Basty bet

Өткенге салауат – болашаққа аманат

Жуалы жұртшылығы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Елімізде 1997 жылдан бері жыл сайын Президент Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіліп келеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ал, 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай еңбек ұжымдары аудан орталығындағы “Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш” алдында жиналып, гүл дестелерін қойып, сол сұрапыл жылдарда саяси қуғын-сүргін мен репрессияға ұшырап, аштықтың қармағына ілініп, қаза тапқан марқұмдардың рухына тағзым етіп, рухына Құран бағыштады. Мәдениет үйінің қызметкерлері нәубет жылдарға арналған ақындардың өлеңін оқыды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, аудан әкімінің аппараты, аудан әкімдігінің бөлімдері, білім, денсаулық сақтау мекемелері, Б.Момышұлы ауылдық әкімдігі, т.б ұжымдардың ескерткішке гүл қою рәсімінен кейін Асхат Базарбайұлы сөз сөйлеп, тарихқа көз жүгіртіп, бұл күннің маңызына тоқталды.
-Құрметті жерлестер, аға буын ағалар!
Өздеріңізге белгілі, 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталып өтуде.
Жалпы зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған екен. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.
Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін елімізде жаппай ақтау жұмыстары жүргізілді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жасаған Үндеуінде: “Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға “үлкен террордың” орасан зор алапат әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды”,- деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы 31 томдық жинақ жарық көрді. Әрине, әлі де атқаратын жұмыс та, ақталатын азаматтар да аз емес. Сондықтан қымбатты жерлестер! Бұл күн ешқашан жадымыздан шықпайды.
Саяси қуғын-сүргін жылдары біздің елімізге бірнеше ұлт өкілдері жер аударылып келді. Миллиондаған түрлі ұлт өкілдері, яғни отандастарымыз бүгінде Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, ынтымақ-бірлікпен өмір сүрудеміз.
Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Мұндай нәубет ешқашан қайталанбасын. Еліміздің іргесі берік, болашағы жарқын болсын!- деді А.Жабағы.
“Жуалы” көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков марқұмдардың рухына бағыштап Құран оқыды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close