Basty bet

Жауапты кезеңде жауапкершілік танытуымыз қажет!

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге мемлекет және қоғам тарапынан үлкен міндеттердің жүктеліп отырғаны белгілі. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан да адам мен қоғамның құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі міндеттердің бірі. Біздің кәсіби шеберлігіміз бен біліктілігімізге ерекше сенім артқан халықтың көңілінен шығу қашанда оңай емес. Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған кезеңде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының болашағын өркендету жолында еселі еңбек ету – мемлекеттік қызметші үшін үлкен абырой.
«Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға осындай қатаң талап қойып отырған жауапты кезеңде оған жауапкершілік таныту – біздің міндетіміз. Мемлекеттік қызметшілердің де мақсат-мүддесі Президенттің ұстанып отырған салиқалы саясатымен үндес. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі осыған тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің қызметшілер билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс деп білемін.
Мен жақында ғана сайлау негізінде ауданға қарасты Қошқарата ауылына әкім болып тағайындалдым. Жас та болсам, маған үлкен сенім артқан ауыл тұрғындарына зор алғысымды жеткізе отырып, алдағы уақытта олардың заманауи қажеттіліктерін қамтамасыз ету жолында іскерлікпен және жауапкершілікпен жұмыс істейтінімді жеткізгім келеді.
Үш ауылдан тұратын және бір жарым мыңнан астам тұрғыны бар ауылда мүлдем проблема жоқ деп айта алмаймын. Жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, алдағы уақытта көше жолдарын орта жөндеуден өткізу және округтің орталығына заманауи спорт алаңшасын салу, т.б. маңызды жұмыстарды еңсеру міндеті тұр.
Қасиетті Қошқарата ауылдық округі мал басын көбейтуге қолайлы өңірлердің бірі болғандықтан, мұндағы шаруаларға мемлекеттің көмек-қолдауын уақтылы әрі нақты жеткізу, сол арқылы малдың басын асылдандыру мен көбейту ісі, шаруашылыққа жеңілдетілген несие мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға жәрдем беру де біздің негізгі міндетіміз.
Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру міндеті еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі екені белгілі. Сондықтан, мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидатының негізінде қызметте сатылай өсуге мүмкіндік берген мемлекеттің жоғары сенімін ақтау – біздің міндетіміз.
Сөзімнің соңында барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, қызметте табыс тілей отырып, ел өміріндегі жауапты кезеңде жоғары жауапкершілік танытуға шақырамын!

Мейіржан ТЕЛЕУШОВ,
Қошқарата ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close