Basty bet

Көше жолдарының сапалы жөнделуі – ауыл көркінің кепілі

Ауыларалық және қалааралық көлік қатынасының сапасын арттыру, жолаушылар тасымалын жолға қою ісінде жол құрылысының маңызы өте зор. Сол себептен де, автомобиль жолдарының және көше жолдарының сапалы жөнделуіне мемлекет те терең мән беріп отыр. Жалпы жол құрылысына қыруар қаражаттың жұмсалатынын ескерсек, бұл мәселенің маңыздылығына мән беріп, оны сапалы атқаруға ең бірінші кезекте жауапты мердігер мекеме басшыларының мүдделі болғаны абзал.

Кейінгі жылдары ел өңірлерінде жол құрылысы анағұрлым қарқын алып келеді. Бұл бір жағынан жаңа заманның талабы. Мұның ішінде, ауыларалық және аудандық мәндегі жолдардың құрылысын қоспағанда, алыс өңірлерді бір-бірімен жалғап жатқан мемлекеттік мәні бар транзиттік күре жолдардың жөнделуі ел ішіндегі алыс-беріс пен барыс-келісті біршама арттырып отырғаны анық. Елдің басқа өңірлері сияқты, Жуалы ауданында да ауыларалық автомобиль жолдарымен қатар, ауылдық округтерге қарасты ауылдардың көше жолдарын жөндеу жұмыстары атқарылу үстінде.
Атап айтқанда, 2023 жылы аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында барлығы -27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Оның ішінде, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Былтыр қасиетті өңірде барлығы -30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтсе, 2024 жылға жалпы ел қазынасынан 1 миллиардтан астам қаржы-қаражат қаралып, 40 жобаның аясында барлығы – 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Оның ішінде, аудандық мәнге ие жалпы ұзындығы -2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы (қаржысы 51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан биылға өтпелі) орта жөндеуден өтеді деп жоспарланса, оған қоса, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы -11 жобамен 12 шақырым жол жөнделмек. Осыған сәйкес, мамыр айының басында жол құрылысына жауапты мердігерлер анықталып, қазір бірқатар ауылдарда жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті.
Жол жөндеу ісінде аса маңызға ие бағдарламалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында биыл 824,0 мың теңгеге 28 жобамен жалпы ұзындығы -28,47 шақырым жол жөндеуден өтетінін де айта кеткен жөн. Биыл жол жөндеу жұмыстары ауданға қарасты ауылдық округтердің басым бөлігінде жүргізілу үстінде. Ауданның орталығы саналатын Б.Момышұлы ауылында Әл-Фараби және Көктем көшелерін орта жөндеу (аталған көшелерде жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған). Б.Момышұлы көшесін орта жөндеу (ұзындығы -1,400 шақырым), онымен қоса, М.Мәметова көшесі және Ы.Алтынсарин тұйық көшесін орташа жөндеу (ұзындығы -0,705 шқ), сондай-ақ, жалпы ұзындығы 1,260 шақырым болатын – Наурыз, Ш.Уәлиханов және Ақжол көшелерін орта жөндеу жұмыстарымен қатар, орталықтағы В.Латикант көшесін орта жөндеу (ұзындығы -0,450 шқ), А.Оразбаева көшесінің -1 және 2-ші учаскелерін (ұзындығы -0,495 шақырым) орта жөндеу жұмыстары биылға жоспарланған.
Айта кететін болсақ, Б.Момышұлы ауылындағы көше жолдарын жөндеуге жоспарланған жұмыстардың ішінде – Әл-Фараби және Көктем көшелерінде орта жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Аталған көше жолдарының құрылысын мердігер мекеме «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС-ның жүргізгені туралы газеттің алдыңғы нөмірлерінің бірінде оқырманға толыққанды ақпарат берген болатынбыз.
Ендігі кезекте Б.Момышұлы ауылында ұзындығы жарты шақырымды құрайтын В.Латикант көшесінің құрылысы басталды. Жұмыстарға жауапты мердігер мекеме – тараздық «Конструкция Темір-Бетон» ЖШС. Апта ішінде аталған серіктестіктің жолды тегістеуге арналған ауыр техникасы жолдың бұрынғы асфальт жабынын бұзып алып, жол орнын тегістеуге кірісіп кетті. Көше жолы толықтай тегістеліп, негіздемесі жасалып болғаннан кейін мұнда жаңа асфальт жабыны төселеді.
Серіктестіктің прорабы Сәбит Ахметовтың айтуынша, аталған көше жолын жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген талаптарға сәйкес атқарылмақ. Жұмысты өз деңгейінде әрі толыққанды атқару үшін серіктестікте асфальт тегістеуге арналған ауыр техника, салмағы әртүрлі екі каток, бес бірлік жүк тасымалдайтын ауыр техникамен қатар, асфальт төсеу кезінде құрылыс басында 10-ға жуық маман жұмыс атқармақ.
-Біздің серіктестік Б.Момышұлы ауылындағы В.Латикант және А.Оразбаева көшелерінің жолын жөндеуді өз міндетіне алып отыр. Сейсенбі күні бірінші көшенің жолын бастадық. Қазір онда тиісті жұмыстар атқарылу үстінде. Жол жөндеуге қажетті арнайы техникаларымыз бар, жұмысшы күші де жеткілікті. Сәтін салса, аталған көшелердің жолын белгіленген мерзім ішінде және жобалық-сметалық құжаттамадағы техникалық талаптарға сәйкес атқаруға барынша күш саламыз. Жол құрылысына қажетті негізгі материалдар – асфальт және битум облыс орталығындағы зауыттан жеткізіледі. Барлығы сертификатталған отандық өнімдер,- дейді серіктестік прорабы Сәбит Ахметов.
Қосымша айта кетсек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен биыл 824,0 мың теңгеге 28 жобамен 28,47 шақырым жөнделеді деп жоспарланса, жол құрылыстары ауданға қарасты – Қайрат және Диқан ауылдарында, Көлбастау, Талапты, Көктөбе, Қарасаз, Қарабастау, Нұрлыкент, Ақтөбе Көлтоған, Қаратас, Т.Дүйсебайұлы және Шақпақата ауылдарында жүргізілмек. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен -11,169 шақырым жол жөнделсе, жұмыстар – Қошқарата, Рысбек батыр, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Алатау, Т.Дүйсебайұлы, Шақпақата және Билікөл ауылдық округінің Дарбаза ауылдарында атқарылады деп күтілуде.
Сәтін салып, құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақтылы атқарылатын болса, өңірге қарасты ауылдардың көше жолдары жөнделіп, ауыл көркін арттыра түседі деп сенеміз!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close