Basty bet

«Спортшының ата-анасы болу оңай емес»

 

Жалпы аудандық газетте жетістікке жеткен спортшыларымыз туралы жиі жазылады. Бірақ, олардың ата-анасы туралы көп жаза бермейді екенбіз. Сондықтан бұл жолы біз жақында ғана футболдан Қазақстан чемпионатында «Ең жас үздік ойыншы» атанған жерлесіміз, Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі Әбдірасул Әбдіманапұлының анасымен сұхбаттасқан едік.

«Баласы бәйге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дейді дана халқымыз. Әбдірасулдың ата-анасы да баласы жарысқа қатысқан сайын бір Аллаға сиынып, баласына амандық, абырой тілеп отыратын шын тілекші жандар. Әбдірасулдың ата-анасы Әбдіманап Балқыбекұлы мен анасы Айнакүл Ахмадбекова құс шаруашылығымен айналысатын аудандағы белгілі кәсіпкерлер. Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеген еңбекқор жандар екі қызын қияға қондырған. Әбдірасул кенжелері.

-Әбдірасул бала кезден спортқа өте жақын болды. Алғашында таэквондоға барды. Кейін боксқа, күреске, футболға қатысты. 3 сынып оқып жүргенде күрестен жарысқа қатысып, ІІІ орынды иеленген. Спорттың әр түріне қатысып жүріп, соңында футболды таңдады,- дейді Айнакүл Ахмадбекова. – Мектепте оқып жүргенде КВН-ге қатысты, «Жігіттер» төрттігіне еліктеп, төрт бала топ құрып, ән де айтатын. Жалпы бала кезден алғыр, талапшыл болды. Алдына мақсат қойса, соған жетпей тынбайтын.

Футболдан ең бірінші жеңісі Шуда өткен халықаралық жарыста командамен жеңіске жетіп, алған медалі. Бұл медальдің басқа медальдарға қарағанда салмағы да ауыр. Біз үшін де ерекше.

Мектепте оқып жүргенде талай жарысқа қатысты. Апталап жарыста болады. Таңғы төрт-бесте стадионның алдынан жарысқа шығарып салатынбыз. Киімдерін түгелдеп, тамағын алып, тілекші болып жүрдік.

Мектепте оқып жүргенде қалаға қатынап «Монтажник», «Ұлан» деп аталатын футбол клубтарына қатысып, өзін шыңдады. Аллаға шүкір сол еңбегіміз ақталды.

9 сыныпты бітірген соң Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне программист мамандығы бойынша оқуға түсті. Студент болып жүріп, колледждің, ТарМУ-дің атынан жарыстарға қатысып, оқу орындарының абыройын асырып жүрді. Алматыда өткен студенттер арасындағы жарыста «Ең үздік шабуылшы» атағын алды.

Футбол деген оңай емес. Әбдірасул өзінен үлкендермен ойнады. Себебі, футболда өзімен жасты жастар болмады. Содан болды ма, аяғына көп салмақ түсіп, 16 жасында тізесінің шеміршектеріне зиян келіп, аяғына ота жасаттық. Баламның денсаулығын ойлап, жүрегім ауырып, балама футболды қоюын өтіндім. Бірақ, ол: «Маған футболсыз өмір жоқ!» деп алған бетінен қайтпады. Отадан кейін үш ай үйде күтінді. Жаттығуларын жасап, дәрумендерін қабылдап аяғынан тұрды.

18 жасқа толмай Алматыдағы «Қайрат» академиясына қабылданды. 2019 жылы Қырғызстанда өткен жарыста командасымен І орынды иеленді.

Бұдан соң «Жастар» командасында болды. 20 жасында Талдықорғанның «Жетісу» құрама командасында ойын ойнады. Өткен жылдың тамыз айынан бастап «Аят» командасының құрамында. Командамен 2025 жылға дейін келісімшарт жасасқан. Жақында өткен Қазақстан чемпионатында командасы Күміс жүлдегер атанып, Әбдірасул «Ең жас үздік ойыншы» атанып, «Алтын бала» номинациясын иеленді.

Жақында ғана ауылда еңбек демалысында болып қайтты. Бүгінгі күні Ресейге жарысқа кетті. Одан соң 4-5 қыркүйек күндері Ақтауда өтетін «Супер лига» ойынына дайындалады. Міне, осылай жыл он екі ай бойы ізденістің, еңбектің арқасында биік белестерді бағындырып келеді.

Баламның ойынын көріп отырып, футболдың да қыр-сырын түсініп алдым. Әбдірасулдың жарысын теледидардан, үлгермей қалсам ютубтан көремін. Көріп отырып, баламның командаға сіңгенін, шыңдалғанын, команда мүшелерінің бір-бірін айтпай түсінетін дәрежеге жеткенін байқап қуанамын. Балама жетістігі мен кемшіліктерін айтып отырамын.

Әр жарысқа қатысқан сайын футбол алаңына шықпас бұрып балам маған хабарласып, жарысқа кіріп бара жатқанын айтады. Мен Аллаға тапсырып, тілегімді айтып, жігерлендіремін. Бұл Әбдірасулдың бұлжымайтын әдетіне айналған.

Спортшының ата-анасы болу оңай емес. Әр сәт сайын тақымыңды қысып, уайымдап отырасың. Бір жолы жарыста жүгіріп келе жатып, бір футболшының аяғына сүрініп, қатты құлады. Көріп отырып жүрегім ауырып, жыладым, уайымдадым.

Спортшы болу қиын. Бірақ жақсы жақтары да көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен достары көп. Өмірге деген көзқарасы кең, еңбекқор.

Әбдірасул өте қарапайым. Бір жолы демалысқа келгенде маған қалаға жәрмеңкеге барып тауықтың етін сатуға көмектесті. Сонда танитын жігіттер көріп, оның қарапайымдылығына тәнті болып жатты. Оған үнемі қарапайым, ашық бол, ешқашан дандайсыма деп айтып отырамыз,- дейді Әбірасулдың анасы.

Иә, анасының ақ тілеуі қабыл болсын! Әбірасулдың Жуалының ғана емес, еліміздің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close