Basty bet

Тәжірибе алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті

Осыдан бес жыл бұрын аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан “Аналар алқасы” қоғамдық құрылымы құрылған болатын. Қоғамдық құрылымның мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ету, балалар арасындағы әсіресе, қыздар мен әйелдер арасындағы құқық бұзушылықты төмендету мәселелері бойынша мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға атсалысу.
“Аналар алқасының” мүшелері ауданда отбасы дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттау мен дамыту, отбасы мәртебесін көтеру және бала тәрбиесіндегі үздік тәжірибелерді тарату, отбасындағы рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие берудің барысына, балалардың ата-аналармен немесе ата-аналардың балаларымен арақатынасына байланысты проблемалық мәселелерді зерделеу, қыз тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелеріне араласу арқылы көптеген жұмыстар атқаруда.
Апта басында аудандық Ардагерлер үйінде “Аналар алқасының” мүшелері бас қосып, өзара тәжірибе алмасып, алдағы жоспарларын нақтылады.
Басқосуды аудандық “Аналар алқасы” қоғамдық құрылымының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова ашып, жүргізіп отырды.
Аудандық қоғамдық құрылым төрағасының орынбасары және Қарасаз ауылдық “Аналар алқасының” төрайымы Айгүл Омарова жұмысы туралы есеп беріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Айгүл Жұмабайқызы ауыл ішінде түрлі мәселелердің оң шешімін табуына өз үлесін қосып, аналық ақыл-кеңесін айтып, көмек көрсетіп жүргенін айтты.
-Тәрбие деген өте күрделі, ауқымы кең мәселе ғой. Біреуге ақыл айту үшін өзіңнің ісің мен сөзің сай болуы керек.
Ел болған соң ел ішінде түрлі мәселелер болады. Жас отбасы, кейде тіпті орта жастағы отбасылар ажырасып жатады. Бұл мәселеге жастар, кейде үлкендер, екі жастың аналары кінәлі болатын кездер болады. Отбасында балалар ата-анасымен, ата-ана баласымен түсінісе алмай жататын кездер де болады. Қысқасы, түрлі мәселемен келген тұрғындарды қабылдап, оларға көмектесуге бар күш-жігерімді саламын. Сонымен бірге балабақшаға, мектептерге, колледжге барып та түрлі тәрбие шараларын өткіземіз.
Жұмыс жүру үшін аналар алқасына ауылдық округ әкімі тарапынан, ардагерлер кеңесі тарапынан қолдау керек. Біздің ауылдық округте бұл мәселе дұрыс жолға қойылған,- деді А.Омарова.
Жиында Билікөл, Қошқарата, Ақсай ауылдық округтері “Аналар алқасының” төрағалары да өз тәжірибесімен бөлісті. Аналар алқасының мүшелері өз ұсыныстарын жеткізіп, алдағы жоспарларын нақтылады.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close