Basty bet
Су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ!
Апат айтып келмейді. Биыл ерте көктемде еліміздің бірнеше облысында орын алған алапат су тасқынынан келген зиян шаш етектен. Иә, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы қарғын судан туындаған қауіп тұрғындардың өміріне орасан қауіп төндіріп, оларды әбігерге салғаны анық. Бір сөзбен айтқанда, қарғын судан төнген қауіпті бағамдау мүмкін болмай отыр. Өкініштісі сол, қызыл су қаптаған бірқатар аудандарда адам шығыны бар. Суға кеткен мал мен мүліктің орны толар. Ал адамның шығыны ше?… Тасқынға тосқын қоюға тиісті жауаптылар жауапқа тартылғанымен, суға кеткендердің орнын немен толтырамыз… Шынында қазір қар суынан болған алапат тасқынға қатысты мәселе өте күрделі болуда. Апаттың салдарын жою өте қиынға түскелі отыр. «Көппен көрген ұлы той» десек те, болған жағдайдан сабақ алуға тиіспіз!
Аптаның басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өткені белгілі. Президент жауапты тұлғаларға тасқын судың қаупін азайтуға, ең бастысы, адам шығынын болдырмауға күш салуды қатаң тапсырды.
– Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек. Алайда, ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмасынан кейін іле-шала Жамбыл облысында да су тасқынына дайындық шараларын тағы бір пысықтау жұмыстары жедел қолға алынып, аймақ басшысы Е.Қарашөкеевтің тапсырмасымен су тасқыны және қар көшкіні қаупі бар аудандардың таулы аймақтарын әуеден шолу жұмыстары жүргізілді.
Бетін аулақ етсін. Бірақ қамданғанның қапы қалмайтыны анық. Сондықтан, ел өңірлерінде орын алып жатқан алапат су тасқынының салдарын ескерсек, бізге де қамсыз отыруға болмайды. Бұл бағытта Жуалы ауданында 2024 жылдың 22 қаңтар 20 наурыз аралығында жаппай су тасқынына қарсы дайындық айлығы кезінде атқарылған іс-шаралардың барысына тоқталсақ, ауданда 2024 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша аудан әкімімен «22 қаңтар-20 наурыз аралығында жаппай көктемгі су тасқынына қарсы дайындық айлығы» жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, тиісінше, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімімен бірқатар жұмыстар атқарылған. Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев айтып берді.
-Бұрын жүргізілген талдауларды ескере отырып, әрбір елді мекенде неғұрлым су тасқыны қаупі бар жергілікті учаскелерді (тұрғын үйлері, аула аумақтары, су басуға бейім объектілер), сондай-ақ қанағаттанғысыз жай-күйіне байланысты су басу қаупі бар су өткізу құрылыстарын (арық және дренаж-нөсер жүйелері, каналдар, су өткізу сақиналары және т.б.) айқындау мақсатында ағымдағы жылдың 15 қаңтар күні құрамына Жуалы ауданы әкімінің орынбасары А.Жабағы, «Түлкібас» теміржол желісінің бас инженері Ш.Дадабаев, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының басшысы Қ.Шымыров, су реттеуші М.Сыздықбаев және Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы 15 қаңтар күні «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының техникалық жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, акт жасалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар айының басында аудан аумағында орналасқан су қоймалары мен тоғандардың техникалық жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтің әкімдерімен бірлесе отырып, аудан аумағындағы барлық су өткізу құрылғыларына және гидротехникалық құрылыстарға күнделікті мониторинг жүргізілуде,- дейді бөлім бастығы.
Жауапты мекеме басшылығының айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарының (мүгедек, қарт адамдардың, көпбалалы отбасылар және т.б.) үй жанындағы учаскелерін (аумақтарын) қардан тазалау және шығару мақсатында еріктілермен бірлесіп, күнделікті жеке тұрғын үй секторларында аула аралаулар жүргізілді. Су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары кезінде барлығы 3 096 аула араланып, 12 165 адам қамтылды және 10 мыңнан аса жадынама таратылған.
Арық және дренаж-нөсер жүйелерін, каналдар мен су өткізу құрылыстарын тазалау бойынша ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап аудандық «Жуалы-Су» мекемесінің арнайы техникаларының көмегімен және жергілікті атқарушы органдармен барлық елді мекендердегі арық, дренаж-нөсер жүйелерін, каналдар мен су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстары жүргізілу үстінде.
-Тасқын көріністерінің алдын алуға және еріген қар суының едәуір мөлшерін ұстап қалу мақсатында (егістіктер мен далаларды тазарту (жырту), каналдарды орнатуға бағытталған қосымша іс-шараларды орындау бойынша жұмыс көлбеу ағындарды бұру үшін, қар үйінділерін кесу және т.б.). жұмыстар атқарылу үстінде. Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының батыс бөлігіне және Күркіреусу ауылына Алатау бөктерінен еріген қар суынан қауіп төндіруіне байланысты Ақтоған ауылының оңтүстік-шығыс бетінен тау бөктерінен еріген қар суын бұру мақсатында канал қазылып, бүгінгі күні қауіптің алды алынды,- дейді ТЖБ бастығы Қ.Оразбаев.
Бөлім басшысы су тасқынының алдын алу және сел қаупінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан ағарту жұмыстарын да айтып берді. Оның айтуынша, бұл бағытта білім беру объектілерінде волонтерлік және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, «Қауіпсіздік мәдениетін» қалыптастыру және халықтың барлық топтарын су тасқыны жағдайындағы іс-қимылдарға оқыту жөніндегі кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен және еріктілермен, аудандық білім бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жеке тұрғын үй секторларында аула аралаулар жүргізілген.
Су тасқыны кезіндегі мінез-құлық қағидаларын оқыту бейнероликтерін әзірлеу және оларды елді мекен көшелерінде және адамдар көп жиналатын орындарда көрсетуді ұйымдастыру мақсатында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлесіп әлеуметтік желілерде су тасқынының алдын алу, су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттер туралы бірлескен іс-шаралар да қоса өткізілген. Жергілікті БАҚ беттерінде, баспа басылымдарында және әлеуметтік желілерде су тасқыны құбылыстарының алдын алу және іс-қимыл ережелері жөніндегі шаралар туралы бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде. Әлбетте, су тасқыны мен селден келетін қауіп-қатердің алдын алу үшін мұндай іс-шаралардың маңызы өте зор.
Ойымызды қорытындылай келе, еліміздің шығыс, орталық, басты өңірлерінде орын алған алапат су тасқынының зардабын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қауіптің беті әлі де қайтқан жоқ. Сондықтан, қай кезде де қам-қарекетсіз отыруға болмайды…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»