Basty bet

Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасында ынтымақтастық байланыс кеңейді

Күні кеше Астана қаласында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы мен Ресей Федерациясының Ленинград облысы арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойылып, өзара уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.

Осы келісімдерді жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту аясында бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһарға арнайы келген Ленинград облысының делегациясымен кездесті.

Жиын аясында Тараз қаласы мен Ленинград облысының Сосновоборск қалалық округі арасындағы достық қарым-қатынастар орнату туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған Жол картасына қол қойылды.

Басқосу барысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков осы кездесудің ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызына тоқталды.

– Тараз – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ол бай тарихымен, бірегей мәдени мұрасымен және зор экономикалық әлеуетімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Ресей Федерациясын көпжылдық тату көршілік қарым-қатынастар, берік тарихи және мәдени байланыстар, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық салалардағы сындарлы ынтымақтастық біріктіреді. Бұл байланыстарды нығайтуда өңіраралық және қалалар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Осы арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және тікелей іскерлік байланыстар орнатуға нақты мүмкіндіктер қалыптасады. Біз өңірлеріміз арасындағы әріптестік қатынастарды дамытудың келешегі зор екеніне сенімдіміз. Бүгінгі кездесу – достық қарым-қатынастарды нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ортақ мүддеміздің айқын көрінісі, – деді Бақытжан Орынбеков.

Өз кезегінде Ленинград облысы губернаторының орынбасары Александр Кялин бүгінгі іс-шара Тараз қаласы мен Ленинград облысы арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде білім беру саласындағы байланыстарды нығайту, мәдени және туристік алмасуларды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, спорт саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне назар аударды.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі Жол картасына да қол қойылды. Құжат аясында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және Жамбыл облысындағы атом өнеркәсібі кәсіпорындарына қажетті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Кездесу соңында мәртебелі меймандар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close