Basty bet

ЖУРНАЛИСТИКА – МӘНІ ТЕРЕҢ МАМАНДЫҚ

Журналистика – қоғамның келбеті, жақұт көзі және тілі, елдің жүрегі. Қастерлі мамандықтың тарихы тереңде. Бұл мамандықты қоғамның айнасы деп атауымыздың өзіндік сыры бар. Күнделікті тіршілікте болып жатқан хабарларды журналист ой елегінен өткізіп, қалың бұқараға ұсынады. Жалпы, сарапшылар журналистика 46 мамандықтың басында тұр деген пікірді айтады. Бұл басқалардан артық дегенді білдірмейді. Қайта тілшілер қосынының қалам тербемейтін саласы жоқ дегенді аңғартады.
Журналист – жан-жақты әрі білімді маман болуы қажет. Қоғам дамуының барлық саласында тер төгетін тілшілер қауымының жұмысы ауыр, осыған сәйкес еңбегі да адал. Қасиетті Жуалы ауданының төл шежіресіне айналған «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне биыл мерейлі 90 жыл толып отыр. Осынау кезең аралығында тарихи оқиғаларды бастан кешіріп, қалың бұқараға шынайы ақпарат ұсынып келе жатқан аудандық басылымның тарихы терең, өнегесі бай. Газеттің мерейтойы – қасиетті өңірдің мерейлі мерекесі.
Аудандық газетте алдыңғы толқын аға буын мамандардың салған сара жолын қазір жас буын лайықты жалғастырып келеді. Қоғам дамуының барлық саласын қамтитын басылым қызметкерлері, тілшілер қауымы күнделікті жұмыс барысында мақала жазумен қатар, өңірге қарасты ауылдарды аралап, материал жинайды. Ауданда болып жатқан жаңалықтар, игілікті істер, шешілмей жатқан проблемалық мәселелер газет тілшілерінің назарынан тыс қалмайды. Мына фотосуреттер қалам ұстаған қауымның тыныс-тіршілігін баяндайды.
Журналистика адамзат баласының мына дүние жайлы ойын қалыптастыратын ақпарат құралы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік. Қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, ұлт қайраткері Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, арқалағаны алтын жандардың қанаты талмай, көпшілік қауымға сапалы әрі ашық ақпарат жеткізіп, қоғам мен елдің мүддесіне ұзақ жыл қызмет ете беруіне шын жүректен тілек қосамыз. Мерейтой құтты болсын, қадірлі қаламдастар!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close