Basty bet

Шешендік өнер – асыл қазына!

Тарихы тереңнен бастау алатын қазақтың шешендік сөз өнері бүгінде ерекше бағаға ие екені анық. Асыл сөздің қасиетін терең ұғынатын бірден бір халық болса, соның бірегейі біздің халқымыз. Халық шежіренің дәлелді де баға жетпес ақиқатына айналған шешендік сөз өнері еліміздің арманды болашағынан, үмітті күндерден сыр шертеді. Жалпы халықтың дәстүрлі шешендік сөздері – халық даналығын, ұлылығын, тұңғиық тереңдігін, парасат-пайымын, рухани байлығын паш етер таптырмас, өшпес қазына.

Бабалардан қалған осынау асыл қазынаны жаңа заманға сай қайта жаңғырту ісі де үлкен маңызға ие. Осыған сәйкес, қазіргі таңда ел өңірлерінде бірқатар шаралар атқарылу үстінде. Билер кеңестері құрылып, бабалар дәстүрі қайта жаңғыртылуда. Бұл – ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті арттырып, қоғамның тұрақтылығын сақтауға игі әсер етуде. Өткен жұма күні «Достық» мәдениет үйінің кіші залында аудандық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің ұйымдастыруымен «Шешендік өнер – асыл қазына» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Бабалардан қалған асыл қазынаны, аталар жолын жалғастыру ісін, ел ішіндегі, өңірдегі тұрақтылықты арттыруды басты мақсат еткен іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің ауылдық округтердегі бастауыш ұйымдарының төрағалары, билер, әкелер кеңесі және аналар алқасының төрағалары шақырылды. Жиынның жұмысына Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов және төрағаның орынбасары Талғат Жұмабеков қатысты.
Дөңгелек үстелді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды.
-Шешендік сөз – қазақтың жанымен біте қайнасып жатқан ұғым. Сондықтан халқымызда шешендік өнер жоғары бағаланады. Батырлар жыры, тарихи аңыздар, әншілік, күйшілік өнер, айтыс – жалпы қазаққа тән ұлттық ерекшеліктің бәрі осы ұғыммен астасып жатыр.
Шешендік сөздер мән-мағына-сының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді. Шешендер сөзі – халқымыздың тілдік қазынасы. Ол көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне ұқсас болып келеді.
«Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» деген бұлжымас қағиданы берік ұстанған би бабаларымыз әділдігі мен шешендігін ұштастыра отырып, ел арасындағы небір шиеленіскен қиын дауларға әділ төрелік айтқанын жақсы білеміз. Олардың бұл дара қасиеттері елшілік қабілеттерге ұласып, ел басына туған небір қиын-қыстау кезеңдерде тығырықтан жол тауып шығуына себепші болғаны да тарихтан белгілі. Бір заманда тұстас өмір сүрген дана бабаларымыз – Әз Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, қара қылды қақ жарған Әйтеке бидің ұрпақ болашағының жарқын болуын армандап, сол жолда жанын қиған даналарымыздың ісі бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Бүгін ауданда өткізіліп жатқан «Шешендік өнер – асыл қазына» атты іс-шараның да бабалар дәстүрін жаңғырту ісінде маңызы зор,- деді Сейітхан Шерелханұлы.
Дөңгелек үстел отырысының тақырыбында айтылып тұрғандай, іс-шараның барысында шешендік өнер және билер туралы бірнеше баяндама оқылды. Атап айтқанда, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев «Шешендік сөз – асыл қазына», аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары Нұржан Манасұлы «Көркем сөйлеу – жүйрік ойдың жемісі», №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Тәжікенова, «Жиренше – қазақ шешендерінің атасы», аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, тарихшы, ақын Дәулетжан Байдалиев «Төле би – ақылды, әділ, халық қамын ойлаған қайраткер», Қарасаз ауылдық округінің Аналар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Айгүл Омарова, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов «Әйтеке би – сылқым сөздің шебері, майталман, шешен, әділ би» және «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы қажы Медетбеков «Бөлтірік Әлменұлы – Құдай рақмет қылсын Бөлтірік биге. Кісі болса, сондай болсын!» тақырыптарында көлемді баяндамалар жасап, дөңгелек үстел отырысында талқыланған тақырыпты жан-жақты ашуға тырысты. Бір сөзбен айтқанда, баяндамалардың барлығы шараға қатысқан азаматтардың көңілінен шықты деп айтуға болады.
Жиынның қорытындысында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов дөңгелек үстелдің аса мәнді әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын баса айтып, шешендік өнерді ел ішінде кеңінен насихаттап, оның дәрежесін арттыруға үлес қосып жүрген аға буынның өкілдеріне зор алғыс білдірді.
Бабалар жолы – ұрпағына үлгі-өнеге, адастырмас темірқазық. Олардың салып кеткен сара жолын лайықты жалғастыру міндеті де жас ұрпаққа тиесілі маңызды шаруа. Бұл орайда ел ішінде татулық пен ауызбіршілікті сақтау, халық арасындағы ынтымақ-бірлік қағидаттарын арттыру ісінде қасиетті Жуалы ауданында құрылған Билер кеңесінің қоғамдағы рөлі зор деп айтуымызға болады. Билер кеңесі өз кезегінде өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне етене араласып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттаумен қатар, ел ішіндегі даулы жағдайларды, оның ішінде, түрлі тұрмыстық-отбасылық мәселелердің оң шешімін табуына өздерінің мол үлестерін қосып отыр.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close