Basty bet
Қоғамға қажетті мамандық
Ауылдық жердегі мал шаруашылығын былай қойғанда, бүгінгі күні қалалық жерде де үй жануарларын асырайтын тұрғындар аз емес. Әрине, олардың көпшілігі тазалықты толықтай сақтайды деп айта алмаймыз. Ал, аурудың негізі осы жан-жануарлардан тараса, оның басым бөлігі тазалықтың сақталмауынан болады.
Осы орайда мал дәрігерлерінің маңыздылығын айта кетпеске болмас. Бүгінгі күні мал дерігерінің қоғамдағы рөлі өте зор. Алайда қиындығы мол осы бір қызметті кейде бағалай бермейміз, ол рас. Мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған деп менсінбей жатады. Әсіресе, мамандық таңдайтын жастарымыз. Алайда бұл – сұранысқа ие мамандықтың бірі.
Мал дәрігерінің қызметі салғырттықты көтермейді. Себебі бұл саладағы атқарылған шаралардың барлығы бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жалпы ветеринария – мал шаруашылығының ең беделді саласы болып табылады. Себебі, ветеринария дұрыс жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал, сау малдың етін жеп, сүтін ішкен адам аурудан алыс болатындығы белгілі.
Өкінішке орай, біздің бүгінгі қоғамда мал дәрігерлерінің беделі төмен болып тұрғаны жасырын емес. Бұл мамандықтың маңызын түсініп жатқандар аз. Осы орайда көкейімізге «Неге?», деген сұрақ келеді. Осы бір сұрақтың төңірегінде ой қозғау үшін ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінде ұзақ жылдар бойы мал дәрігері болып еңбек етіп келе жатқан білікті маман Оңлы Қабылқұловпен әңгімелескен болатынбыз.
Осыдан бірер апта бұрын аудан басшысының Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуінің барысында ауылдың бірқатар тұрғынынан округтің ветеринария пунктінің мамандарына мал ауруының, оның ішінде, сиырда кездесетін сары безгектің көбейгені туралы шағымдар айтылды.
Ал, ауылдық ветеринариялық пункттің меңгерушісі Оңлы Бейсенбайұлы өз сөзінде, қазір округте ветеринария саласының ақсап тұрғанын айтады. Оған басты себеп – білікті маманның тапшылығы.
Мал дәрігері мамандарының жетіспеушілігі жұмыстың жүруіне де үлкен кедергі екені айтпаса да түсінікті. Осылай екен деп, қол қусырып, қарап отыруға да болмайды.Ауылдық ветериналық пунктің меңгерушісі Оңлы Бейсанбайұлының айтуынша, округте жұмыс жасайтын ветеринария мамандарының саны – бесеу. Сонымен қатар, вакцинация жасау уақытысында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі және оның мерзімінен кешігіп келуі сияқты мәселелер тұрғындардың және мал иелерінің наразылығын тудырып отыр.
Мал бағу – қазақ халқының ата кәсібі. Біздің халқымыздың өмірі, тыныс-тіршілігі ата кәсіппен тығыз байланысты.
Ауылдық жердегі тұрғындардың басым бөлгі осы мал шаруашылығын кәсіп еткен жандар. Халықтың күнкөрісі де осы малмен тығыз байланысты. Халықты табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етуде ауыл адамдарының қосар үлесі зор.
Бүгінде округ бойынша тіркелген мал саны мүйізді ірі қара – 7 075 бас, уақ мал – 16 853 бас және жылқы – 1 354 бас тіркелген. Ал, төрт түлікті бірдейлендіру, төлдерді сырғалап, тіркеудің қорытындысында биыл 1 800 бас төл есепке алынып отыр.
– Қазір кез келген мал ауруының асқынатын мезгілі екені белгілі. Осыған орай, көктем мезгілінде есептегі малды арнайы дәрілеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда бүгінгі күні әлі емі табылмаған «бабезиоз» ауруы тіркеліп отыр. Бұл, тейлериоз (сары безгек) ауруының бір түрі. Алайда тейлериоз ауруының өзіндік белгілері болса, ал бұл аурумен ауырған мал ешқандай белгі бермейді. Соның салдарынан тұрғындарға аталмыш мал ауруын асқындырып алып жатқандығына байланысты ескертілуде. Бұл тек ірі қарада ғана кездеседі. Бүгінде алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр,- дейді ауылдық ветеринариялық пункттің меңгерушісі Оңлы Бейсенбайұлы.
Мал ауруларының басым бөлігі сырттан келген малдардан,- дейді маман. Базардан сатып алынған мал басының тіркелмеуі қазіргі таңда осындай қиын мәселелерді туындатып отыр. Мал ұстайтын ауыл тұрғындары осындай мәселелерді баса назарда ұстап, мал ауруларын қадағалап отыруы қажет.
Өзінің өмір жолындағы қиындығы көп, жауапкершілігі мол қызмет түріне арнаған тәжірибелі маман Оңлы Қабылқұлов зейнет жасына да таяған азамат. Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы Жамбыл облыстық зоо-ветеринариялық техникумын аяқтап келгеннен кейін бірден бастаған. Совхозға қарасты №1, №3 сиыр фермаларда ветеринар маман болып еңбек еткен. Кейіннен ауылдық округте ветеринариялық пунктте қызметін жалғастырды. 1987 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде жары екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Перзенттерінің барлығы жоғары білімді, ел дамуына қызмет етуде.
Жоғарыда айтқанымыздай, сау малдың етін жеп, сүтін ішкен адам аурудан алыс болады. Ал, малдың саулығы – біліктілігі жоғары, кәсіби мамандардың қолында. Сол себепті, маңыздылығы жоғары әрі қоғамға қажетті білікті ветеринар мамандарын дайындауға көбірек көңіл бөлгеніміз абзал.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
«Жаңа өмір»