Basty bet

Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткені белгілі.
«Еңбек – ер атандырады» деген тұжырымды сөзді халқымыз да бекер айтпаса керек. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деген сөзінің мағынасы өте үлкен. Ұлт сипатын айқындау жұмысына үлес қосу – тұтас қоғамның міндеті.
Еңбек майданына ерте араласып, қасиетті өңір экономикасының дамуына, ел арасында татулық пен бірлікті нығайту бағытындағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген белсенді азаматтың бірі ретінде еңбек ардагері – Раушан Әлиеваның да есімін атауға болады. Еңбек пен ұйымдастыру ісінің алдыңғы қатарында келе жатқан кейіпкеріміз 1956 жылы ауданға қарасты Шыңбұлақ ауылында туған. Талапты да жігерлі қыздың қоғамдық белсенділігі мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ байқалды.
Облысқа қарасты қазіргі Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауыл шаруашылығы (статистикалық) техникумын есепші мамандығымен бітірген бойжеткен 1980 жылдан бастап аудан көлемінде еңбекке араласа бастайды. Раушан апайдың еңбек жолы мен саналы өмірінің елеулі бөлігі аудандағы бұрынғы жіп иіру фабрикасымен тығыз байланысты өрбиді. Есепші мамандығын игерген жас маман Раушан Алтынбекқызы 1981-1999 жылдары аралығында Жуалы ауданының жіп иіру фабрикасында («Ш.Үлеков атындағы» акционерлік қоғам) қатардағы жай тоқымашыдан бастап, көп уақыт өтпей бригадир, ауысым бастығы, одан кейін цех бастығы, кадр бөлімінің бастығы және қойма меңгерушісі болып жұмыс атқарған.
Иә, еңбек ер атандырады емес пе?! Құрмет тақтасы және Құрмет аллеясындағы еңбек озаттарының алдыңғы қатарында білікті маман Раушан Алтынбекқызының да есімі жазылып, суреті ілініп тұратын. Бір сөзбен айтқанда, аудандағы алдыңғы өндіріс орны болған бұрынғы жіп иіру және тоқыма фабрикасының жұмысын жүргізіп, өндіріс ошағының алдыңғы қатардан көрінуіне кейіпкеріміздің қосқан үлесі орасан деп айтуға болады.
-Онда фабрикада барлығы 12 цех жұмыс істейтін. Атап айтқанда, қыжым мата цехы, палас, декоративті мата, сүлгі, колготки, жіп иіру, тоқыма және слесарлық-токарьлық, тағы басқа цехтар жұмыс істеп тұрды. Мұнда өндірілген дайын өнімдер Қазақстанмен қатар, бүкіл Одақ көлемінде жоғары бағаланатын. Әлбетте, осыншама жұмысты атқару, оған басшылық жасау үшін қызметкердің бойында күш-қайратпен қатар, ұйымдастырушылық қабілет те болуы қажет. Біз де алдыңғы буыннан көп нәрсе үйреніп, білікті маман болып қалыптастық деп ойлаймын.
Менің саналы ғұмырымның елеулі бөлігі осы фабрикада өтті. Еңбектен жаман болған жоқпыз. Өндіріс орнындағы жұмысты бірде-бір күн тоқтатпай, ұжымдастармен бірге ұйымдасып еңбек еттік. Қазір бейнеттің зейнетін көрудемін. Зейнетке шыққаныма он жылдай уақыт болса да, әлі де еңбектен қол үзген жоқпын. Несие серіктестігінің ұжымында еңбек етудемін.
Оған да шүкір. Бұл – ең біріншіден жарық дүние сыйлап, өмірге әкелген Ұлы Жаратушының және ата-анамның арқасы болса, екіншіден денсаулықтың арқасы. Құдай денсаулық берсе, әлі де жұмыстан қол үзбеймін. Мен қазір ауданда түрлі салада тер төгіп жүрген жас еңбеккерлерді ең біріншіден тәрбиелі болуға, адал еңбек етуге және тәртіпті болуға шақырар едім,- дейді еңбек ардагері Раушан Алтынбекқызы.
Раушан апайдың еңбектегі қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Өзі ұзақ жыл еңбек еткен жіп иіру фабрикасы әкімшілігінің Құрмет грамотасымен, одан кейінгі жылдары оның есімі фабриканың «Құрмет аллеясына» жазылды. 1999-2002 жылдары аралығында жоғарыда аталған акционерлік қоғамның банкрот болып танылуына байланысты таратушының көмекшісі ретінде бухгалтер болып еңбек еткен. Бір сөзбен айтқанда, ол тұста дүрілдеп тұрған фабриканың банкроттығынан кейінгі тарату ісі де оңайға түскен жоқ. Барлық даулы мәселелерде директормен бірге білек сыбанып, оны шешуге араласып жүрді. Ол тұста оның еңбектегі мол тәжірибесі көп көмегін тигізгені анық.
Раушан Әлиеваның қоғамдық қызметі фабрикада еңбек еткен жылдарынан бастау алған деуге болады. Ол 1988-1995 жылдары аралығында аудандық сотта халық заседателі (қазіргі алқабидің қызметі) болған. Кейіннен бірнеше жыл облыстық сотта да заседатель болды. Өмірін еңбекпен өткізіп келе жатқан Раушан апай аудандык тұтынушылар кооперативі желісінің дүкенінде сатушы, ал 2006 жылдан бастап «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС-ында шаруашылық меңгерушісі болып еңбек ету үстінде.
Өмірден көрген-түйгені мол Раушан Әлиева 2016 жылдан аудандағы медиация институтының дамуына өзінің үлесін қосып келеді. Онымен бірге ауданда Билер кеңесі қоғамдық институты құрылғаннан бері Бауыржан Момышұлы ауылдық және аудандық билер кеңестерінің, сонымен қатар, Аналар алқасының да белсенді мүшесі. Жамбыл облысындағы медиация институтын дамытуға қоскан үлесі үшін бірнеше жыл қатарынан «Үздік би» аталымын иеленуімен бірге, өңірдегі билер кеңесінің жұмысындағы белсенділігі үшін Алғысхаттармен және «Ерен еңбегі үшін», сонымен қатар, Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының медальдарымен марапатталған. Одан бөлек, қасиетті өңірдің дамуына қосқан ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін 2022 жылы «Жуалы ауданының Құрметті ардагері» атағына ие болды.
Еңбек озаты Раушан Әлиева отағасы Сағынбек Қойбағаров (марқұм) екеуі отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, ел дамуы жолында аянбай еңбек ету үстінде. Эльвираның мамандығы мұғалім. Аудандағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде әдіскер. Үлкен ұлы Жангелді кәсіпкер. Облыстағы туристік компанияның басшысы. Ал кенже ұлы Ғани Қойбағаров облыстық жылжымайтын мүлік департаменті басшысының орынбасары қызметінде. Кейіпкеріміз ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған бақытты ана, ардақты әже.
Президент Жолдауында ерекше атап өтілгендей, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Ел дамуына еңбек сіңіріп, үлгілі қызметімен танылған еңбек адамдарының еңбек жолы мен жетістіктері қашанда жас буынға үлгі болып қала беретіні даусыз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close