Basty bet
Ерекше дауыс иесі
“Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншісі, мәдениет саласының үздігі Бақытжан Әбделиев жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолынан “Үздік мәдениет қызметкері” төсбелгісін алды.
Жастайынан сазгерлік, әншілік қабілетімен танылған Бақытжан Хамзабекұлы 1962 жылы Ақбастау ауылында өмірге келген. Мектеп бітірген соң 1980-1982 жылдары Нахичеваньда әскери борышын өтейді.
Бақытжан Әбделиевтің әкесі Хамзабек бұлбұл дауыс иесі атанған дәстүрлі әнші болған. Москваның төрінде ВДНХ-да “Ардақ” әнін орындап, дүйім жұрттың ықыласына бөленген. Қазақ елінің атынан бірнеше рет халықаралық өнер додаларына қатысып, І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломант атанған әнші, термеші, ақын болған жан. Марқұм Хамзабек Әбделиев мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек сіңірген.
Ұлының бойындағы өнерін байқаған әкесі әскерден келген соң, мәдениет үйіне жұмысқа тұруына себепші болады.
Алғаш еңбек жолын саябақта бақылаушы билет инспекторы болып бастап, мәдениет үйінде өтетін концерттерде домбырамен ән айтып жүріп, көпшіліктің ықыласына бөленеді.
Кейін автоклуб меңгерушісі, мәдениет үйінде режиссердың көмекшісі, “Зерде” автоклубының жүргізушісі қызметтерін атқарған. Жұмыс істей жүріп жоғары оқу орнының өнер факультетінде сырттай оқып бітіреді. Бүгінгі таңда дыбыс режиссеры қызметін атқаруда.
Бақытжан Хамзабекұлының репертуарында патриоттық, лирикалық әндермен қатар термелер де бар. Сонымен бірге көптеген өлеңдерге ән жазған. Бақытжан Әбделиев сазгерлік өнері жайлы естеліктерімен бөліскен еді.
-Жас кезім. Мәдениет үйінде Жәркен Бөдешов “Мен солдатпын” спектаклін қоюға дайындалып жатты. Спектальде “Соңғы талқы” өлеңіне ән жазу керек екен. Содан ол кезде әкем де осы салада еңбек ететін. Әкем маған: “Балам, сенің ән жазатын өнерің бар еді ғой, мына өлеңді көрші” деді.
-Тым көлемді екен,- деп едім.
Жәркен Бөдешов: “Ішінен өзіңе ұнаған шумақтарын таңдап аларсың”,- деді. Сонымен өлеңді қайталап-қайталап оқып едім, ән жеңіл келе қойды. Не керек бұл ән спектакльде орындалып, қойылымның мазмұнын аша түсті.
Тағы бірде аудандық “Жаңа өмір” газетінің қиындысын тауып алдым. Газет қиындысында “Ана” тақырыбында бір өлең шығыпты. Авторы жазылған тұсы жыртылып қалған. Өлеңді оқып едім, сөзі қатты ұнады. Ыңылдап отырып, авторы белгісіз өлеңге де әдемі ән жазылды. Осылай сөзі ұнаған өлеңдерге шығарған әндерім бар.
Кейін ақын, сазгер Мырзахан Ахметовтың “Қорлан”, “Айбала” өлеңдеріне ән жаздым. “Батыр Бауке”, “Шераға” өлеңдеріне де ән жазып, орындап жүрмін,- дейді Бақытжан Хамзабекұлы.
Кейіпкеріміз бірнеше музыкалық аспапта да жақсы ойнай біледі. Бүгінде домбырамен қатар “Бөкейтау” вокальді-инструментальді ансамбльде бас гитарада ойнайды.
-Домбыраны әкемнен үйренгенмін. Әкем ақкөңіл, өте көңілді жүретін жан еді. Ешкіммен ұрысуды білмейтін. Ол кісі менің әкем ғана емес, ұстазым болатын. Бала кезден жанында жүріп өнер үйрендім. Бірақ отбасылық жағдайымызға байланысты мектеп бітіре салып жоғары оқу орнында оқи алмадым.
Сахна деген – киелі шаңырақ. Сахнаға шығу үшін жүрек тазалығы керек.
Өнер – тәрбие құралы. Сондықтан өнер адамы жан-жақты білімді, мәдениетті болғаны абзал. Мен өзім сахнаға шыққанда көкірегімді мақтаныш сезімі кернеп, ерекше сезімде боламын,- дейді әнші Бақытжан Хамзабекұлы.
Бақытжан Әбделиевтің өнер саласында жеткен жетістіктері көп. Ұлы Жеңістің 45 жылдығына орай ұйымдастырылған конкурста лауреат атанған.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталған.
Бақытжан аға бүгінде өнердегі ізбасарларына ағалық ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
-Бақытжан ағаны мен бала кезімнен білемін. Ол кісі “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің алғашқы мүшелерінің бірі. Жұбайы Нұрсұлу апай екеуі бірге қызмет еткен екен. Ол туралы ардагер әріптесімнен еститінмін.
Әкесі Хамзабек Әбделиев мәдениет саласында дәрежесі биік өнер адамы болған.
Бақытжан ағаға ән айту, музыкалық аспапта ойнау тектен келген. Ол кісі көптеген аспаптарда ойнай біледі. Менің білетінім баян, гитара, бас гитара, домбыра, сырнай, шертерде ойнайтыны. Дауысы да ерекше. Вокальда кез келген дауысты алып кете білетін қабілеті де бар.
Сонымен бірге, Бақытжан аға театрда көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдады. Менің есімде қалғаны “Құдалар”, “Жұбайлар шаттығы” спектакльдеріндегі басты рөлдер.
Ұжымда да сыйлы, өзіндік дара орны бар азамат. Адамгершілік қасиеті жоғары, үнемі ұжымды ойлап, тілекші болып жүретін ақжарқын жан.
Ағамыз жақында қызымен бірге кіші қажылыққа барып келді. Ағамыздың ниеті қабыл болсын, біз ол кісі үшін қуаныштымыз,- дейді әріптесі Нәзипа Қаттебекова.
Бақытжан Хамзабекұлы жұбайы марқұм Нұрсұлу Ысқаққызы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде кейіпкеріміз екі келін түсіріп, қызын құтты орнына қондырып, олардан жеті немере сүйіп отыр.
Өнер адамы үшін ең үлкен құрмет – көрерменнің ықыласы. Ерекше дауысымен көрерменнің құрмет-қошеметіне бөлене білген Бақытжан Хамзабекұлына еңбегінің зейнетін ұзағынан көруіне тілектеспіз!
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”