Basty bet

«Бексұлтан» дәмханасы сапалы қызмет көрсетеді

Нұрлыкент ауылында ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Одан бөлек, кәсіпкерлік саласы да жақсы дамып келеді.
Ауыл жастарының дені жеке кәсіппен айналысып жатқан жайлары бар. Бірі мал бордақылаумен айналысса, енді бірі өздерінің жеке асханасын ашып, ауыл тұрғындарына қызмет етуде.
Солардың бірі – Мадина Аманбаева. Ол қыркүйек айында Нұрлыкент ауылының орталығынан «Бексұлтан» дәмханасын ашып, өз кәсібін бастады.
Дәмхананың ашылғанына көп болмаса да тұтынушылары күн санап артып келеді. Дәмханаға түскі ас кезінде келушілер саны артады екен. Ал кешке дәмханада кішігірім мерекелерді атап өтеді.
-Біз дәмхананы ашқанымызға бір айдан астам уақыт өтті. Әзірге бұл кәсібіміз өзін-өзі түгелдей ақтап отыр. Келушілер де аз емес. Келген қонақтар қызметімізге дән риза. Әрине, бұл кәсіпті бір күнде бастап кеткен жоқпыз. Бастапқыда бірқатар мәселелер туындады.Бірінші ыңғайлы орын іздедім. Оның өзіне қаншама уақыт кетіп қалды. Дәмхананың ашылуына тура екі ай дайындалдым.
Дәмхана ашу көптен бергі арманым еді. Дәмхананы өз қаражатыма аштым. Ғимаратты осы ауылдың тұрғынынан жалға алып отырмын.
Дүкен мен асхананың кәсібі бір-біріне ұқсас. Бір күні сауда болса, бір күні болмай қалады. Әзірге бәрін өз күшімізбен жасап жатырмыз. Болашақта мемлекет тарапынан қандай да бір көмектер көрсетілсе, қуанар едік. Себебі, дәмхананы кеңейтсем деген ойым бар. Қосымша манты, тұшпара түйіп, мұздатқышта сақтап, ауыл тұрғындарына сатамын. Біздің дәмханада тамақтың барлық түрі бар. Оған қоса тез дайындалатын тағам түрлері де бар. Ауыл тұрғындары керек тағамдарына тапсырыс беріп, өздерімен үйлеріне алып кетеді.
Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтудамын. Егер жұмысымыз жүйеленсе тағы да көмекшілер аламыз,- дейді Мадина Әбдірайымқызы.
Жеке кәсіпкер Мадина Аманбаева дәмхана жұмысынан бөлек, бау-бақша егумен айналысады. Ол өзінің ауласындағы 10 соттық жерді тиімді пайдаланып, ерте көктемнен бастап көкөністің барлық түрін егіп, ауыл тұрғындарына саудалайды.
Дәмханаға келген әрбір адамды «тұрақты клиент» ету үшін ең бірінші сапа керек. Бұл жерде біз тек ғана тауардың емес, көрсетілетін қызмет пен тағамның да сапасы жайлы айтып отырмыз. Кәсіпте «ырза болған бір тұтынушы өзінен кейін тағы да он адам әкеледі» деген сөз бар. Сол үшін әрбір тұтынушы дәмхана жайлы жақсы ойда болғаны абзал. Яғни, кез келген кәсіпті өсіретін де, өшіретін де – тұтынушы. Себебі, тұтынушы – кәсіптің қозғаушы күші. Әрбір кәсіпкер соны түсініп, үнемі тұтынушымен тығыз қарым-қатынас орнатып отыруы қажет. Сонда ғана оның кәсібі де өркендей береді.
-Кәсіп жасау үшін көп оқудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әрине, білімді болған дұрыс. Бірақ, білімді кісілер кез келген нәрсені бастамас бұрын ұзақ ойланып, алдына нақты жоспарлар құрып отырады. Олар барлығын өздері кәсіп туралы оқыған кітаптағыдай жасағылары келеді. Негізі қай істі қолға алсаң да, тәуекелге бел буған дұрыс. Әрі қарай тәжірибе жүзінде көріп, үйреніп, төселе бересің.
Өзімнің өмірлік қағидам бар, ол – кез келген іске тұрақты болу. Кейбір адамдар біресе бір кәсіпті бастайды да, бір айдан соң оны жауып басқа салаға ауысып жатады. Ол дұрыс емес. Өзіңе ұнайтын бір саланы таңдап, сонда тұрақты жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Сонда ғана өз салаңның үздігі боласың,- дейді жеке кәсіпкер.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close