Basty bet

“Халыққа қызмет өмірімнің өзегі болды”

Өткен жұма күні Бақалы ауылдық мәдениет үйінде жазушы, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы, Бақалы ауылының төл перзенті Мақұлбек Рысдәулетті еске алуға арналған “Халыққа қызмет өмірімнің өзегі болды” атты кеш өтті. Кешке жазушының ұл-қыздары, ағайын-туысы, құрдастары, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Еске алу кеші мәдениет үйі өнерпаздарының сахналауындағы “Мақұлбек аға есімізден шықпасын!” атты прологпен басталды.
Көрерменнің назарына кеш иесі туралы “Туған жер” атты бейнекөрсетілім ұсынылды.
Алғысөз аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берілді.
-Бүгін 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Мақұлбек ағамыздың сәулелі ғұмырын еске алуға арналған кешті өткізуді жөн көрдік. Жазушының 75 жылдық мерейтойы облыс, республика көлемінде де аталып өтуде. Алайда кіндік қаны тамған, туып-өскен, білім алған ауылында, тай-құлындай тебісіп қатар өскен құрбы-құрдастарының, ағайын-туысының ортасында ұйымдастырылған шараның орны бір бөлек.
Қасиетті Жуалы жері талай ақын-жазушыларды қанаттандырған өлке. Соның ішінде бүкіл шығармашылығын ел мен жерге, туған өңірі Жуалыға арнаған Мақұлбек ағаның орны ерекше. Сондықтан жазушыны еске алып, рухына Құран бағыштап, еңбегімен, өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау – біздің, артындағы ұрпағының, ел-жұртының парызы,- дей келіп Анар Садыққызы қаламгердің ұлы Нұрқуатқа аудан басшысының атынан ықылас хат пен естелік сыйлық тапсырды.
Кеш барысында Мақұлбек Рысдәулеттің әріптесі Қазақстанның құрметті журналисі, облыстық “Әулие ата” газетінің редакторы Қуаныш Иембердиев, айтыскер ақын, облыстық “Ақ жол” газетінің тілшісі Есет Досалы, “Ақ жол” газетінің аға тілшісі, балалар жазушысы, ақпарат саласының үздігі Марат Құлибаев сөз сөйлеп, Мақұлбек ағаның редакторлық қызметте жүріп саланың дамуына тигізген үлесі, кадрды тәрбиелеуі, оларды бағалауы, адами биік қасиеттері, жұбайы Дәметкен Ахметовамен жарасымды жұбайлық ғұмыры, жас отбасыларға үлгі боларлық сыйластықтары туралы әңгімеледі. Есет Досалы өзінің арнау өлеңін оқыды.
Сонымен бірге бауыры Рахманбек пен жеңгесі Күләйша сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Жазушының үзеңгілес достары, жерлестері Сейітхан Жұмашев, Беспай Қансейітұлы, Аташбек Әмірқұл, Қалдан Назаров, Дәулетжан Байдалиев, тағы да басқа қариялар сөз сөйлеп Мақұлбек ағаның ауылға, жастарға деген қамқорлығы, жанашырлығы, ағалық ақыл-кеңесі туралы айтып, сағынышпен еске алды.
Мәдениет үйінің өнерпаздары белгілі ақындардың кеш иесіне арнаған өлең жолдарын оқып, ән айтып кештің ажарын аша түсті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close