Basty bet

ҰЛЫ ЖЕҢІС – ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ, ЖАС ҰРПАҚҚА ҮЛГІ!

қасиетті өңірде Ұлы Жеңіс мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді

Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл толып отыр. Бұл – ел өміріндегі орны мен маңызы бөлек, айтулы мерекелердің бірі екені анық. Майдан даласында қан кешіп, ақтық демі қалғанша елін қорғап, Отанды қас дұшпаннан сақтап қалған батыр ата-бабалардың әзіз рухы пейіште шалқысын.

Өткен аптада 9 мамырдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар легі ауданда да жоғары деңгейде өтті. Әлбетте, сөз басында қасиетті өңірде ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралардың қоғам мен жас ұрпақтың болашағына тәлімді-тәрбиелі болғанын айтқымыз келеді. Мереке күні ауданның орталығында «Ұлы Жеңіс – Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі!» тақырыбында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Онда ең алдымен аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған ардагерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары мен мекеме басшылары, қызметкерлер және жергілікті жұртшылық Мәңгілік алау ескерткіш-монументіне гүл шоқтарын қойып, батыр бабалар мен Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданда ерлікпен қаза болған жуалылық ардагерлердің әзіз рухтарына тағзым жасап, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сөз жоқ, Ұлы Жеңіс – қасиетті Отанды қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгілік жазылып қалғаны анық. Ар мен намысты, Отанға деген адалдық, туған ел мен туған жерге деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батыр бабалардың қаһарман рухына тағзым – ардақты парызды орындап, асқақ даңққа қосқан үлесіміз болмақ.
Мәңгілік алау ескерткіш-монументіне гүл шоқтары қойылғаннан кейін ауданның бас имамы Ғалымжан қажы Қонақбаев Ұлы Отан соғысында қаза болған барша майдангер-ардагерлердің рухына бағыштап қасиетті Құран сүрелерін оқыды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік жиын ары қарай орталық алаңда жалғасып, онда жиналған қауымды аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтады.
-Құрметті ардагерлер және тыл еңбеккерлері!
Ұлы Жеңіс күнінде – батыр бабалардың ерлігіне тағзым етудің, бабалар ерлігін жас ұрпаққа аманат етудің маңызы өте зор. Бұл – бейбітсүйгіш халқымыздың ерлігі мен төзімінің, батырлардың жанқиярлық күресінің мәңгілік естелігі. Соғыс жылдары 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанса, оның ішінде жуалылық жауынгерлер де Отан шебін жаудан күзетіп, қаһармандық көрсетті.
1941–1945 жылдары қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, ең қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 1945 жылы 30 сәуірде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Осынау даңқты ерлігі үшін Қошқарбаев сол кезде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Ұлы Отан соғысының қан майданында ел қорғаған даңқты жуалылықтардың қатарында гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий және Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Сөйтіп жуалылық батырлар саны алтыға жетті. Ал қатардағы жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан.
Биыл республика көлемінде есімі ел тарихы мен жұртшылықтың жадында мәңгі сақталған, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы атап өтілуде.
Қадірменді көпшілік!
Биыл 7 мамыр күні Астана қаласында Жеңістің 80 жылдығына арналған, майдангерлердің ерлігіне тағзым ету, Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш-айбынын көрсету мақсатында ұйымдастырылған әскери парадқа біздің ауданнан тыл ардагері Лидия Захаровна қатысты.
Әскери парадта сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз» деп, ел әскеріне деген құрмет пен сенімнің ерекше екенін атап өтті.
Сұрапыл соғыс жылдары тылда еңбек еткендердің де еңбегі елеусіз қалған емес. Мемлекет басшысының «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» бірыңғай мерекелік медалі туралы» Жарлығына сәйкес, ауданың 88 тыл ардагері мерекелік медальмен наградталды. Ардагерлерге жыл сайын біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді.
Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдық пен жанқиярлық – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Отан үшін от кешіп, бейбіт күн үшін жанын қиған батырларды жас ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Оларды жыл сайын еске алып, рухына тағзым ету – біздің басты парызымыз.
Ата-бабалардың жанқияр ерлігімен келген жеңістің тарихи маңызы ұрпақ санасында мәңгілік сақталады. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасына амандық, елімізге бейбіт ғұмыр тілейміз,- деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Жеңіс мерекесіне арнайы дайындалған концерт көпшіліктің назарына ұсынылып, онда жерлесіміз, ұлағатты ұстаз Күміс Пармашқызы жетекшілік ететін Ақ әжелер ансамблі өнер көрсетті. Жиында биыл мерейлі 85 жасқа толған жерлесіміз К.Пармашқызына аудан жұртшылығының атынан сый-сияпат көрсетілді. Айта кету керек, концерт барысында соғыс жылдарындағы және Жеңіс тақырыбындағы әндер әуелеп, тақырыптық композициялар қойылды.

***
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – ел өміріндегі айтулы оқиғаның бірі екені анық. Жеңісті жақындатып, елде бейбіт өмірдің орнығуына батыр бабалармен қатар, тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің де қосқан үлесі мол.
9 мамырдағы Ұлы Жеңіс күніне орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандағы бірқатар тыл ардагерлерін мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады. Аудан басшысы ең алдымен аудан орталығында тұратын тыл ардагері, СССР қаржы жүйесінің үздігі, Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ел ағасы Жарас Мұратайұлын Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Қасиетті Әулиеата өңірі мен Жуалы ауданының дамуына үлес қосқан айтулы азамат Жарас Мұратайұлына зор денсаулық, отбасына амандық тілеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза ардагерге Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекелік медалін табыстады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, тыл ардагері Нартай Қалтаевты да құттықтап, сый-сияпатпен бірге, Жеңістің 80 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальді табыстады.
Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан қос қария мерекемен құттықтаған аудан басшысы Жалғас Әлижанұлына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа алғыс білдірумен бірге, елдің аман, Отан іргесінің бүтін болуын тілеп, аталық ақ баталарын берді.
***
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні ауданға қарасты Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында Даңқ алаңы салтанатты жағдайда ашылды.
Қуанышты оқиғаға байланысты туған ауылға жиналған азаматтардың қатары көп екені байқалады. Даңқ алаңының ашылуына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған ардагерлер, ауыл азаматтары мен көпшілік қауым ескерткіш-монументке гүл дестелерін қойды.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін құттықтау сөз алған аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы жиналған көпшілікті Жеңіс мерекесімен құттықтап, ауылда ашылған ескерткіш-монументтің жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін және Көлтоған ауылынан түлеп ұшқан азаматтардың ауызбіршілігі көпке үлгі-өнеге екенін ерекше атап көрсетті.
Даңқ алаңындағы ескерткіш-монумент салтанатты жағдайда ашылып, мерекелік жиында сөз сөйлеген азаматтардың барлығы көпшілікке ізгі тілектерін білдіріп, осынау игілікті істің басы-қасында жүрген елжанды, туған ауылға жанашыр азаматтарға алғыс білдірді.
Иә, баса айта кететін болсақ, Даңқ алаңында еңселі ескерткіш-белгі қойылып, оның жанында ұзындығы 30 метрден асатын құрмет тақтасы орнатылған. Онда Ұлы Отан соғысындағы майдан даласында қайтыс болған, жалпы ауылдан соғысқа аттанған ардагерлердің, еңбек ардагерлерінің, ауылдың дамуына еңбек сіңірген азаматтардың, сонымен қатар алтын құрсақты аналардың, т.б. өнегелі азаматтардың есімі мәрмәр тақтаға қашап жазылған. Бір сөзбен айтқанда, мұның барлығы жас ұрпақтың аға буынның еңбегі мен ерлігінен үлгі алуға әрі ерлікке тағзым жасау мақсатында қолға алынған.
Ескерткіш-монументтің бой көтеруіне «Қамқор-Көлтоған» қоғамдық қоры басты мұрындық болды. Ауылда өткен мерекелік жиында аталған қордың төрағасы, елжанды азамат Ғани Рүстембеков құттықтау сөз сөйлеп, қордың белсенді мүшелерін және игілікті іске жанашырлық танытып, қол ұшын берген азаматтарға қордың атынан Алғысхат пен сый-сияпат табыстады. Одан бөлек, саябақты ағымды жөндеуге аудандық бюджеттен қаржы-қаражат қарастырылған. Көлтоған ауылындағы осынау игілікті істің атқарылуында ауылдық округтің бұрынғы әкімі Бауыржан Абдалиевтың да еңбегі бар.
Мерекелік жиынның соңы ауылдан шыққан эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close