Basty bet

Тәрбиенің үлкені – өзіңді тәрбиелеу

Денсаулықсыз өмірдің еш қызығы жоқ. Кімде-кім саған нанын бөліп бергенімен, денсаулығын бөліп бере алмайды. Денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса орны толмас асыл қазынасы. Өкінішке қарай, өзінің ең қымбат байлығын түрлі зиянды әдеттерге әуестенумен бұзып, жаман ауруға шалдығып, өмірін қор етіп, тіпті, өлім құшып жатқандар арамызда аз емес.

Денсаулыққа зиянды заттар бұрыннан бар. Қазір олардың түрі тіпті көп: есірткі, түрлі спирттік ішімдіктер, темекі, электронды сигарет, насыбай, қор-қор, тағы да басқа.
Ақын Арман Бердалиннің арақ жайлы мынадай бір өлеңі бар еді:
“Ақ арақтан бір босамай кесеміз,
Әркімдерге кетіп жатыр есеміз.
Бар өмірің бұлдыр-бұлдыр бірдеңе,
Жын соққандай беймәлім күй кешеміз.
Сол арақтың емес пе еді кесірі,
Үйде отырып бала тапты неше қыз?!
Бірақ біздер қалай арақ ішпейміз?!
Күнде мас боп жүрсе әке-шешеміз.
Айналайын ақылы бар, ағайын!
Ұлтың менен ұрпақ қамын жесеңіз,
Алдыменен өзің ішпе арақты,
Балам ертең адам болсын десеңіз!”.
Дене тәрбиесі, сана тәрбиесі – отбасынан басталады. Отбасында ұрпағына ненің пайда, ненің зиян екенін түсіндіріп, санасына сіңіріп, іс-әрекетімен дұрыс жолды көрсете білген ата-ана өзіне де, қоғамға да үлкен пайда әкеледі. Себебі, жоғарыда айтып өткен зиянды заттардың адамзат баласына, қоғамға тигізер кесепатында шек жоқ. Санасы уланған, тозған адам қандай жамандықты болсын, яғни арсыздық пен қылмысқа, абыройсыздық пен ұятсыздыққа барады, күнә жасауға бейім тұрады.
Қасиетті Құран мен адамзаттың ардақтысы, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистеріне сүйенсек, ішімдік тек харам нәрсе ғана емес “Пайдасынан зияны көп, бүкіл жамандық атаулының кілті” болып табылатыны айтылған.
Дана халқымызда “Құдай қарғаймын десе ақылыңнан алжастырады” деген мәтел бар. Яғни, қайырымы шексіз, мейірімді Алла Тағала адам баласына берген баға жетпес нығмет-сыйы, тіршілігінің мәні – санасынан айыруға бағытталған кез келген уыт пен харамнан сақтануымыз керек. Өйткені, есірткіге елірген, ішімдікке мас болған адам өте қауіпті.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жоғарыда айтқан ішімдік, есірткі, энергетикалық сусын, тағысын тағылардың денсаулыққа қаншалықты зиян екені туралы мамандар қанша айтып жатқанымен, оны пайдалануды доғарып, ақылға келіп жатқандар жоқтың қасы. Қайта пайдаланушылардың қатары көбейіп келе жатқандай. Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, көрсеткіш қорқынышты.
Алысқа бармай-ақ, аудандағы жағдайды сараптап көрейікші. Аудандық емхананың нарколог дәрігерінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылға алкогольдік ішімдіктерден улану фактісімен аудандық аурухананың қабылдау бөліміне 114 адам түскен. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылынан 48 адам, Шақпақата ауылынан 15, Көлбастау ауылынан -7, Қайрат ауылынан – 5, Қосбөлтек, Жаңаталап ауылдарынан – 4, Көктөбе ауылынан – 3 адам, өзге де ауылдардан бір-екі адамнан. Соның ішінде, бір адам алкогольдік ішімдіктен уланып қайтыс болған. Өз-өзіне қол жұмсау фактісімен 8 адам қабылдауда болған. Жансақтау бөліміне 29 адам спиртті ішімдіктен уланып түскен.
-2023 жылы диспансерлік есепте тұратын наркологиялық пациенттер саны – 229. Оның ішінде маскүнемдер – 149 болса, нашақорлар – 80. Жаңадан есепке алынған наркологиялық пациент саны – 20, есептен шығарылған наркологиялық пациенттер саны – 8 (4 пациент ремиссия сатысымен, 2 пациент тұрғылықты мекенжайы өзгеруіне байланысты, бір пациент сотталуына, бір пациент қайтыс болуына байланысты).
Ауданда наркологиялық есепте балалар мен жасөспірімдер жоқ. Маскүнемдік бойынша төрт әйел (2024 жылы алты әйел) бар.
2023 жылы облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығына стационарға ем қабылдауға ерікті түрде 6 пациент жатқызылды.
14-35 жас аралығындағы жастар арасында 34 пациент динамикалық есепте тұрады.
2023 жылы нашақорлар арасынан ЖИТС-ке 109 пациенттің 1 пациентте қаны оң мәнді болып шықты. Пациент қалалық СПИД орталығына жіберілді. Сонымен бірге флюрографиядан 45 пациент өткен, нәтижесінде барлығы теріс мәнді көрсетті.
Маскүнемдікпен, нашақорлықпен, уытқұмарлықпен зардап шегетін пациенттерді учаскелік мейірбикелердің анықтауымен және учаскелік полиция қызметкерлерімен анықталып, олардың туыстарының келісімен емдеу мекемелеріне ерікті және еріксіз түрде (бұл жағдайда сот шешімі бойынша) жіберіледі.
Аудан бойынша динамикалық есепте тұратын нашақорлардың салыстырмалы есебі 2023 жылы 78 болса, 2024 жылдың І тоқсанында 80 болып отыр.
Алдын алу жұмыстарына келсек, аудандық саламатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің алдын ала дайындаған жоспарлы кестесіне сәйкес, ауылдарды, мекемелерді аралап, тұрғындармен және түрлі топтармен жұмыс істейміз. Алайда қанша айтылып жатқанымен, қазір зиянды заттардың бір түрін болса да пайдаланатындар көп. Мектеп оқушылары, жалпы жастар арасында қор-қор, электронды темекі тартатындар көп. Олардың құрамындағы зиянды химиялық заттардың адамның ауызқуысынан бастап өңеш, өкпе-бауыр, жүрекке, жалпы ағзасына зияны шаш етектен.
Полиция бөлімінің қызметкерлері оларды қабылдау бөліміне экспертизаға отбасында, қоғамдық орындарда шу, жанжал шығарғаны үшін, көлік рөліне отырғаны үшін алып келеді. Олардың ішінде жастардың, жап-жас қыздардың болатыны жүрек ауыртады. Оларды есепке алу үшін өздерінің келісімі керек. Сондықтан көп жағдайда есепке алынбайды.
Зиянды заттарды пайдаланған адам міндетті түрде ауруға шалдығады. Тіпті, бір рет пайдалану арқылы да адам жұқпалы, жазылмас дертке шалдығуы мүмкін. Өмірін қор қылатын зиянды әдеттерге әуес адамдар өзінің де, отбасының да күйін ойламайды.
Адамдардың оларды көбірек пайдалануы біреулерге пайда. Зиянды заттарды сату арқылы пайда тауып отырған адамдар аз емес.
Ата-аналардан “балам тіс пастасын, жанар-жағармай түрлерін, желім, краска, тағы да басқа заттарды иіскейді” деген шағымдар түсіп жатады. Бұл да таксикоманияның алғашқы сатысы. Сондықтан мұндай жағдайларға бей-жай қарауға болмайды.
Тәуелділік, сананың улануы – бүгінгі қоғамның дерті. Олар мұндай теріс жолға түсуін жетіспеушілікпен, күйзеліске түсуімен түсіндіреді. Бірақ, ол жол тығырықтан шығар жол емес, қайта тығырыққа тірейтін жол. Өкінішке қарай, қазір түрлі құмар ойындардың құрбаны болған адамдар көп. Жас та, ересек те, әйел де, еркек те құмар ойын ойнап, қарызға белшесінен батып жүр. Олар құмар ойынның шарты алғашында адамды тарту үшін қызықтырып беретін қаржыға, яғни, оңай жолмен ақша табуға құнығады. Еңбексіз, оңай жолмен келген ақшада ешқашан береке болған емес, болмайды да.
Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен лудоманиямен күрес жүргізілуде. Бұл – күрес қоғам болып атсалысқанда ғана нәтиже береді. Кейбіреулерге жас ұрпақтың, ұлт санасының саулығы емес, пайда керек. Сондықтан, біз ұрпағымызды бар күш-жігерімізбен сақтап, құтқаруымыз керек,- дейді нарколог дәрігер Зоя Бердіқоджаева.
Зиянды әдеттердің құрбаны болып, өмірін қор қылғандар жайлы күнделікті естіп те, көріп те жүрміз. Жақында баласы құмар ойын ойнап, қомақты қаражатқа ұтылып, қарызға белшесінен кіріп кеткен ананың көз жасына куә болдым. Баласын құтқару үшін бар-жиған тергенін салып, біреуден қарыз алып, баласын құтқарып алды. Ана байғұс баласының “енді ойнамаймын” деген сөзіне сенгісі келеді. Өкініштісі, бұл баласының екінші уәдесі екен. Бұған дейін де осындай жағдай болыпты, араға бір жыл салып қайта қайталанып отыр екен.
Халқымызда “Балаң жақсы болса, жердің беті жақсы. Балаң жаман болса, жердің асты жақсы” деген сөз бар. Ешкімді Алла баласымен сынамасын. Балалар аман болсын, дені, санасы сау болсын!
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде: “Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек” деп, қоғамға қауіпті бес кеселмен ел болып күресуге шақырды. Яғни, ол кеселдердің бірқатары жоғарыда мақалада айтылды.
Жаратушы Иеміздің тыйғандарынан тыйылу арқылы ғана біз өзімізді, ұрпағымызды, адамзатты, жер бетін сақтай аламыз. Сондықтан ойланайықшы… Тәрбиенің үлкені – өзіңді тәрбиелеу. Нәпсімізді тәрбиелейік. Өзіміз түзелсек, айналамыз бізге қарап түзелетінін естен шығармайық…

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close