Basty bet

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Ауданда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне сақтандырылмаған азаматтардың енгізілуі, жарналардың аударылуы жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар арасында тиісті жарналарды төлеу қажеттілігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімдігі жанында екі жұмысшы топтары құрылды.
Осы жұмысшы топтардың құрамына аудан әкімдігінің, аудандық аурухана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Халықты жұмыспен қамту орталығы, ішкі саясат бөлімі және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіріп, ағымдағы жылдың 5-8 желтоқсан күндері аралығында аудандағы ауылдық округтерде халықпен жиындар өткізді.
Қараша айында ауданымызда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған 8 485 адамдардың тізімдері әр ауылдық округ әкімдері аппараттарына жолданып, аталған азаматтардың әлеуметтік мәртебелерін нақтылау және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді. Бүгінгі таңда аталған азаматтардың ішінде 5 514 адамның әлеуметтік мәртебелері анықталып, тиісті мәліметтер «е-Халық» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Бұл бағытта жұмыстар жалғастырылуда.
«е-Халық» ақпараттық жүйесінде барлық азаматтардың әлеуметтік статустарын (оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, қоныс аударғандар, нәтижелі немесе нәтижесіз өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, қайтыс болғандар және тағы басқа санаттар) анықтау және жүйелі түрде осы жұмыстарды жүргізу ауылдық округ әкімдері аппараттарының құзыретінде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы №4 қаулысымен бекітілген «Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидаларының» 3-тарауына (Бірыңғай жиынтық төлемді бөлу және аудару тәртібі) сәйкес бұл жұмыстарға жауапты төрт мемлекеттік органдар бекітілген: мемлекеттік кірістер Департаменті мен басқармалары, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қоры, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры, Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Денсаулық сақтау министрлігі және ведомстволық бағыныстағы мекемелері.
Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бірыңғай жиынтық төлем жарналары аударылған кезде төлеуші азаматтың медициналық әлеуметтік сақтандырылғаны жөнінде мәліметтері үш жұмыс күні ішінде «МӘМС» қорының osm.kz порталында автоматтық түрде тіркелуде.
Төленетін БЖТ-нің көлемі қала тұрғындарына бір айлық есептік көрсеткіш (биыл- 3 063 теңге), ал, ауыл тұрғындарына бір айлық есептік көрсеткіштің 50 пайызы болып белгіленген (1 532 теңге).
Мемлекеттік корпорация қаражат түскен күннен бастап, операциялық үш күн ішінде БЖТ сомасын бөледі және төлем тапсырмаларымен мынадай мөлшерде: 10 пайызын төлеушілердің тұрғылықты жері бойынша жеке табыс салығы түрінде; 20 пайызын әлеуметтік аударымдар түрінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қорына; 30 пайызын міндетті зейнетақы жарналары түрінде Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына; 40 пайызын міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар түрінде Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударады.
Халықаралық Еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес «өз бетінше жұмыспен қамтылғандар» екі санатқа бөлінеді: «нәтижесіз өз бетінше жұмыспен қамтылғандар» (салық органдарында ресми тіркелмей шағын бизнеспен айналысатындар) және «нәтижелі өз бетінше жұмыспен қамтылғандар» (салық органдарында ресми тіркелген кәсіпкерлер).
Ресми тіркелмеген жұмыссыздар ішінде басым бөлігі өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылған санатына жататын азаматтар, яғни олар әртүрлі салаларда (құрылыс-жөндеу маусымдық жұмыстарда, ауыл шаруашылық, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, жолаушы немесе жүк тасымалдау және т.б.) еңбек етіп, белгілі бір табыс тауып, салық төлемейтін азаматтар. Бұл санаттағы азаматтар ай сайын Бірыңғай жиынтық төлемдерін (бұдан әрі-БЖТ) төлеулері қажет. Практикада орын алып отырған жағдай: осы санаттағы азаматтар көбінесе аталған жарналарын тек сырқаттанып, дәрігерлік көмекті тегін алу үшін ауруханаларға емделуге барғанда ғана төлейтіндері айқындалып отыр. Ал жүйелі түрде ай сайын БЖТ төлеуден бастартатын азаматтар аз емес.
Сонымен қатар, аудан аумағында экономиканың жекеменшік саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың басым бөлігі еңбек қатынастарын заңдастырмай, яғни еңбек шарттарын рәсімдемей, жұмыс берушілерінен қолма-қол жалақы алып жүргендер. Яғни, жұмыс берушілер тарапынан осы жалдамалы жұмыскерлеріне тиісті жарналары аударылмайды. Кейбір жұмыс берушілер салық органдарында жұмыскерлерінің нақты санын декларацияларында көрсетпейді, себебі әр жұмыскеріне салық жүктемесі көзделген. Нәтижеде бұл азаматтар шын мәнісінде жалдамалы жұмыскерлер бола тұра өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылған санатында есептеліп тұр.
Осы бағытта жауапты уәкілетті органдар жұмыс берушілермен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, еңбек, салық, медицина салаларына қатысты заңнамаларының ережелерінің жүйелі түрде орындалуын талап етулері қажет.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 26-бабының 1-тармағында аталған жарнаны төлеуден босатылған санаттағы тұлғалар белгіленген 1) балалар; 2) ресми жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар; 3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 4) осы тармақтың 5)-тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі); 5)жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар; 6) мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; 6-1) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам; 7) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері; 8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар; 9) тергеу изоляторындағы адамдар; 10) жұмыс істемейтін қандастар; 11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар; 12) мүгедектер; 13) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар; 14) алынып тасталды –ҚР 28.12.2018 № 208-VІ Заңымен; 15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінен бастап дербес төлеушілердің МӘМС жүйесіне кіруінің баламалы тетігін алдын ала 12 айға ( әр айға – 3 000 теңгеден; жалпы 12 айға -36 000 теңгені құрайды) жарна төлеу жолымен қарастыратын норма заңнамалық түрде іске асырылғанын жариялады. Бұл ретте, өткен 12 айға берешек жойылады және МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек жарналарды төлеген сәттен бастап қолжетімді болатынын атап көрсетті.

Арайлым НАЛЕКОВА,
аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.у.а.

Таңдаулы материалдар

Close