Basty bet

Өңірдің намысын намысты жігіттер ғана қорғайды

жуалылық балуан Азат Рысбек республикалық сынға жолдама алды

Өткен аптада Тараз қаласында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің облыстық іріктеу турнирі өз мәресіне жетті.
Спорттық шара «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалының қолдауымен өтті.
Осыған дейін аудан, ауылдардағы өткен іріктеу сындарында апайтөс балуандар облыс намысын қорғау үшін белдескен болатын. Нәтижесінде, аудандық және қалалық іріктеу сайыстарында қарсыластарынан басым түскен 22 балуанның облыстық турнирде барын сала күрескені анық. Олардың қатарында осыған дейін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде жүлдеге іліккен жамбылдық балуан Айбол Айтбек те бар.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, кейбір балуандардың бабы келсе де, бағы жанбай жатты. Бозкілемде өткен белдесулердің барысында тараздық Ескендір Айдар ІІІ орыннан көрінді. Ал қордайлық Данил Федоров ІІ орын алса, Жуалы ауданының намысын қорғаған Азат Рысбек облыстық іріктеу турнирінің жеңімпазы атанды.
Қасиетті Жуалы ауданының атынан сынға түсіп, намысты қолдан бермеген жерлесіміз Азат Рысбек және Данил Федоров қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық дәстүрлі турнирінде Жамбыл облысының намысын бірге қорғайтын болады.
Жерлестерімізге сәттілік серік болсын, балуандардан тек қана жарқын жеңіс күтеміз!

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close