Basty bet
Ұлттар достығы – рухани байлық
Аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда Республикалық бірыңғай «ЖАСҰЛАН» балалар мен жасөспірімдер ұйымының барлық ұйым мүшелігіне қабылданған оқушылар жеті бағыт бойынша жұмыс жасайды.
Осы жеті бағыттың «Руханият» бағыты бойынша №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның, №24 Т.Рысқұлов, №6 А.Пушкин, №4 Қ.Сағындықов, №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептердің және №37 Ынтымақ негізгі мектебінің аға тәлімгерлері Лаура Қалдарбекова, Базаркүл Райымқұлова, Анар Есдәулетова, Шакизат Дурменова, Гүльнафиз Марасилова, Айгерім Балабековалардың ұйымдастыруымен «Ұлттар достығы – рухани байлық» тақырыбында ауданаралық байқау өтті.
Байқаудың мақсаты – мектеп оқушыларының бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлтаралық достық қарым-қатынасты, адамгершілік пен патриоттық сезімдерді сіңіру. Сондай-ақ, оқушылардың қоғамдық-әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Шара сонымен қатар, елімізде 130-дан астам өзге ұлттарының достық қарым-қатынаста өмір сүруіне сәйкес, мұндай ұлтаралық достық қарым-қатынастың рухани байлық екендігін жас жеткіншектердің бойына сіңіру және шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылды.
Ауданға қарасты барлық мектептің оқушылары қамтылған байқау екі кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде мектеп оқушылары өздерін ұлт ретінде ұлттық тілінде таныстырса, екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрден көрініс көрсетті. Ән-биден шашу шашып, ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.
Байқау барысында әр мектеп ереженің бірінші «Таныстыру» кезеңі бойынша өзіне белгіленген ұлт жайлы мемлекеттің халқы, саны, тарихы, мәдениеті туралы көптеген ақпараттар дайындап, сахна төрінде көпшілік назарына ұсынды. Сонымен бірге байқау ережесінің екінші кезеңі бойынша «Ұлттық салт-дәстүрінен көрініс» немесе өнерін барлық мектептер жоғары деңгейде көрсете білді.
Айта кету керек, байқауға аудандық білім бөлімінің әдіскері Жібек Қасымханқызы, «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының аудандық үйлестірушісі Әсия Айтмұхамбетова және №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның аға тәлімгері Лаура Қалдарбекова қазылық етті.
Байқауды қорытындылай келе, қазақ өнерін насихаттап, сахна мәдениетімен, киім үлгісімен ерекшеленген №1 Мыңбұлақ орта мектебі бас жүлдені қанжығасына салса, І орын украин салт-дәстүрін көрсеткен №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейге берілді. Сонымен қатар, ІІ орынға молдован өнерін ортаға салған №33 Теріс-Ащыбұлақ бастауыш мектебі лайық деп табылса, ІІІ орын орыс ұлтының ұлттық салт-дәстүрінен сыр шерткен №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияға берілді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»