Basty bet
Таза ауызсудың игілігін көрген ауылдардың қатары артуда
Президент қызметіне қайта кіріскен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде өзінің ең алғашқы Жарлығын ауылды дамытуға арнаған болатын. «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді.
Сөйтіп Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын дайындауды тапсырған болатын. Бұл жоба бүгінде дайындалып, ол ел көлемінде жүзеге асырыла бастады.
Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы 49 елдімекеннің 36-сы таза ауызсумен қамтылған. Ол таза ауызсумен қамтылған елдімекендердің 73 пайызын құрап отыр екен. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауызсумен, көгілдір отынмен, жалпы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде ауданда табысты жүзеге асырылуда. Соның нәтижесі бұған дейін таза ауызсу құбыры тартылған Дарбаза, Жылыбұлақ, Қызыларық, Қарасаз, Жүрінбай, Алатау, Теріс пен Нұрлыкент елдімекендерден көрініс тауып отыр» дейді бөлім басшысы.
Жалпы биыл аудандағы Кәріқорған, Тасбастау, Байтерек ауылдарында таза ауызсу құбырының құрылыс жұмыстары өз жалғасын табуда. Ол елдімекендердегі құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған, биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, биыл Билікөл ауылдық округіне қарасты Абдықадыр елдімекенінде аула және халық санының аз болуына байланысты кешенді блок моделі орнатылуда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауызсумен қамтылған ауданға қарасты елдімекендер саны едәуір артқан. Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – Ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда, – дей келіп, Қайрат Жатқанбаев алдағы жылдары атқарылатын жұмыс жоспарымен бөліскен еді.
Оның айтуынша, биыл Түктібай мен Ақтөбе елді мекендеріне таза ауызсу құбырын жүргізу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Оның құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарлануда.
Сонымен қатар аула және халық саны аз 7 елді мекен тұрғындарын да таза ауызсумен қамту көзделген. Атап айтқанда Қызтоған, Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу, Қазбастау және Қаратас елдімекендеріне кешенді блок моделін (КБМ) орнатып, ондағы су құбырына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы аталған елдімекендерді таза ауызсумен қамту жоспарлануда. Оның ішінде Қызтоған, Қаратас ауылдарына облыстық бюджеттен қаражат қаралып, құрылыс жұмыстар басталып кетті.
– Жалпы 2023 жылдың қорытындысымен аудан бойынша 41 елді мекенді таза ауызсумен қамту көзделуде. Осы жоспардағы жұмыстар аяқталғанда аудандағы елді мекендердің таза ауызсумен қамтылуы 8306 пайызға жетпек. Бұдан бөлек Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы, Күреңбел ауылдарындағы ауызсу жүйесінің құрылысына және реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”