Basty bet
Конституциялық реформа – тәуелсіз ел дамуының жаңа саяси кезеңі
Биыл 15-ші ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толды. Бұл ретте Ауған соғысына қатысып, жат жерде қан кешіп, ерлікпен қаза болған ардагер азаматтардың ерен ерліктерін айтпай кетуге болмайды. Олай болатыны, бұл – жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне, онымен бірге, олардың өз Отанын сүйіп, нағыз елжанды азаматтар болып қалыптасуына ауадай қажет дүние.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай сәрсенбі күні аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш-монументке гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылды. Гүл қою рәсіміне аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесі, Ауған соғысының ардагерлері, т.б. ардагерлер және аудан орталығындағы бірқатар мектеп, мекеменің қызметкерлері қатысты.
Ауған соғысында ерлікпен қаза болған ардагерлерді еске алу, олардың ерен ерлігі мен асқақ рухына тағзым жасауға арналған шағын митингіге қатысушылар ескерткішке кезегімен гүл дестелерін қойып, жат жерде қаза болған марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың әзіз рухына тағзым етті.
Ескерткіш басында ұйымдастырылған гүл шоқтарын қою рәсімінде алғаш болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінде 10 жылға жуық уақыт болғанын, жат жердегі соғыс және ұрыс қимылдарына Қазақстаннан 22 мыңға жуық азаматтың қатысқанын, оның ішінде, бір мыңға жуығы қазақ азаматтары болғанын мақтанышпен айтып, сонда ерлікпен қаза болған жауынгерлердің есімін еске түсіріп, рухына тағзым ету – азаматтық пен елдіктің белгісі екенін баса айтты. Ауғанстан Республикасында интернационалдық борышын адал атқарған нар тұлғалы қазақ азаматтарының ерлік істері өскелең жас ұрпақтың болашағына жарқын үлгі екенін де қоса жеткізді.
Жиында сөз сөйлеген Ауған соғысының ардагерлері ұйымының төрағасы Ерғали Тілеубеков: «Қалай десек те, Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің сонда көрсеткен ерлік істері көпке үлгі-өнеге. Олар сол тұста Кеңестер Одағы басшылығының тапсырмасын мүлтіксіз орындап, қасиетті Отанның алдындағы азаматтық борышын жат жерде жүріп абыроймен өтеді. Жат жерде соғыс, ұрыс қимылдары, басқа да арнайы операцияларға қатысқан қазақ жауынгерлері ержүрек батыр халықтың ұрпағы екенін іс жүзінде дәлелдеп, Ар-Намыстың алдында адал болды деп нық сеніммен айта аламыз. Біз қаза болған қаруластардың рухына тағзым етіп, арамызда аман жүрген ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, батыр бабалардың ерлік істерін дәріптеуді азаматтық парыз деп білеміз. Жат жердегі ұрыс қимылдарына Жуалы ауданынан 70-ке жуық азамат қатысса, оның ішінде, үш азамат Ауған жерінде ерлікпен қаза тапты. Ауған соғысының ардагерлері қасиетті Отанның тапсырмасын, сонымен қоса, туған елдің алдындағы міндетті адал әрі абыроймен орындап келеді. Мұның барлығы жас ұрпақтың бойында Отанға деген патриоттық сезімді оятып, ұлтжандылықты қалыптастыруға өте қажет дүние» деп атап өтті.
***
Аудандық «Достық» мәдениет үйінінің кіші залында Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтыруға және Конституциялық реформаларды талқылауға арналған жиын ұйымдастырылды. Жиынға Ауған соғысының ардагерлері шақырылды. Жиынның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформалардың мән-маңызы туралы кеңінен әңгіме өрбітті.
– Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі Президент ұсынған маңызды міндеттердің бірі екені анық. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның маңызы зор.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Өздеріңізге белгілі болғандай, қазіргі таңда Президенттің бастамасымен заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін жаңа қоғамның негізі қалану үстінде. Ел өміріндегі дәл осындай жауапты кезеңде біз заңды қатаң сақтауға тиіспіз. Президент бұл турасында: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деді. Президенттің бұл парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады.
Жақында ғана Қазақстан халқына ұсынылған жаңа Конституциясының жобасы – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтаумен бірге, ел өміріндегі ең маңызды тарихи құжат болып саналады. Конституциялық реформа – Тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту бастамасынан туындаған маңызды қадам. Жаһандық даму үдерісінде және халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде өркениет көшінен қалмай, ең бастысы, ел болашағын дұрыс бағамдау ісінде мұның маңызы өте зор.
Жаңа Конституцияның жобасында қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын терең орнықтыру, экология мен қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, ең бастысы, адами капиталдың басты орынға қойылып, адам құқығы мен бостандықтарының қамтамасыз етілуін ерекше бөліп айтуға болады. Әлбетте, заң мен тәртіп үстемдік құрмаған мемлекетте ешқандай экономикалық даму, әлеуметтік өрлеу және саяси ілгерілеу болмайды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқына ұсынылған жаңа Конституцияның жобасында әлемдегі қазіргідей тұрақсыз кезеңде тұрақты экономиканы қалыптастырып, сол арқылы халықтың мүддесін қорғап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру басты мақсатқа айналып отыр,- деп атап өтті Жалғас Әлижанқызы.
Жиында Ауған соғысы ардагерлерінің атынан сөз сөйлеген ұйым төрағасы Ерғали Тілеубеков, бұдан бұрын ауданға қарасты ауылдық округтерде ардагерлердің қатысуымен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында өңір жастары және оқушылармен маңызды басқосулардың ұйымдастырылғанын атап өтіп, жалпы заң мен тәртіпті қоғамда терең орнықтыру арқылы елдің дамуына үлес қосуға және халыққа қызмет көрсетуге болатынын жеткізді. Өскелең ұрпақтың елжанды азаматтар болып өсуіне тәрбие мен тәртіптің рөлі зор екенін де еске салды.
Айта кету керек, жиында 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлеріне аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғысхаттары табыс етілді. Одан бөлек, бірқатар ардагер азамат І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ауған соғысы» орденімен, «Батыр шапағаты» және «Ауғанстан даңқы» медальдарымен марапатталды. Бұл күні Ауған жерінде ерлікпен қаза болған және туған елге келгеннен кейін қайтыс болған марқұм ардагерлердің рухына арнап дастарқан жайылып, Құран оқытылды.