Basty bet

Қасиетті отанды гүлдендіру — азаматтық парыз!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесі елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты. «Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке» деп тебірене сөз сөйлегені халыққа рух беріп, жас ұрпақтың жарқын болашаққа деген сенімі мен үмітін үкілей түскені анық.
Елдің қалыптасу тарихына көз жүгіртсек, осынау тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің алғашқы табалдырығын басып, баспалдағынан аттады. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан әлемге жеке дербес мемлекет ретінде таныла бастады. Содан бері еліміз өзінің жеке территориясы мен діні, тілі, азаматтығы бар іргелі елге айналды. Қазақстанның өзге елдермен терезесі теңесіп, шекарасы анықталып, мемлекеттік Туы мен Әнұраны бар жеке ел болып әлем картасында орын алғанын жақсы білеміз. Тәуелсіз еліміз мемлекеттік нышан ретінде өз Елтаңбасын, Туын және Әнұранын белгіледі. Осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір жас ұрпақ терең түсініп, оны қастерлей білу керек.
Мемлекеттік Ту – алтын күн алаулаған зеңгір көк аспан түстес. Сол көк аспаннын астында баяу қалықтаған қыран бүркіт қазақтың көңілін биікке алып шыққандай көрініс береді. Тудың сабағына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті қошқар мүйіз жолақ салынған. Ортасында алтын күн халқымызға нұр болып шапағатын шашып тұрғандай. Елтаңба – қазақ өмірінің ұлы белгісі шаңырақтан тараған.
Таң шапағындай уықтар, алтын қанатты ғажайып пырақтар болашаққа ұмтылған асқақ арманның бейнесіндей болып көрінеді. Әнұран – еліміздің музыкалық төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлем хат сынды. Елін, туған жерін сүйетін, елінің өткені мен бүгінін, тарихын тереңдей оқып, жүректен шыққан ойларын ақ қағаз бетіне түсірген қастерлі ән.
Республика күні – халықтық мереке. Қазақстан халқы Тәуелсіз елдің көркеюіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Өтпелі кезең ауыртпалықтарын бастан өткізіп, экономикалық-саяси реформалар жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің тұғырлы болып, егемендіктің орнығуына алдыңғы толқын аға буынның аянбай үлес қосқанын жақсы білеміз. Қазір бұл қасиетті дәстүрлі жолды ел жастары лайықты жалғастырып келеді. Қай саланың жұмысын алып қарасақ та, туған ел мен қасиетті Отанды жан жүрегімен сүйетін елжанды, іскер, білікті жас мамандар өте көп. Біз осыған қуанамыз.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осы тұста елімізде берік орныққан халықтар достығын үлгі-өнеге ретінде атап өткен жөн. Ел бірлігін сақтауда татулықтың баға жетпес байлық екендігін бүгінде Қазақстан халқының барлығы айқын сезінеді. Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің көптеген елімен терезесі теңескен, мәртебесі биік, беделді мемлекет. Қазақ халқы бүгінгідей тұрақтылық пен тұстатыққа, бақуатты тұрмысқа қол жеткізу үшін қаншама қилы кезеңді бастан өткеріп, қиын жолдардан өтті. Қасиетті қазақ жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, өткір тілімен, қасиетті қанымен қорғаған ұлы тұлғалар тарихта аз емес. Қазіргі жас ұрпақ олардың ел болуы жолындағы ерен еңбегі мен ерлік жолын ұмытқан емес.
Адамзаттың парызы – туған Отанын гүлдендіріп, оны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Әрбір күніміз шаттыққа толып, Республика күні мерекесі құтты болсын!

Мұхидин НҰРПЕЙІСОВ,
аудандық ардагерлер
кеңесінің жанындағы
Билер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close