Basty bet

Туған топыраққа тағзым – жүректен шыққан жарқын тарту

Шақпақ ауылдық округіне қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында ел қуанышына айналған игі іс жүзеге асты. Туған өлкеге шынайы сүйіспеншілігін нақты әрекетпен көрсеткен Ниязалы Ұлтарақұлының ұрпақтары ауыл болашағы үшін сауапты қадам жасап, балаларға арналған заманауи ойын алаңын тарту етті. Бұл алыста жүріп туған жерін ұмытпаған перзенттердің жүректен шыққан жарқын сыйы, әрі келешек ұрпаққа деген жанашыр көңілінің көрінісі.
Алаң заманауи талаптарға сай жабдықталған. Түрлі әткеншектер мен сырғанақтар, қауіпсіздік элементтерімен толық қамтылған бұл нысан – ауыл бүлдіршіндері үшін шаттық пен бақыттың мекеніне айналды. Балалар алаңсыз ойнап, көтеріңкі көңілмен балалық шақтың қызығын көріп жатыр. Мұндай тарту тек ойын алаңы ғана емес, тәрбиелік мәні бар рухани демеу, ел болашағына бағытталған шынайы қамқорлық.
Ниязалы ағамыздың ұрпақтары тек балалар қуанышымен шектелмей, осыған дейін ауылдың орталық стадионын қоршап, оның аумағын тегістеу жұмыстарын да толықтай жүзеге асырған болатын. Бұл ауыл жастары үшін спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасап, салауатты өмір салтын ұстануға жол ашқан маңызды қадам. Бүгінде бұл стадион ауылда түрлі спорттық шаралар өтетін, жастардың бас қосып, шынығатын ортаға айналды.
Осындай ізгі бастамалар – ауылдың келбетіне көрік қосып қана қоймай, жұртшылықтың рухын көтеріп, бірлік пен берекені нығайтады. Бұл елге, туған жерге деген сүйіспеншіліктің сөзбен емес, іспен дәлелденген айғағы. Ауыл тұрғындары атынан Ниязалы Ұлтарақұлы ағамыздың ұрпақтарына шынайы алғысымызды білдіреміз. Туған жерін ұмытпай, оның игілігі үшін еңбек еткен азаматтар ауылдың ғана емес, ұлттың да абыройы.
Туған топыраққа тағзым етіп, ел ертеңіне үлес қосу – әрбір саналы азаматтың перзенттік парызы. Осындай жүрекжарды істер жалғасын тауып, халқымыздың елжандылық дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округі.
Т.Дүйсебайұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close