Basty bet

ӘКЕНІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ ТАУДАН БИІК

Маусым айының үшінші жексенбісі – әкелер күні. Әкелер күні – әлемнің көп елінде әкелерді құрметтеу және бағалау үшін аталып өтетін мереке. Бұл – әкенің балалары мен отбасының өміріне қосқан үлесін, сүйіспеншілігі мен қолдауын мойындауға арналған күн.

Әкелер күні – отбасы мүшелерінің бірігіп, әке мен әке болудың маңызын мойындайтын уақыт. Бұл әке ретіндегі қарым-қатынасты құрметтеуге шақырып, әкелердің балаларының өмірін қалыптастырудағы маңызды рөлін еске салады. Қай қоғамды алып қарасақта, әке – түздің адамы. Отбасынан жырақта, жұмыста жүреді. Олар табыс табуға міндетті, әке отбасын асырауға тиіс деген ұстанымдар берік орнаған. Осындайдан кейін әке мәртебесінің кейбір қасиеттері көрінбей қалатын сияқты.
Қазақ «әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бірауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Асқар тауының тәрбиесін көріп, асыл қасиеттерін бойына сіңіріп өскен ұрпақ жаман болмайды – деп сенген. Бала да анасының «әкеңнен сұран» деген сөзінен сескеніп, тік қарап сөйлесуге жасқанатын.
Аудандық балалар кітапханасында әкенің қас-қабағы баланың бас сабағы екені ұқтыратын, әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүріндегі әкенің мәртебесін арттыру, беделін көтеру мәселесін жұмыла көтергеніміз жөн деген үлкен мақсатпен дайындалған «Әкенің қамқорлығы таудан биік» атты әкелер күніне арналған танымдық кеш өтті.
Кешті аудандық мәдениет үйі мен аудандық әкелер кеңесі және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.
Кешке облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев, Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, аудандық әкелер кеңесінің мүшесі Дәулетжан Байдалиев, кітапхана қызметкерлері мен мектеп оқушылары және балабақша бүлдіршіндері қатысты.
Танымдық кеш «Қызғалдақ» ән-би ансамбілінің әншісі Мадияр Сағымбековтың орындауындағы «Рақмет, әке!» әнімен ашылды.
Алғашқы сөзді алған облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек: «Қазақ отбасындағы әкенің рөлі асыраушы болумен шектелмейді. Ол отбасының негізгі қорғаушысы және қамқоршысы. Оның міндеттеріне жұбайының, балаларының және үлкен отбасы мүшелерінің, егер олар бірге тұратын болса, олардың әл-ауқатын қадағалау, оларды асырау кіреді. Қазақ отбасындағы әкелер әдетте мықты, сенімді және беделді тұлғалар болуы керек. Әке өз балалары үшін ең жоғарғы билік және басшысы»,- деген ойын жеткізді.
Кеш «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері Салтанат Мейіржанқызының «Перзент парызы», «Нұрлы ұрпақ» балабақшасының бүлдіршіндері Айша Нүкісбек пен Рамазан Қабылбектің «Әке» туралы өлеңдерімен ажарлана түсті.
Сондай-ақ Әбуғали Ералиев, Кемелбек Дәуренов, Дәулетжан Байдалиев те жылы лебіздерін білдіріп, әкенің рөлі туралы тағылымды әңгімелер айтты.
Кешке қатысқан оқушыларға Сейітхан Жұмашев әке туралы ойларын білу үшін тосыннан сұрақ қойды. Балалар әкелері туралы тебіреніспен жауап беріп, әкелерін мақтан тұтанынын жеткізді.
Кітапханашы Гүлнұр Егеубаева «Әке – отбасының тірегі» тақырыбындағы кітап көрмесімен таныстырды.
Кешті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев қорытты.
-Əке – асқар тау. Қашан да отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеріп, отбасы мүшелерін қорғап, қолпаштайтын қасиетті тұлға. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау – баланың перзенттік парызы. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, өскен орта, туған жердің қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Бабаларымыздан қалған «Бір əкенің тəрбиесін мың мектеп алмастыра алмайды» деген сөзі бар. Абай сияқты ғасыр тұлғасының өмірге келуі де текті əке Құнанбай қажының арқасы екені даусыз. Сондықтан отбасында әрдайым ынтымақ пен бірліктің болуы əке тəрбиесіне тікелей байланысты. Барлық əкелерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтаймын. Əрқашан Отанның тірегі, əулеттің жүрегі, балаларыңыздың қорғаны болып жүре беріңіздер,- деді Сейітхан Шерелханұлы.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close