Basty bet

Озық ойлы ұлтқа айналу – қазақстан халқының ортақ мүддесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы халқымыздың болашаққа деген сенімін күшейтіп, елдің жаңаша даму бағытын айқындаған маңызды құжат болғаны анық. Президенттің елді цифрландыруға, жасанды интеллектті дамытуға, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге қатысты айтқан пайымды ойлары – жаңа уақыттың талабы ғана емес, келер ұрпақтың жарқын болашағына жасалған үлкен қадам.
Президенттің биылғы Жолдауында белгілі болғандай, ел дамуының драйвері саналатын – ауыл шаруашылығы саласын жаңа заманға сай дамыту ісін қолға алып, одан бөлек, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургия кешенін дамытуға басымдық берілетінін, сонымен қатар, жүк тасымалындағы рәсімдерді цифрландыру, бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу, су үнемдейтін технологияны дамыту, атап айтқанда, Президенттің пәрменімен алдағы уақытта жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылмақ. Мұны да елдің жаңаша қырынан дамуына бағытталған маңызды міндеттердің бірі деп атап өткен жөн.
Сонымен қатар, жаңа Жолдауда Үкіметке бірқатар маңызды тапсырмалар беріліп, ендігі кезекте аймақ әкімдерінің жұмысы өңірлерге инвестиция тартумен бағаланатыны белгілі болды. Бұл – өте орынды міндет. Инвестицияны ел игілігі ретінде бағалайтын болсақ, өңірлердің жаңаша дамуы инвестиция тартумен тікелей байланысты.
«Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы қажет. Қажет болса жоғары технологияларға салынатын инвестицияға жеңілдік беруге болатыны айтылды. Қалай болсада инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премер-Министрге жүктелді. Үкімет басшысы 10 күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс» делінген жаңа Жолдауда. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен жұмыс істегенін айта керу керек. Соның нәтижесінде, 850 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат 10 мектеп, 4 спорт ғимараты, 235 денсаулық сақтау нысанымен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына жұмсалды.
«Үкімет ұлттық банкпен бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Сондықтан ұлттық банк экономикаға барынша қаржы салу керек. Елімізде ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет.
Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуы тиіс. Қытайға барған сапарында келіссөздер жүргізіліп Шэньгінэнь технологиясы бойынша ірі компаниялар Алатау city жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады.
Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек» деп атап өтілген Президенттің халыққа арнаған Жолдауында.
Биылғы Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде көрініс тапқан.
Адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызды ресурс саналатын су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Қазір елімізде су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Тіпті егін суаруға қажетті суды ешбір рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатындарда бар. Бұл мәселемен құқық қорғау мекемелері айналысу керек деп білемін. Жуалы ауданында да суды пайдалануда осындай өзекті проблемалар бар. Кейбір жылдары жаз айларында өңір тұрғындары ауызсусыз қалатын кездер кездеседі.
Президент «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ел өңірлерінде жалғастыру қажеттігін тағы бір еске салды. Жұртшылыққа белгілі болғандай, бұл бағытта кешенді жұмыстар қолға алынып, аталған акция жалғасын табуда. Оны ауданның өмірінен де анық көруге болатынын ерекше атап өткен жөн.
Бұл туралы: «Елімізде былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды. 4 млн астам ағаш отырғызылды. Осындай жұмысты жалғастыра береміз. Қазақстан нағыз жасыл ел болу керек. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі – өнеге және өсиет болып қалары анық. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Бұл жұмысты мектеп оқушыларынан бастап барлық қазақстандықтар атқаруы тиіс» делінген Жолдауда.
Ең маңыздысы ретінде Қазақстан халқы бірлесіп күш біріктіріп атқаратын осындай маңызды жұмыстардың бастауында Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын баса атап өткен дұрыс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Заң мен тәртіп» мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деп атап өтті. Әлбетте, заң мен тәртіп – халыққа ортақ дүние.
Жолдауда айтылғандай, қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқараспен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Президент Жолдауда қазіргі таңда адамдар арасында дөрекі сөйлеп, бір-бірімен ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар дегенді қынжылыспен айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қоғамда мұндай жағымсыз әдеттерге жол беруге болмайды.
«Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресі қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіп бұзатын әйелдер де бар деп атап өтті. Бұл – мәдениеттік, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған. Сондықтан мәдениет кен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет» деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауда.
Сонымен қатар, жаңа Жолдауда жастар тәрбиесіне олардың болашағына үлкен мән беріліп, әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болу үшін патриот болуы керек екені де атап өтілді. Өскелең ұрпақтың бойындағы позитивизм мен білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлайтын, сол бағытта қоғамға жанашырлықпен еңбек етіп жүрген үлгілі жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете беріледі делінген.
Осы тұста биыл тамыз айында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында «Заң мен тәртіп, Әділ қоғам» атты Жамбыл облыстық ардагерлер форумы кең көлемде ұйымдастырылып, онда облыс жұтшылығына арналып қабылданған Үндеу мен шешімдерді іске асыру барысында өңірге қарасты ауылдық округтерде жиналыстар өткізудің кестесі жасалған. Мұндағы басты мақсат – қоғамда тәртіп, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етудегі әділдік пен ізгілік амалдарын орындауда қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру. Адал адам тәрбиелеп, әділетті қоғам орнату үшін ең алдымен елдің әрбір азаматы өз отбасында, әрбір еңбек ұжымында, ауылдарда, көшеде және мектептерде тәртіп орнықтыруға үлес қосуға тиіспіз.
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде жас ұрпақ тәрбиені әлеуметтік желілер арқылы алып жатыр. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар қаншама, мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушылардың қатыгездігі қоғам мүшелерін терең ойландыруға тиіс. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы, балаға мінез үш адамнан жұғады дейді. «Біріншісі ата-анадан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі құрбы-достарынан» дегенді алға тартады. Ең алдымен ата-анаға ұқсас мінез пайда болатын, отбасындағы тәрбиенің жоғары болу керектігін көрегендікпен айтқан. Отбасы – балаға өмір мақсаты мен құндылықтары туралы мағұлмат беретін және мінез-құлық мәдениетін қалыптастыратын алғашқы ұжым. Отбасында бала алғашқы адамгершілік дағдыларын үйренеді. Ата-ананың түсіндіруі, айтқан ақылы мен үлгілі өнегесі, үйдегі өмір салты, отбасындағы мінез-құлық әдетін бағалау өлшемдерін қарастырады. Әкелер институтын қалыптастыруда баланың тәрбиесіне жауапкершілікті арқалай білу – әкенің бұлжымас міндеті.
Елімізде қолға алынған ауқымды жұмыстың барлығы жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді. Оны лайықты жалғастырады деген сенім мол. Қорыта келе айтарым, біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихқа құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз. Өркениетті әрі озық елдің ғана заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді.

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы
«Құрмет» орденінің иегері.

Таңдаулы материалдар

Close