Basty bet
“Жұмыс сапалы әрі уақтылы атқарылуы тиіс”
ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов ауданда жұмыс сапарымен болды
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов Жамбыл облысына арнаған жұмыс сапары барысында Жуалы ауданына да атбасын бұрды.
Ғали Қуанұлы алдымен аудандық орталық аурухананың қысқы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Жұмыс барысымен аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен орынбасары Асхат Жабағы және аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев таныстырды.
Аудандық аурухананың су жылыту қазандығы ST70755-1910-10-2018 (табиғи газбен жұмыс істейді, сұйық отынмен жұмыс істейтін резервтік оттық) Екінші G-1200 үшжақты газ қазандығы (табиғи газ және сұйық отынмен жұмыс істейді).
Жылыту маусымы басталғанға дейін аурухана мен жылыту қазандығы арасындағы жылу жүйесінің құбырлары жаңартылатын болады. Жылу жүйесін жөндеу жұмыстарына 118 млн теңге бөлінген. Ғали Қуанұлы жұмыстың сапалы әрі уақтылы атқарылуын тапсырды.
Ал, Түктібай ауылындағы ауызсу жүйесі құрылысымен мердігер компания “Темір-Строй Сервис и Ко” өкілі таныстырды.
Түктібай ауылында 143 тұрғын үйде 825 жан бар. Ауызсу түктібайлықтардың көптен күткен мәселесі.
-Су өткізгіш жүйесінің ұзындығы 4,7 шақырым. Жобаның жалпы сметалық құны – 626 859 мың теңге.
Жұмысшылар негізгі су трассасын жүргізуді аяқтады. Енді тұрғын үйлердің қақпасына дейін кіргізу жұмыстарын атқаратын болады.
150 метрлік екі скважина қазылған. Су мөлшері жеткілікті. Сонымен бірге екі су сорғы стансасының құрылысы аяқталды.
Бүгінгі таңда су жинайтын бассейннің құрылысы жүргізілуде. Алдағы аптада су мұнарасын әкеліп орнататын боламыз,- дейді компания өкілі.
Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы керек.
Мемлекеттік инспектор Ғали Қуанұлы Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектепке жапсарлас салынып жатқан ғимарат пен ескі мектеп ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Құрылыс жұмыстарын «Бином» ЖШС-і жүргізуде.
“№12 М.Әуезов атындағы орта мектепке жапсарлас 150 орындық оқу кабинеті, спортзал, асхана құрылысы және қолданыстағы мектеп ғимаратын қайта (реконструкциялау)” нысанының жалпы құны 1 210 945,4 мың теңге. Құрылыс нысаны 2025 жылдың ақпан айында тапсырылады. Құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырған “Бином” ЖШС директоры қызметін орындаушы Данияр Оразбеков құрылыс нысанында бүгінде 120 адам жұмыс істеп жатқанын, жаңа оқу жылы басталғанға дейін ескі мектептің бір бөлігін және жаңа жапсарлас ғимараттың оқу кабинеттері мен асханасын бітіріп беруге күш салып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге жауапкершілігі шектеулі серіктестік тарапынан қосымша ескі мектепке 10Х8 көлемде кіреберіс және мектеп жанындағы бос алаңға аллея (орындықтар қойып, өрнектас төсеп) жасап беруді жоспарлауда.
Мемлекеттік инспектор Ғали Кенжеахметов аудан басшысына құрылыс жұмыстарының сапалы, уақтылы бітуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»