Basty bet

Мемлекеттің тірегіне айналған мәртебелі мамандық

ауданда мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесі атап өтілді

Елдің абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші міндетін абыроймен алып жүру – мәртебелі міндет екені белгілі. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны – Қазақстан Республикасы мен оның халқына адал қызмет етуімен ерекшеленеді. Бұл мақсатта жыл өткен сайын мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасы да жақсарып, сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар да жоғарылауда.

Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, елдің іскерлік қабілетін көрсетеді. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды. Осыған сәйкес, Президенттің 2013 жылғы желтоқсандағы Жарлығымен 23 маусым «Мемлекеттік қызметшілер күні» кәсіби мерекесі болып бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп атап өткеніндей, мемлекеттік қызметшінің ең басты міндеті – халыққа барынша адал қызмет ету. Әділдік, өз жұмысына деген жауапкершілік, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің тікелей міндеті. Демек, халық арасында мемлекеттік қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділіктің қалыптасуы баршаға артылған жауапкершілік.
Халықтың сенімі мен құрметіне бөлену оңай шаруа емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз. Мемлекеттік қызметшінің бойында кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұруы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір ант қабылдаған мемлекеттік қызметші осынау маңызды қағиданы берік ұстануы тиіс. Елдің игілігі үшін халық қамын ойлап, кез келген жағдайда мемлекеттің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті.
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні, сонымен қатар, 24 маусым – Судья, сот саласының кәсіби мерекелеріне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Судья және сот саласының мамандары!
Сіздерді ел дамуында ерекше орын алатын қос бірдей кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен мемлекеттік басқару саласында және сот жүйесінде ауқымды реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл маңызды реформалар өз кезегінде Президент жария еткен «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» іргелі қағидатының негізінде жүзеге асырылу үстінде. Елімізде, оның ішінде, ауданда да адам капиталын дамыту, цифрландыру және бюрократиялық кедергілерді азайту, қызметшілердің кәсібилігін арттыру бағытында елеулі жұмыстар атқарылды.
Мемлекеттік қызметте адалдық пен ашықтық, меритократия, икемділік, үздіксіз оқыту, халыққа бағдарлану, прагматизм, жауапкершілік және есептілік қағидаттары қатаң басшылыққа алынды. Ауданда мемлекеттік қызметшілер Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының аясында құқық үстемдігін қамтамасыз етіп, «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстанып келеді.
Мемлекеттік қызмет саласында қағазбастылықтан арылу мақсатында аудандағы 149 мемлекеттік қызметкердің барлығы жасанды интеллект дағдыларын меңгеру курстарынан өтті. Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңына сәйкес, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі толықтай цифрлық форматқа көшіріледі.
Құрметті әріптестер!
Мемлекетік қызметті атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан Сіздерге көрсетілген ерекше сенімнің білгесі. Кәсіби біліктілік танытып, адал еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарған нәтижелі жұмыстарыңыз үшін барша әріптеске шынайы алғыс білдіремін,- деді Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде.
23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай өзіне жүктелген міндеттерді кәсіби біліктілікпен әрі адал орындағаны үшін бірқатар мемлекеттік қызметші Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхаты, Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен, Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен марапатталды. Атап айтқанда, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы К.Төреқұлов Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталса, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Н.Саурбаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы, аудандық мәслихаттың бөлімше басшысы С.Бекмұрзаеваға Жамбыл облысының Құрмет грамотасы, сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бөлімше басшысы Н.Мұратовқа және Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Г.Сұлтанбаеваға облыс әкімінің Алғысхаты табысталды.
Айта кету керек, салтанатты жиында әкімшілік мемлекеттік лауазымда жұмыс атқарып жүрген бірқатар үлгілі жас мемлекеттік қызметшінің ата-аналарына Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтың Құттықтаухаттары табыс етілді. Сонымен қатар, жиында Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесіне арналған облыстық спартакиадада командалық есепте бірінші орын алған Жуалы ауданының командасы, сонымен бірге, жекелеген спорттың түрлерінен жоғары нәтиже көрсеткен мемлекеттік қызметшілер Дипломмен марапатталды.

Таңдаулы материалдар

Close