Basty bet
Ауданда егінге орақ түсті
Жер-анаға төгілген маңдай тердің өтеуі қайтатынын жақсы білетін аудан шаруалары ерте көктемнен бері тынымсыз еңбек етуде. Көктемгі жер жырту, тұқым себу, күтіп-баптау жұмыстары аяқталып, енді жыл бойғы еңбектің нәтижесін саралайтын жауапты кезең – орақ науқаны басталды.
Биыл көктем мен жаз айларында жауын-шашынның мол түсуі егіннің бітік шығуына оң әсерін тигізді. Қазіргі таңда ауданда арпа алқаптарына орақ түсіп, шаруалар әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып, өнімді ысырапсыз жинауға кіріскен. Сонымен қатар, қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Орақ науқанының барысымен танысу мақсатында ауданның күншығыс беткейінде орналасқан Қызыларық ауылдық округіне жол тарттық. Жол бойында егістік басында тынымсыз еңбек етіп жүрген шаруалар Түктібай ауылынан өтіп, Қызыларық ауылына жеткен соң, ауылдың күнбатысындағы егістік алқабына бет алдық.
Алқап басында комбайн тізгіндеген механизаторлардың қарбалас тірлігі бірден көзге түседі. Комбайнның гүрілдеген үні мен самал желде тербелген алтын түсті арпа алқабы нағыз еңбек майданының көрінісін аңғартады. Бір шетте астық тиеуге дайын тұрған «КамАЗ» көлігі де жұмыс ырғағын үдете түсуде.
Бұл – «Сүгірбекова» шаруа қожалығының егістік алқабындағы қызу еңбектің бір сәті. Бұл шаруа қожалық 1997 жылы Асқарбек Сүгірбековтың бастамасымен құрылған. Қожалықтың іргесін қалап, қалыптасуына оның сіңірген еңбегі зор. Бүгінде әке жолын ұлдары Мақсатбек пен Ербол Тұрдалы лайықты жалғастырып келеді. Қазір қожалықтың иелігінде трактор, астық жинайтын комбайн, «КамАЗ» жүк көлігі және ауыл шаруашылығына қажетті өзге де техникалар бар.
Алғашқы жылдары небәрі 30 гектар жерге егін еккен шаруашылық бүгінде егістік көлемін 100 гектарға дейін ұлғайтқан. Биыл оның 50 гектарына арпа, 10 гектарына эспарцет, 12 гектарына жоңышқа, 8 гектарына күздік бидай және 10 гектарына мақсары еккен. Агротехникалық талаптардың толық сақталуы нәтижесінде егін жақсы өсіп, шаруалар мол өнімге үміт артып отыр.
Қожалық егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да қатар дамытып келеді. Бүгінде мұнда 15 жылқы, 5 сиыр және біршама қой өсіріледі. Бірінші орымнан 15 мажар шөп дайындалып, артығы ауыл тұрғындарына сатылған. Қазір екінші орымға дайындық жүріп жатыр.
Биыл шаруашылық арпаның «Бәйшешек» сұрпын және күздік бидайдың элиталық тұқымын еккен. Орақ жұмыстары өткен аптада басталып, бүгінге дейін 20 гектардан астам алқаптың өнімі жиналды. Өткен жылы қолайсыз ауа райының салдарынан өнім аз болған еді. Ал, биыл әр гектардан 25–30 центнерден өнім алынуда.
– Биылғы жыл біз үшін берекелі болды. Көктем мен жаздағы жауын-шашын егіннің жақсы шығуына ықпал етті. Қазір арпадан гектарына 25–30 центнерден өнім алып жатырмыз.
Ендігі мақсатымыз – бір дәнді де ысырап етпей жинап алу. Мал шаруашылығымен қатар айналысқандықтан, қысқы мал азығын жеткілікті көлемде дайындауға да ерекше көңіл бөлеміз. Бірінші орым толық аяқталды, енді екінші орымға кірісеміз. Жиналған астықтың бір бөлігін қамбаға құйып, мал азығына пайдаланамыз, ал артығын сатамыз. Өз жұмысымызды аяқтаған соң, басқа шаруаларға да қол ұшын береміз. Техникаларымызды өзіміз жүргізіп, қажет болса жөндейміз. Бірнеше жыл бұрын өз қаражатымызға 4 миллион теңгеге астық жинайтын комбайн сатып алдық. Мемлекеттен берілетін жеңілдетілген жанар-жағармайдың да пайдасын көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығында ең бастысы – еңбек. Еңбек еткен адам ғана оның жемісін көреді, – дейді механизатор Мақсатбек Тұрдалы.
Алқапта Ербол Тұрдалы трактормен орылған арпаның сабанын рулондап жинауда. Жиналған астық алдымен қамбаға құйылып, кейін оның бір бөлігі аудан орталығындағы диірменде тартылып, мал азығына пайдаланылады. Артық өнімі нарыққа шығарылады.
Бүгінде «Сүгірбекова» шаруа қожалығының еңбегі – ауылдағы табандылық пен жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі. Жыл бойғы еңбектің нәтижесін көріп отырған шаруалар орақ науқанын табысты аяқтап, қамбаларын астыққа, қораларын малға толтыруды мақсат етеді. Осындай еңбекқор жандардың арқасында ауданның аграрлық әлеуеті артып, елдің ырысы да еселеніп келеді.