Basty bet
Ақбастау ауылында Алланың үйі ашылды
Ұлы Жаратушы Ие Алла тағаланы танып, қасиетті Отанды сүйіп, ел-жұртқа адал қызмет етудің бастау-бұлағы – асыл дініміз – Исламда және иман байлығында жатқаны анық. Сол себептен де қазіргі таңда Ұлы Жаратушыға құлшылық етіп, жан-жағына иман шуағын шашып, иман ілімін тарататын азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Халықтың имандылыққа, жалпы қасиетті асыл дінімізге деген жоғары құрметіндей болып ел өңірлерінде мешіт-медреселер көптеп бой көтеру үстінде.
Ел Тәуелсіздігіне биыл 33 жылға аяқ басса, сонау 1990 жылдың басында ауданда бірде-бір мешіт болған жоқ. Көпшіліктің ұсыныс-тілегімен ел өміріндегі қиын кезеңдерде (1990 жылы) аудан орталығында «Жуалы» көпшілік мешітінің алғашқы қазығы қағылып, құрылысы басталды. Бұл мешіттің құрылысы 1994 жылы толықтай аяқталып, пайдалануға берілгенін көпшілік жақсы біледі. Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде қасиетті өңірге қарасты ауылдарда 30-ға жуық имандылық үйі бой көтеріп, Аллаға құлшылық етуші қалың жамағатқа есігін айқара ашуда.
Күні кеше ауданға қарасты ынтымағы мен береке-бірлігі жарасып, өркениетке құлаш ұрған іргелі елдімекендердің бірі – Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылында сән-салтанаты келіскен зәулім жаңа мешіттің ашылу салтанаты болды. Қасиетті Жуалы ауданында 28-інші болып бой көтерген Алла үйінің салынуына келсек, бұл мешіт үйі көпшіліктің, оның ішінде, ауыл тұрғындарының және жекелеген демеуші азаматтардың қаржылай көмек-қолдауымен салынды.
Өткен жексенбі күні Құдіретті Алла тағаланың қалауымен және имандылықты қолдаған көпшіліктің күшімен салынған Ақбастау ауылдық мешітінің ашылуы ұйымдастырылып, осынау қуанышты оқиғаға алыс-жақыннан жамағат көп жиналды.
Алла үйінің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы сөз сөйлеп, имандылықты және Ұлы Жаратушы Алла тағалаға құлшылық етуді басты бағдар етіп ұстанған көпшілік жамағатты және ауыл тұрғындарын мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілек білдірді.
Жиында Ақбастау ауылының тұрғындарын және мешіттің ашылуына алыс-жақыннан жиналған жамағатты ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
-Құрметті жамағат, және ауыл тұрғындары. Ең біріншіден Сіздерді ауылдағы қасиетті Алла үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жалпы асыл дініміз – Исламда мешіт-медресе салу үлкен сауапты іс саналады. Алла тағала уәде еткендей, жер бетінде мешіт салған адамға жаннатта үлкен сарай тұрғызылады. Сондықтан, бұл – Алла тағаланы алдында сауабы мол игілікті іс саналады.
Мешіт – ғибадат, құлшылық орны. Мешіттің салынуы бір бөлек. Ал оның ішін тек Аллаға құлшылыққа және жамағатқа толтыруымыз қажет. Мешіт жамағатымен көрікті. Сол үшін сіздерді Алла тағалаға құлшылық етуге шақырамын. Осы қасиетті орыннан дін ғұламаларының көптеп шығатынына кәміл сенемін,- деді ауданның бас имамы. Бас имам Ғалымжан Қабылбекұлы қасиетті Құран аяттарын оқыды.
Жиын барысында батагөй қария, ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлы, Ақбастау ауылының қадірлі қариясы, еңбек ардагері Рахманберді Көшербаев, «Қожық баба ұрпақтары» қорының төрағасы, өңірге танымал азамат, ардагер балуан Сәлкен Жартыбаев, Шымкент қаласындағы «Жайлау» мешітінің имамы Мұхтар Әбсаматов, сонымен қатар, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, Ақбастау ауылдық мешітінің бой көтеруіне қаржылай демеушілік жасаған атпал азаматтар – Сүйеніш Егембердиев және «Дүниежүзі мұсылман жастары ассамблеясының» президенті Мұхамед Мәди сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілектерін жолдады.
Ауыл азаматтары мешіттің құрылысына атсалысып, оған қаржылай демеушілік жасаған Сүйеніш Сәрсенбекұлына сый-құрмет көрсетіп, ат мінгізді.
Айта кету керек, сөз сөйлеген қонақтардың барлығына қазақи дәстүрмен шапан жабылып, сый-сияпат жасалды. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы мешіттің құрылысына белсене атсалысқан жанашыр азаматтарға аудан әкімінің Алғысхатын салтанатты жағдайда табыс етті.
Мешіт салтанатты түрде ашылғаннан кейін көпшілік жамағат қасиетті орында бесін намазын өтеді. Мешіт құрылысымен бірге, ғибадат үйінің жанынан асхана және қосалқы шаруашылық ғимараты салынған. Сонымен қатар, құлшылық етуге келген азаматтарға толыққанды жағдай жасалған.
Мешіттің ашылуынан кейін алыс-жақыннан келген қонақтарға және көпшілікке ақ дастарқан жайылып, құдайы тамақ таратылды. Құдайыға жайылған дастарқанның басында қасиетті Құран сүрелері оқылып, әруақтарға бағышталды. Атап айтқанда, ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков Құран оқыса, ауыл қариялары көпшілікке бата берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»