Basty bet

Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты

Білімді ұрпақ елді жарқын болашаққа бастайды. Білімді халық тәуелсіздігі мен тұтастығын, әр құндылығын қызғыштай қорғайды. Тіпті, экономиканың өзі осы салаға тәуелді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күнгі халыққа арнаған “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

“Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру керек” деді Президент.
Қызыларық ауылындағы №17 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп 2023-2024 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген үштіктің қатарында. Нақты айтқанда, 101,5 пайызбен алғашқы орында деуге болады.
Мектепті алты түлек аяқтаса, оның біреуі “Алтын белгі” төсбелгісімен бітірді. Төрт түлек мемлекеттік оқу грантын иеленді.
Білім ордасының тарихына қысқаша тоқталып өтсек, мектеп алғаш 1928 жылы Қызыларық бастауыш мектебі болып ашылған. Ыбырай Алтынсарин есімі мектепке 1961 жылы берілген. 1995 жылы 9 тамызда Жуалы аудандық әкімшілігінің № 103 қаулысының негізінде Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектеп орталау мектеп болып ауыстырылды. Ал, 1997 жылы аудан әкімінің шешімімен орталау мектеп орта мектеп болып қайта ұйымдастырылған.
Мектеп 2018 жылы 150 орындық жаңа ғимаратқа көшірілді.
Аталған мектепті бүгінде ІІ санатты, білікті, тәжірибелі педагог Зәуре Сегізбаева басқаруда.
2020-2021 оқу жылында мектеп аудан мектептерінің арасында өткен «Үздік орта білім беру ұйымы» конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал, 2022-2023 оқу жылында дәл осы конкурста Бас жүлдені жеңіп алып, ауданымыздағы “Ең үздік мектеп” атағын иеленді.
Мектеп директоры Зәуре Ілиятқызының айтуынша, мектепте 32 мұғалім жұмыс істейді. 32 педагогтың барлығы жоғары білімді. Оның ішінде 10-ы педагог-зерттеуші, 9-ы педагог-сарапшы, 6-ы педагог-модератор.
-Мектепте білімді, тәжірибелі мұғалімдер көп. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Перизат Жанысбаеваның, бастауыш сынып мұғалімі Қаракөз Айтбаеваның және химия пәнінің мұғалімі Нұрбала Қоштаеваның еңбегін ерекше атап өтуге болады.
2024-2024 оқу жылында 182 оқушы бар. Бірінші сыныпқа 17 оқушы қабылданды.
Биылғы оқу жылында мектепте 113 оқушы ыстық тамақпен қамтылады. Оның ішінде 1-4 сынып оқушылары – 66, 5-11 сынып оқушылары – 47. Атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатын отбасының баласы біреу.
2021 жылы химия, биология, физика кабинеттері заманауи оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда оқушылар сабақ барысында іс-тәжірибелерді осы құралдармен жасайды.
11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау үшін арнайы кабинет беріліп, оқушылар ноутбукпен қамтылған. Арнайы пән мұғалімдері оқушыларды дайындап, ай сайын тест тапсырып отырады.
Мектеп жанында бокс және таэквондо секциялары жұмыс жасайды. Оқушылар бокстан бапкер Нұрлан Бүйенбаевтың жетекшілігімен аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, ауылдың, ауданның мерейін асқақтатып жүр.
Одан бөлек оқушылардың шығармашылығын дамыту мақсатында мектепте шахмат, кіші футбол, волейбол үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар өнерге, спортқа құштар оқушылар мектептің ескі ғимаратынан ашылған Аула клубының филиалында дзюдо, домбыра, хореография үйірмелеріне қатысуда.
Мектебімізде спорттан биік белестерді бағындырып жүрген спортшы шәкірттеріміз бар. Атап айтқанда, бокстан бірнеше дүркін Қазақтан чемпионы Боранбек Бексұлтан Иорданияда өткен Азия чемпионатында қола медаль иегері атанды.
Әділет Устименко сынды шәкіртіміз де бокстан Қазақстан чемпионы. Ал, дзюдодан Әли Жайлаубай “Жуалы барысы” турнирінен І орынды иеленді.
Ұстаздар қауымының жетістіктеріне тоқталсам, 2020-2021 оқу жылында мектебіміздің тәжірибелі ұстазы, тарих пәнінің мұғалімі Айсұлу Әуелбекқызы «Үздік педагог-2021» атағын беру конкурсына қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Бастауыш сынып мұғалімі Айтбаева Қаракөз «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2021» байқауында Бас жүлдені иеленді. 2022-2023 оқу жылында Төлепберген Гүлдана облыстық «Үздік сынып және Үздік сынып жетекші» байқауында ІІ орынды иеленді. Осылайша мектебіміздің ұстаздары аудан көлемінде ең білімді, ең білікті педагогтердің қатарынан көрініп, мектебіміздің абыройын асқақтатуда.
Оқушыларымыз пән олимпиадалары мен шығармашылық байқауларға да қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Мәселен, 2022 жылы 7-11 сынып оқушылары арасындағы облыстық «Бауыржан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауында «Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет…» бағыты бойынша 8 – сынып оқушысы Шерімжан Мухсина ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды. 2022 жылы Ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаға 90 жыл толуына орай өткен «Шынның жүзі – Шераға» атты жас ақындар арасындағы облыстық мүшайраға белсене қатысқаны үшін 10-сынып оқушысы Қыдырбек Айгерім марапатталды.
2023 жылы 7-11 сынып оқушылары арасында «Бауыржан оқулары» байқауының «Алаштың айбыны – Бауыржан Момышұлы» номинациясы бойынша 9 – сынып оқушысы Сайлау Бегайым ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.
2021 жылы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған республикалық «Жас зерттеуші» байқауында ғылыми-шығармашылық жұмысы «Үздік» деп танылғаны және зор ізденісі үшін 8 – сынып оқушысы Талғатқызы Назерке І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Мектебімізде бұдан басқа да аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жоба, пән олимпиадаларының жеңімпаздары көп.
Оқушыларға мотивация беру, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру мәселесі бойынша білім беру ұйымдарымен әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық меморандумдарға қол қойылды.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Сағынбек Әлтайұлы мектебімізге арнайы келіп, оқушылардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар берді.
2023 жылдың 2 ақпан күні мектептің кәсіби бағдар берушісі Перизат Жүнісбекованың ұйымдастыруымен мектебімізге “ECL” компаниясының бас менеджері, координатор-профориентолог, JOO high school – профориентологы Абдурахманұлы Абдурашид келіп 10-11 сыныптарға профессионалды түрде кәсіби мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, өз бейіміне сәйкес мамандық таңдау туралы ақыл-кеңесімен бөлісті.
2022-2023 оқу жылында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің “Тамақ және қайта өңдеу өндірістері технологиясы” кафедрасының ұйымдастыруымен мектебіміздің 6-7 сынып оқушылары арасындағы ғылыми жобалар байқауында Тұрғыналы Бекұлан ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Білім – адамзаттың терең жəне үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, əлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Қазіргі білім беру үрдісі адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін ашып, əр адамның өзінің «менін» сезінуге, толықтыруға көмектесетіндей, сыртқы əлеммен əлеуметтік қарым-қатынастарда өз орнын табуға, өзін шығармашылықпен өзгертуге белсенділік танытуға ықпал етуі тиіс. Бүгінгі таңдағы қоғам кəсіби білімі жетік, құзіретті, бəсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті басшы, білімді ұстаз болу үшін əрбір педагог өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс.
Білімін тұрақты көтеріп отыру – педагогтардың құқықтары əрі міндеттері, білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі, мемлекет дамуының басты құралы болып табылады. Орта білім беру мекемелеріндегі басшы мен мұғалімдер, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жағымды, қалыпты қарым-қатынасты қалыптастыру – педагогикалық басқару мəселесін жақсартудың бірден-бір шарты. Осы бағытта педагогтердің педагогикалық үдерістің бағытын, мақсатын, міндеттері мен оған қойылатын талаптарды жете білушілігі жəне оқытушыға лайықты кəсіби шеберліктерді игеруі қажет. Бұл əрекет педагогтардың басқару үрдісін жете білуімен, оның кəсіби функцияларын орындау даярлығымен, əлеуметтік құрылулармен үйлесімді бірлікте болуымен жəне оның психопедагогикалық дайындалуымен сипатталады,- дейді Зәуре Ілиятқызы.
“Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады”,- деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің болашағы педагогтардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан бала жанын түсіне білетін рухани бай, ізденімпаз, еңбекқор, жаңашыл, өзін үнемі дамытып отыратын, нағыз ұстаз деген ұлы есімге лайық ұстаздарымыз лайым көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close