Basty bet
Салада серпіліс бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда.
Атап айтсақ, бүгінгі таңда аудандағы 35 елді мекен таза ауызсумен қамтылған, ол 73,4 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, сегіз елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр Қоңыртөбе ауылындағы таза ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Сол сияқты Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары да өткен жыл аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Байтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары өткен жылдан биылға өтпелі болатын. Жуалы-Су» мекемесі тарапынан жүргізілген Ақтасты ауылындағы жұмыстар аяқталып отыр.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашеваның айтуынша, бір елді мекеннің жобасы сараптама қарауында, ол – Ақтөбе ауылы. Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ жеті елдімекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарланған. Бұл санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға жоспарланыпты. Ал елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету және кәріз су жүйелерін күтіп баптау, алып кету қызметтерін «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқаруда.
Ал аудандағы 49 елді мекеннің бүгінде 44-і табиғи газбен қамтылған, ол 89,7 пайызды құрайды. Таулы аймақтағы бір елдімекенді табиғи газға қосу табысты жүргізілуде. Қалған жұмыстарды биыл мерзімінен бұрын аяқтауға күш салынуда. Бұдан кейін газбен қамтылмаған ауданда Билікөл ауылдық округі ғана қаламақ. Ол округтегі төрт елді мекенге кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта магистральды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Атап айтсақ, бұған дейін Жуалы ауданындағы 49 елдімекеннің 31-і ғана табиғи газ жүйесімен қамтылған болатын. Көгілдір отынмен қамтылмай қалған 13 елді мекенге газ құбырын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаты 2017 жылы әзірленіп, 2019 жылы магистральды газ құбырының құрылыс жұмысы басталып кеткен еді. Сөйтіп, бүгінгі таңда көгілдір отынмен қамтылған елдімекен саны 44-ке жетті, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашева.
Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар ауданда тиісті деңгейде атқарылуда. Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылып та жататыны белгілі. «Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағыта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, өткен жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Биыл ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Өткен жылдың қортындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрады» дейді Роза Құрмашева.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге 3 жол енген. Атап айтсақ, Шыңбұлақ ауылындағы 7,6 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылыс жұмыстары аяқталса, «Күйік-Теріс Ащыбұлақ» бағытындағы 10,63, «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» бағытындағы 8,26 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары алда жалғасын таппақ. Осы және биылға жоспарланған жол құрылысы аясында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарынының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызға жеткізу көзделген.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»