданда қаһарман қолбасшы ретінде ерліктің өнегелі үлгісін көрсетті. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген жалынды сөздерімен жауынгерлерінің жігерін жанып, оларға күш-қайрат бере білді. Өзінің өшпес ерлігінің, хас батырға тән өр мінезінің арқасында біздің намысын найза еткен қайсар халық екенімізді көзі тірісінде-ақ дәлелдеп кетті.
Ұлыларын ұмытпай, ұлағатын ұлықтайтын ұлт емеспіз бе?! Бауыржан Момышұлы деген ұлы есімді алақандай жүректің төріне орналастырған халықпыз. Бүгінде даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімі қазақтың көрнекті жазушысы ретінде де әлем елдеріне жақсы таныс. Ол – тек Жуалы жұртының ғана емес, бүкіл қазақтың біртуар, мақтан тұтар азаматы.
Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асыл мен жасынның үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы – тау тұлға. Асыл азаматтың өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Батыр Бауыржан Момышұлы алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын. «Сөз қадірін – өз қадірі, өз қадірі – ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, ұрпаққа қалдырған өсиет сөздері мен терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде.
Бауыржан Момышұлы – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың және имандылықтың символы, көркем бейнесі іспетті. Ол – ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, дарындылығымен және жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі болған әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне көтерілген азамат.

Қаламқас БЕРІКОВА,
Бауыржан Момышұлы мемориалдық
музейінің меңгерушісі.
Қайрат ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close