Basty bet

Әке жолын еңбегімен жалғаған…

«Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» демекші, бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған еңбек адамдарын көргенде, жүрегің жылиды. Қандай мамандық маңдайға жазылса да, соның ырыздығы мен қызығын көру – үлкен бақыт екені сөзсіз.
Бүгінде жөндеуді қажет ететін аяқ киімін арқалап, етікшінің есігін қағатын азаматтар аз емес. Тек аяқ киім жөндеп қана қоймай, таза былғарыдан сапалы етік тігіп, ел алғысына бөленіп жүрген еңбексүйгіш жандар ауданда саусақпен санарлық. Сондай шебер азаматтың бірі – Сергей Греков.
Таң шапағымен таласа тұрып, біз бен тебенді жанына серік қылатын Сергей Греков аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Есігінің алдынан шағын шеберхана ашып, тұрғындарға сапалы қызмет жасап келе жатқан еңбексүйгіш азаматты бүгінде аудан тұрғындарының басым көпшілігі таниды. Шебердің қолының ебі мен тиянақтылығына да дүйім жұрт тәнті десек, артық айтқандық емес.
Осы кәсіпті нәсіп етіп келе жатқан Сергей Сергеевич №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепті тамамдаған. “Әке көрген оқ жонар” демекші, әкесі Сергей Федорович қолдан етік, мәсі пішіп тігетін шебер болған. Етік тігуді ұлына үйретіп, ерінбей еңбек етудің, шеберлікті шыңдаудың жолын көрсеткен де әкесі еді…
Кішкентайынан әкесінің ісін көріп өскен Сергейдің өзі де қолы қалт етсе туған-туыстың, көрші-қолаңның аяқ киімін жөндейтін. Осылай аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгерді. Қолы епті бала әке жолын қуып, бүгінде осы кәсіптің шебері атанып отыр. Етікшінің жұмысы оңай еместігі баршамызға белгілі. Күндіз-түні көз майын тауыса отырып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, неше жүз майда шегені мүлт кетпей қаз-қатар тізіп, тапсырыспен алған аяқ киімді қонымды етіп пішу, тігістерін келістіріп тігу ең алдымен үлкен шыдамдылықты, содан соң таусылмас төзім мен ептілікті талап етеді. Міне, осындай сирек қасиетті бойына жинаған кәсіп иесі күнделікті аяқ киім тігіп, тіршілік жасап келеді.
– Аяқ киім тігуді әкемнен үйрендім. Үйде аяқ қиім тігетін шағын цехымыз болатын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде, әкеме қолқанат болып, жанында көмектесіп жүрдім. Әкем өкінішке орай өмірден ерте өтті. Орта мектепті аяқтағаннан бері осы тірлікпен айналысып келемін. Әкем ер азаматтарға да, нәзік жандыларға да қонымды, әрі сапалы етіп етіктің түр-түрін тігіп беретін. Мен тек ерлерге ғана арнайы тігемін. Ауыл тұрғындарынан тапсырыс көп түседі. Қажетті материалдарды алғашында Ташкент қаласынан арнайы алдыртсам, ал қазір Тараз, Алматы және өзге де қалалардан сатып аламын,- дейді шебер.
«Етікшіні балға мен біз асырайды…» демекші, бұл кәсіптен түсетін пайда да көп. Олай дейтініміз, шеберханада тізіліп тұрған аяқ киімдердің бағасы – 20 000 теңгеден бастап, 35 000 теңгенің аралығында.
Сонымен қатар, қыстық етік тігіп қана қоймай, көкпаршыларға қазақтың ұлттық ою-өрнегімен сәнделген арнайы тапсырыспен аяқ киім тігіп жатқанын әңгіме барысында айтып қалды. Әрине, физикалық дене жаттығуын қажет ететін ұлттық ойында, бірінші кезекте аяқ киімнің ыңғайлы және сапалы болуы шарт.
«Кез-келген арзан аяқ киімнің зияны қымбатқа түседі. Басты байлық – денсаулық десек, оны күту сол аяқ киімге мән беруден басталады» дейді Сергей. Шебердің сөзінің жаны бар. Көбінесе етіктің әсемдігіне мән беріп, сапаға көңіл бөлмейтініміз рас. Сықырлаған аязда әсемделген етіктің табанынан суық өткенде ғана етіктің сапасы қаншалықты екенін түсінеміз. Сапасыз тігілген етіктің табанынан өткен суық, сай сүйегіңді сырқыратып, мазаны алады. Сапаны алға тартатын шебер азамат, тұтынушыға ыңғайлы және сапалы етік тігуден еш жалықпайды.
-Әр адамның ризашылығы – менің жұмысының бағасы, – деді ол ағынан жарылып. Сергей Сергеевичтің шеберхананы кеңейтсем деген ойы бар екенін әңгіме арасында байқадық. Оны алдағы уақыт көрсетер. Ең бастысы, тірлігін жасап, адал еңбек етіп отырған қарапайым етікшінің кәсібін маңдай тер мен адал еңбектің үлгісі деп білеміз.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close