Basty bet
ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН, ЖАРАСТЫҚТЫ ЖЫР ЕТКЕН…
Отбасы – махаббат пен мейірімнің, құрмет пен сыйластықтың ошағы. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Мемлекеттің дамуында және қоғамның қалыптасуында отбасы мен ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Сондықтан бұл күннің ерекшелігі де осында. Отбасы құндылықтары мен Отбасы институтының маңызын Президент те жіті түсініп, оны нығайтудағы саясатты қолдайды.
«Отбасы институты – еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі» деп атап өткен болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше екені белгілі. Отбасының қамқоршысы, тірегі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіретін – адал жары, ал сол шаңырақты шаттыққа бөлейтін бақыты – балалары. Міне, бүгінгі әңгімеміз ауданға қарасты Қайрат ауылының тұрғындары, өнегелі отбасы Нұржан Медетбекұлы мен Ақмарал Жұманованың өнегелі отбасы туралы болмақ.
Ер мінезді, сөзі мен ісі нық азамат, отбасы иесі Нұржан тарих пәнінің мұғалімі, ал ақылды да байсалды отанасы Ақмарал бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Ол білім ошағында да, отбасында да бала тәрбиесімен айналысып, азаматының бабын тауып отырған жан. Жарасымды жұп 1993 жылы шаңырақ көтеріп, отбасында үш ұл тәрбиелеп өсіруде. Оларды әкенің ақылы мен ананың ақ сүті ақ жолдан адастырған жоқ. Тұңғышы Айбек су ресурстары және ирригация министрлігінде бөлім басшысы, ал ортаншы және кенже ұлдары Нұрбек пен Бағнұр IT маманы. Бүгінде екі ұлы отбасын құрып, олардан 5 немере сүйіп отыр.
–Біздің отасқанымызға биыл 32 жыл. Осы уақыт аралығында талай қиындық та, қызық та болды, оның барлығын қатар көрдік. Жұбайымның алғашқы еңбек жолы Диқан ауылындағы орта мектепте мұғалім болудан басталды. Кейін біржолата Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне ауысып, өз ісін жауапкершілікпен атқарып келеді. Менде сол ауыл мектебінде жұмыс істеп, кейіннен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда біраз жыл еңбек еттім. Қазіргі таңда жұмыс бабымен Елордасы Астана қаласындамын. Үш ұл да бас қала Астанада болғандықтан, біздің де сол өңірге қоныс аудармақ ойымыз бар. Дегенмен топырағына аунап өскен ауылыңды да қимайсың. Неде болса балалардың жарқын болашағы үшін бәріне дайынбыз. Солар өсіп-өніп, биіктен көрініп жатса одан артық не керек? – дейді отағасы Нұржан Медетбекұлы.
«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп қазақтың ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік ұлы мамандықтың арқасында бір арнаға тоғысқан екен. Оларды білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, кәсіби ұстаздар деп айтуға болады. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді.
Осындай ардақты ата-анасы бар перзент жаман бола қоймас. Олар жайлы кенже ұлдары Бағнұрдың бірер ауыз әңгімесін де тыңдадық.
– Әкеміз сабырлы, еңбекқор әрі адал. Үнемі отбасын алдыңғы орынға қоятын, жауапкершілігі жоғары азаматтардың бірі. Ол өз ісіне тиянақты. Әрқашан жақындарына көмектесуге дайын тұрады. Сүйікті ісі – бау-бақша егу және табиғат аясында демалу. Сондай-ақ, домбыра тартуды жақсы көреді. Ал анамыз туралы айтар болсам, мейірімді, кең жүректі, қамқор жан. Бізге үнемі ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтеп отырады. Үйдің берекесі де, мерекесі де осы кісі.
Ата-анамыз бізге әлі күнге дейін «ұят болады» деумен әр істе ар-ұятымызды сақтауды үйретіп, «біреудің ала жібін аттама» деп, өзгенің еңбегіне, ақысынан аулақ болуды ескертіп отырады. Қарапайым болыңдар, ол адамды биік ететін қасиет. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп, сенім артып, бізге жауапкершілік жүктеу арқылы тәрбиелеп келеді,- дейді ол.
Кенже ұлы Бағнұрдың да берекелі шаңырақта дүбірлі той жасайтын уақыты ұзақ емес тәрізді. Ұлың ұяға, қызың қияға қондыру – әрбір ата-ананың парызы емес пе? Ерлі-зайыпты Нұржан мен Ақмаралдың да ендігі кенжетайларының екі жеңгесіндей жақсы жар жолықтырса деген ізгі тілегі бар. Отанасы өз сөзінде:
– Екі келінім де банк қызметкері. Жұмыста да, әулетте де сыйлы әрі беделді. Астанаға қыдырып барған сайын, құрақ ұшып, қуана қарсы алады. Өзімді қатал, міншіл енемін деп айта алмас едім. Арамызда осы күнге дейін сөзге келіп, ренжісу болмапты. Кіші боп ізеттігін білдіріп, сыйлап тұрса, біз қайда барамыз? Ондайда тек сыйластық арта түспек,- дейді ол.
Міне, татулығымен тартымды болып отырған шаңырақтың бүгінгі жай-күйі осындай. Шаңырақтағы жарастық пен татулық өмірді енді танып келе жатқан жастарға үлгі. Ұрпағының тұқымы ұсақталмай, ұлағатты болса ғана отбасының да мерейі үстем болмақ. Не де болса, ұрпақтың саны көп, саналы болсын. Саны аз болса да, ата-анасына, халқына сеп болар ұрпақ көп бола берсін дегіміз келеді.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»