Basty bet

Жерлесіміздің жарқын жеңісі

2024 жылдың 28 тамызы мен 8 қыркүйегі аралығында Франция астанасы Парижде XVII Паралимпиада ойындары өтті. Онда спортшылар спорттың 23 түрінен бақ сынасты. Франция астанасында өнер көрсеткен 4 400 спортшының қатарында 44 қазақстандық бар.
Соның ішінде дзюдодан Қазақстанның Ұлттық құрама мүшесі, жерлесіміз Ақмарал Науатбек 5 қыркүйек Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарында дзюдо спорт түрінен 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) финалдық кезеңде сынға түсті. Ол тәжірибелі франциялық спортшы Сандрин Мартинеттен басым түсіп, 10:0 есебімен жеңіске жетті. Ақмарал татамиде кездескен үш бәсекелесін де «иппон» ұпай санымен жеңді. Бұл – Қазақстанның Париж Паралимпиадасындағы екінші алтын медалі.
Жерлесіміз финалға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалда қарсыласын сан соқтырды. Пара дзюдодан Қазақстан тарихында әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алған Ақмарал енді міне, ел тарихында дәл осы спорт түрінен Паралимпиада да топ жарған алғашқы спортшы атанып отыр. Ол былтырғы пара Азия ойындарында да қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан еді. Ақмарал Науатбек Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резерв спорт мектебінің түлегі. Жеке жаттықтырушысы – Айдын Анапин.
Жерлес спортшының жарқын жеңісін естіген бойда анасы Роза Бужигитовамен байланысқа шығып, Ақмаралдың спорттағы жолы жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Аллаға сансыз шүкір! Әуелі Жаратушы, екіншіден өзінің алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын жігерінің арқасында жоғары жетістікке жетіп отыр. Қызым бес жасынан спортқа қызығушылық танытты. Әдетте ата-аналар өздері балаларын спорт немесе т.б. үйірмелерге апарса, қызым мені спорт мектебіне өзі апарып, мен осы мектепке барамын деп ниет білдірді. Сол кезде алғашқы бапкері Ақмаралға: «Сен әлі тым кішкентайсың, бірінші сыныпқа аяқ басқанда қабылдаймын» деген еді. Бір жылдан соң ағайы сөзінде тұрып, қызым спорт үйірмесіне баратын болды. Алғашқыда каратэ секциясына қатысты. Кейін Астана қаласына қоныс аударған соң, алтыншы сыныптан бастап дзюдо күресіне ауысты.
Жаттығуға таңғы алтыда кететін. Ол кезде көлікпен апарып, алып келуге мүмкіндік болған жоқ. Автобустар да аз жүреді. Екеуміз спорт кешеніне дейін бірге жаяу жүгіріп баратын кездер де болды. Жалпы чемпион болу үшін баланың бойында мықты дисциплина болу қажет және ата-ана кез-келген жағдайға дайын болып, әркез қолдап, жігерлендіріп отыру өте маңызды.
Өзіне сенімді болғаны сонша, бойында қорқыныш атауы мүлде болмады. Қаншама адамның алдында өзін еркін ұстап, абыроймен жеңіп шықты. 14 жыл бойы осы салада өнер көрсетіп келе жатқандықтан, оның көзқарасынан, әрбір қимыл-қозғалысынан бәрін біліп отырамын. Ол ортаға шыққан сәттен-ақ чемпион болатынына кәміл сендім,-дейді анасы Р.Бужигитова.
Ақмарал Науатбек алғашында дзюдодан ұлттық құрама тобында болған. 2021 жылы көру қабілетінің нашарлауына байланысты пара дзюдоға ауысты. Жеткен жетістіктері жайлы айтатын болсақ, ол Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, 2022 жылы әлем чемпионы (Баку, Әзербайжан) және 2023 жылы екі дүркін әлем чемпионы (Бирмингем, Англия) атағын алды.
Ақмаралдың жұбайы Мәди Амангелдінің де спорт саласында үлесі зор. Ол қазақ күресінен Бүкіләлемдік ойындардың жеңімпазы, Бразилияда өткен Әскерлер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Айта кетсек, Ақмаралды қолдау мақсатында отбасы мүшелері де Париж қаласына ұшып барған еді. Франция халқы Ақмаралға зор қошемет көрсетіп, үздік ойын көрсеткені үшін ризашылықтарын білдірді.
Жерлесіміздің бұл жарқын жеңісі елімізде пара спортпен айналысатын жандарға үлгі-өнеге болады деп сенеміз. Ел мерейін өсірген айтулы спортшы Ақмаралға зор денсаулық және спортта жаңа жетістіктер тілейміз!

Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close