Basty bet
АЭС салу – Жарқын болашақ жолындағы маңызды қадам
Қазір біздің елде атом энергетикасын дамыту мәселесі жұртшылық арасында кеңінен талқыланып жатқан өте маңызды мәселенің бірі болып отыр. Себебі, электр энергиясының тапшылығына байланысты тапшылық жыл санап артып барады. Бұл түптеп келгенде, елімізді энергиялық тәуелділікке алып келуі мүмкін. Осы саладағы ғалымдар мен мамандардың айтуынша, таяу 10 жылда электр энергиясының тапшылығы 10 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл әрбір жеке тұрғын үйлерді жарықсыз қалдырумен бірге, елдегі бірқатар зауыт-фабрикалардың толық қуатында жұмыс істеуіне кері әсерін тигізбек. Енді не істемек керек? Энергетикалық тәуелділіктен қалай құтылуға болады?! Міне, осынау маңызды мәселелер Президенттен бастап, ел тізгінін ұстаған жанашыр азаматтар мен ғалымдардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Бұл қарапайым халық үшін де маңызды.
Жалпылама алғанда, әлемде энергия көздерінің азаюына байланысты ресурстарға деген талас-тартыс жыл санап артып барады. Ресурстардың түгесілуі әлемді үлкен дағдарысқа алып келуі де мүмкін. Осының алдын алу үшін ертерек қамданған абзал. Ол үшін баламалы энергия көздерімен қатар, тұрақты әрі қауіпсіз энергия көздерін іздестіру қажет. Ал мұндай сарқылмас энергияны атом электр станциясы ғана бере алады. Бұл дәлелденген дүние. Әлем елдерінде мұндай атом электр станциялары бар. АЭС-тан қорқудың еш қажеті жоқ. Станцияның құрылысын жүргізу және оның энергиясын тұтыну қауіпсіздікке негізделген.
Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, Қазақстан сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтаж. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында баса назар аударғаны белгілі. Сондықтан, атом энергетикасын дамытуға жіті назар аударудың қажеттілігі туындап отыр.
Бұл туралы Президент: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр» деп атап өтті.
Қоғам талқысына салынған маңызды мәселенің бірі – елімізде атом электр стансасын салу көптен бері көтеріліп келеді. Оның да жұртшылықтың назарына салынғанына біршама уақыт болды. Қоғам мүшелерінің пікірі де әртүрлі. Бірі АЭС салуды қолдаса, енді бірі оның экология мен адам өміріне зиянды тұстарын айтуда. Қалай десек те, мұның маңызы өте зор.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын.
Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деп пікір білдіруі көптеген маңызды жайдан хабар берсе керек.
Ғалымдардың пікірінше, қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет ететіндіктен, энергия көздерін зерттеу бүгінде маңызды бола түсуде. Ғылымның дамуымен қатар су электр станциялары мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Оларға күн, жел, биоотын, геотермалдық энергия сияқты негізгі қайта қалпына келетін энергия көздері жатады. Қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін экологиялық таза болып саналады. Алайда, бұлтты ауа-райында және жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісі мүлдем мүмкін болмай қалады. Жылу электр станцияларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай энергия өндірісінің шикізат бағасы күн сайын өсіп келеді. Ал, атом электр станциясы (АЭС) отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндірмек.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»