Basty bet

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН

Қазіргі таңда гипспен жұмыс жасау дамып келе жатқан қолөнер түрі. Халық сұранысына байланысты кәсіптің көзін тапқандар жетерлік. Кез келген жаста кәсіп бастауға ешкім шектеу қойған емес. «Кәсіп нан сұрамайды, ол өзі тамақтандырады» деген, ақтөбелік Меруерт Мергенбайқызы гипстен түрлі кәдесый, заманауи үлгідегі тойбастар, түрлі қобдиша, ваза, банбанерки, сабын розасы, қыз-келіншектерге арналған жиынтық жасауды табыс көзіне айналдырған.

Меруерт Ақтөбе ауылында туып-өскен. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін информатика пәнінің мұғалімі мамандығымен тамамдап, ең алғашқы еңбек жолын халыққа қызмет көрсету орталығында бастаған. Одан кейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде, №25 Ақтөбе тірек мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Оның жалпы еңбек өтілі – 13 жыл.

Қазіргі таңда  ол Ақтөбе ауылдық кітапханасының әдіскері болып жұмыс жасауда.

-2017 жылы кондитерлік курсқа қатыстым. Сонда түрлі кәсіппен айналысатын қыздармен араласып, сол арқылы қызығушылығым оянды. Түрлі мастер-кластарға қатысып, үйрендім. Осы қызығушылығымды кәсіпке айналдыруды ұйғардым, ғаламтордан гипстен түрлі бұйым жасау жолын үйреніп, өз бетімше жұмыс жасай бастадым. Бүгінде жеке парақшама дайын өнімдерді салып, жарнамалау  арқылы тапсырыс қабылдап отырмын.

Ең алғашқы тапсырысым 150 дана банбанерки болған. Бұл кәсіпті бастағаныма жеті жыл болды. Ауыл тұрғындарынан басқа аудан, еліміздің әр аймағынан да тапсырыс беретіндер көп. Көбіне той жасайтын кісілер заманауи үлгідегі тойбастарларға тапсырыс береді. Ең көп жасаған тапсырысым – 250 дана қобдиша.

Айналысып жатқан қолөнер кәсібім төзімділікті, сабырлықты, әсемдікті қажет етеді. Тапсырыс берген әрбір адамның талғамына сай дүние жасау үлкен жауапкершілік. Сондықтан ізденіс үстінде жүремін.

Болашақта бастаған кәсібімді одан әрі қарай дамытамын деген ойдамын, – дейді жас кәсіпкер.

Өз ісінің шебері Меруерттің кәсібіне қолдау білдіріп, демеу болып отырған – әкесі мен анасы. Тапсырыстарды уақтылы орындауға бауырлары да көмек көрсетеді.

Бүгінде оған тапсырыс берушілер саны артып отыр. Себебі, әрбір отбасы қуанышын тойлауда Сондықтан да, мұндай тың кәсіпті дөңгелете алған кісінің тасы өрге домалайтыны белгілі. Меруерттің шағын кәсібі күннен-күнге кеңейіп, жұмысының оңға басуы оның іске икемінің әрі тынымсыз еңбекқорлығының арқасы.

 

Лаура МҰСАБЕКОВА,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close