Basty bet

Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

Аурудың үлкен-кішіні елемей, кез келген уақытта келетіні рас. Сондай сәтте ойымызға алғаш оралатыны, жәрдем сұрап, шипа күтетініміз де – осы дәрігер қауымы. Дүние есігін жаңа ашқан сәби шақтан еңкейген қарттық кезең арасында медицина қызметкерлерімен сан мәрте ұшырасатынымыз хақ. Сол себепті де ақ халатты абзал жандарға барша адамзаттың айтар алғысы шексіз. Өзге адамның денсаулығы үшін еңбек етіп, ыстық ықыласы мен аялы алақанын ұсына білетін ақ халаттылардың еңбегі ерен.
Ауданда да ел алғысына бөленіп, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандар баршылық. Дертіне дәру іздеген жан аудандағы орталық ауруханаға жүгінеді. Бүгінде бұл аурухананы білікті дәрігер Батырбек Үсенбаев басқарады. Ал, ауруханаға қарасты емхананың меңгерушісі – Еркебұлан Көмек есімді тәжірибелі азамат.

Осы ретте, аудандық емхананың меңгерушісі Еркебұлан Көмекпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Меңгерушінің сөзіне сүйенсек, емхана бір күнде 250 келушіге арналған. Таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейтін емханада 14 аймақтық дәрігер жүйелі қызмет атқарады.
Емхана ұжымы қан айналымы жүйесі ауруларын, қант диабетін, қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау тұрғысынан міндетті профилактикалық және скринингтік іс-шараларды өткізу бойынша үнемі жұмыс істейді, саламатты өмір салтын қалыптастырумен, әлеуметтік мәні бар ауруларды және созылмалы жұқпалы емес ауруларды диагностикалаумен, емдеумен және оңалтумен айналысады.
Емхананың құрылымына жалпы практика бөлімшесі, сондай-ақ мамандандырылған көмек бөлімшесі, стоматологиялық, клиникалық-диагностикалық, сондай-ақ профилактика бөлімшесі, әйелдер консультациясы кіреді.
Халыққа стационар-алмастыратын көмек ретінде емханада 16 төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді, онда аурулардың барлық сыныптары бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Мүгедектерді, ЕДС қатысушыларын, үлкен жастағы топтағы адамдарды, диспансерлік науқастарды оңалту емі жүргізіледі. Күндізгі стационарда емдеу әзірленген клиникалық хаттамаларға сәйкес заманауи деңгейде тегін жүргізіледі. Сондай-ақ, үйдегі стационарлардың жұмысы ұйымдастырылады.
Емхананың диагностикалық зерттеулер кешенін пайдалану мүмкіндігі әрбір пациенттің денсаулығын сақтау сияқты басты міндетті шешуге көмектеседі. Емхана заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған, суретті компьютер дисплейіне шығарумен флюорографияға арналған рентген қорғаныш кабинасы бар сандық флюорограф орнатылған. Бұл флюорограф скринингтік (профилактикалық) және бірқатар рентгенологиялық зерттеулер үшін үлкен ақпараттылық пен суреттердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді, пациенттерге аз сәуле түсірумен және жұмыс істейтін персонал үшін қауіпсіздікпен үйлеседі. Түрлі-түсті доплермен және қажетті өндірістік сенсорлар жиынтығымен сараптама сыныбының екі сандық ультрадыбыстық сканері, сондай-ақ жарық пен электрмен емдеуге арналған физиотерапиялық кабинеттер жұмыс істейді. Қосымша жабдықталған жаңа қатынассыз тонометрмен өлшеу үшін көз қысымы, тексеру үшін көз түбін, авторефрактор/кератометр, склодокристаллдық кестесі арқылы көздің көру өткірлігін тексеру.
Емхананың емдеу-диагностикалық базасы түрлі ауруларды жоғары дәлдікпен диагностикалауға және балалар мен ересектерге сапалы, тиімді емдеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Бейінді мамандар: акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер, педиатр, хирург, рентгенолог, кардиолог, оториноларинголог, онколог, маммолог, офтальмолог, психиатр-нарколог, эндокринолог, стоматолог, невропатологтар, дерматолог, УДЗ дәрігерлері медициналық қызметтердің кең спектрін көрсетеді. Барлық мамандардың жұмыс тәжірибесі мен біліктілік санаты мол, бұл халықтың сапалы медициналық қызметке деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
– Жуалы аудандық орталық ауруханасының клиника-диагностикалық зертханасына ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында замануи 5 анализатор алынды. Атап айтар болсақ, биохимиялық қан талдауын анықтайтын 18 параметрлі JS T240 анализаторы, жалпы қан анализін анықтайтын 21 параметрлі BCC 3100 анализаторы, коагулограмма анализін анықтайтын С3100 анализаторы, жалпы зәр анализін анықтайтын Н-100 анализаторы, қан құрамындағы газдармен электролиттерді анықтайтын EPOC анализаторы.
Бұл анализаторлардың қолданысқа берілуінің басты мақсаты – жұмыстың сапасын арттыру, жасалынатын талдаулардың атауын кеңейту. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету болып отыр. Ал, зертханашылар осы анализаторларда жұмыс істеу үшін толығымен оқудан өтті. Сондай-ақ, сегіз дәрігерлік амбулатория зертханашылары біліктілігін арттыру үшін жасалынатын талдаулардың атауын кеңейту үшін оқудан өтті, – деген Еркебұлан Бердалыұлы, емханада уролог, андролог, аллерголок, пульмонолог, балалар эндокринологы, фтизиатр сынды мамандар тапшы екендігін айтты.
Одан бөлек, емханаға келуші пациенттердің тарапынан кезек күту бойынша шағымдар түсіп жататынын айтады. Бұған басты себеп – аймақтардағы науқастарды қажетті маманның қабылдауына жазылу үшін интернет желісінің нашарлығынан науқас адам керек уақтысында кезекке тіркеле алмай ұзақ кезек күтіп қалатын кездер де болатын көрінеді. Сондай-ақ, емхананың тіркеу бөлімінде интернет желіс істемей қалған кезде аудан тұрғындары тіркеу бөлімінде ұзақ кезек күтіп тұрып қалатыны да жасырын еместігін айтады меңгеруші.
Қазақ атамыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаса керек. Сондықтан ақ халатты абзал жандардың берген нұсқаулықтарын орындап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – өз қолыңызда, құрметті оқырман!

Саулық – байлық негізі

Аудандық емханада жас маман-дәрігерлер баршылық. Сондай жалпы тәжірибелік дәрігерлердің бірі – Ернар Амангелді. Оның аудандық орталық ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етіп келе жатқанына биыл екі жылдың жүзі болды.
Ернар Амангелді 1994 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол аудандағы №15 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Мектепті аяқтаған соң ол Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне жалпы медицина мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейіннен оқуын Астана медицина университетінде жалғастырып, мұнда жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алып шығады.
Жас маманның айтуынша, алғашында ата-анасының қалауымен дәрігер мамандығын таңдаған екен. Бірақ, уақыт өте келе, жоғары оқу орнына түсіп, медициналық білімін жетілдіре келе мамандығына деген қызығушылығы арта түседі. Осылайша алдына нақты мақсат қойған жас жігіт білікті дәрігер болып шығуды ойлайды.
Елордада оқу оқи жүріп жедел жәрдем бригадасында үш жыл, Назарбаев атындағы көпбейінді аурухананың балаларға арналған жансақтау бөлімінде медаға болып екі жыл еңбек етеді. Алайда, туған жерге оралып, ауданның гүлденуіне атсалысуды ойға алған Ернар 2020 жылы ауданға келіп, аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасады. Жалпы тәжірибелік дәрігер Көлбастау ауылы тұрғындарының денсаулығына жауап береді. Оның жанында екі медбике қоса жұмыс атқарады. Ересектер медбикесі – Ажар Ораз болса, балалардың денсаулығына қарайтын медбике – Бижамал Чапарбаева.
– Көлбастау ауылындағы жалпы халық саны – 1731 адамды құрайды. Оның ішінде, ересектер – 962, балалар – 769. Өздеріңізге белгілі, көктем және күз айларында ауыл тұрғындары көбінде бронхит, тұмау және созылмалы аурулармен ауырады. Одан бөлек, мен жауап беретін аймақтағы тұрғындар көбінесе артериялды қан қысымы, қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігінен пайда болатын аурулармен және аллергиялық аурулармен шағымданып келеді. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жіті қадағалап отырамыз. Жұмыс күндері учаскеге қарайтын ауылға арнайы барып, науқастардың жағдайымен қанығып, дәрі-дәрмектерін жеткізіп береміз. Тұрғындарға әрдайым ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін білу керектігін айтып отырамын, – дейді Ернар Русланұлы.
«Бірінші байлық – денсаулық» демекші денсаулықтың маңызы зор. Сондықтан денсаулықты басты орынға қойып, тазалыққа, гигиенаға мән берген абзал. Пандемия кезінде қарапайым тұрғындардың көбі өздігінше емделуге кіріскені баршаға белгілі. Мұндай жағдайда олай етуге болмайды, ең алдымен дәрігердің көмегіне жүгіну керек», дейді жас маман.
Саламатты өмір салтын ұстанатын кейіпкеріміз жұмыстан қолы қалт еткенде спортпен шұғылданғанды және кітап оқығанды ұнатады екен. Бүгінде ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқу үстінде. Сонымен бірге, білімін әрдайым жетілдіріп отыру үшін медициналық кітаптарды жиі оқитын көрінеді.
Қазіргі таңда Ернар мен оның жары Ақбота Моматай Ерқанат есімді бір ұлды тәрбиелеуде.

Үнемі ізденіс үстінде

Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі адам жанының арашасы болып, ақ халатты абзал жан атана алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандықты игеру жеткіліксіз. Білікті дәрігер болуға адам өміріне жауапкершілік, ерекше құлшыныс пен күнделікті ізденіс, біліктілікті арттырып отыру маңызды. Медицина маманына үлкен жүректілік те аса қажет.
Айна Шалқар Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы. Ол №15 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Мектепті аяқтай салысымен дәрігер боламын деген бала арманын желкен етіп, Қарағанды медициналық университетінде жалпы медицина мамандығы бойынша білім алады. Сонымен қатар интернатураны қоса тамамдайды.
Дәрігер дипломын алған жас маман ауданға келіп қызмет етуде. Аудандық емхананың жалпы тәжірибелік бөлімінде дәрігер қызметін атқарып, басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың еміне шипа жасауға еңбек етуде.
Жас маманға 14-ші аймақ, яғни Қайрат ауылы және Б.Момышұлы ауылындағы Батырбек Датқа, Тұрар Рысқұлов көшелері берілген. Яғни, жас маман осы аймақтағы тұрғындардың денсаулығын жіті бақылауда ұстайды.
– Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан әрбір жуалылық өз денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Аурудың алдын алу өте өзекті. Дегенмен денсаулығына салғырттық танытатын тұрғындар да жоқ емес, – дейді Айна. – Мен қарайтын аймақтағы жалпы халық саны – 1500 адам. Оның ішінде ересектер 900, балалар 600. Диспансерлік бақылауда 117 науқас, 37 мүгедек науқас (1,2,3 ) топтар бар. Дәрігер қарауына жүрек қан тамыры ауруларымен, артериялды қан қысымы бар науқастар, қант диабеті, соңғы кездері буын ауруларымен ауыратындар көп. Маған екі медбике – Дина Есенқұлова және Жадыра Мәден есімді медбикелер көмек көретеді. Бірі ересектердің денсаулығына жауап берсе, енді бірі балалардың денсаулығын назарда ұстайды, – дейді жас маман.
Жас маманның дәрігер болуына, аудандағы белгілі, білікті хирург Қалды Байрамов түрткі болған екен. Айнаның айтуынша, ол мектепте оқып жүрген кезінде соқырішек ауруымен ауырып ауруханаға түсіп қалады. Осы кезде, Айнаға отаны хирург Қалды Байрамов жасайды. «Маған ол кісінің дәрігер ретінде өз-өзін ұстауы, біліктілігі ұнады. Сол сәттен бастап мен дәрігер боламын деп шештім» дейді Айна.
Білікті дәрігер болуды армандайтын кейіпкеріміз ылғи ізденіс үстінде жүргенді ұнатады. Медициналық кітаптарды үзбей оқып, білімін жетілдіріп отырғанды жөн санайды.
Медицина саласында жас жігерімен еңбек етіп жүрген А.Шалқар секілді жастар аудан медицинасының дамуына үлес қосады деген сеніміміз мол.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close