Basty bet
Кеңесіп пішкен тон келте болмайды
Жамбыл облысы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов таяуда Жуалы аудандық сотында болып, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуевпен және аудандық Билер кеңесінің мүшелерімен кездесті.
Оңласын Қарабайұлы кездесу барысында аудандық сот ғимаратындағы Билер кеңесінің жұмыс кабинеті мен сотқа дейінгі татуласу кабинетін көріп, олардың материалдық жабдықталуына зер салды. Ол сонымен бірге жергілікті Билер кеңесі мүшелерінің сотта және сотқа дейінгі дауларды шешу жұмыстарына оң баға бере отырып, сотқа дейінгі институттың әрі қарай дамуы мәселесін қозғап, олардың көрсеткіштерін арттыру, БАҚ-та билердің жұмысы туралы жариялымдар санын көбейту туралы айта кетті.
Өз кезегінде, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев сот жүйесіне жаңа жылдан бастап енгізілген азаматтық дауларда бітімгершілік рәсімдерін жүргізу кезінде оң нәтижесін беретін «Сотқа дейінгі хаттама» атты жаңашылдықты айтып өтті.
Сонымен қатар, Бабырхан Бекболатұлы облыстық билер кеңесінің төрағасына билердің өсіп келе жатқан ұрпақтармен өзара қарым-қатынасты дамытуда қолдау көрсетуді сұрап, билермен мектепке дейінгі және орта білім беру, тағы басқа да мемлекеттік мекемелерге баруы жергілікті халыққа және балаларға даналық әдет-ғұрып сақтаушы билерді қастерлеу, құрметтеуге серпін беретінін атап өтті.
Оңласын Қарабайұлы аудандық сот төрағасы Бабырхан Әбуевтың бастамаларына қолдау білдіріп, облыстық Билер кеңесінің осы ұсынымдар бойынша жоспарды іске асыруға көмек көрсететінін айтты.
Шара соңында қатысушылар сотқа дейінгі бітімгершілік жөнінде басқа да мәселелерді қозғап, оларға білікті жауаптар қайтарылды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»